Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2336 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/2336 Қ А У Л Ы

2025 жылғы 15 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова,

судьялар Д.Д. Махметова, А.К.Айкенова,

талап қоюшы Қ.И. Алиевтің, оның өкілі С.С. Тлеужанованың, жауапкерлердің өкілдері А.М. Махашевтің, Б.М.Темірбековтің, Қ.Қ.Мадиевтің қатысуларымен, бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Қаныш Исаметович Алиевтің Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Министрлігі «Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция Комитеті» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаменті» мемлекеттік мекемесіне №27 Н санды 2025 жылғы 14 ақпандағы, №28 Н санды 2025 жылғы 18 ақпандағы, №35 ж/қ санды 2025 жылғы 6 наурыздағы бұйрықтарды жарамсыз деп тану және бұзу, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік істері агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп кеңесінің 2025 жылғы 14 ақпандағы №03-9/7 санды шешімін жарамсыз деп танып бұзу туралы талабы бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,

Қ.И. Алиев сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен жүгінген.

Жамбыл облысының Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Осы соттың ұйғарымымен Жамбыл облысындағы Әдеп кеңесінің 2025 жылғы 14 ақпандағы №03-9/7 санды шешімді жарамсыз деп тану және бұзу туралы талап қоюының бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдедегі қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда соттар материалдық және процестік нормалары дұрыс қолданбағандығын көрсетіп, қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Өйткені оған қатысты тәртіптік жаза қолдану кезінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» (бұдан әрі - Заң) Заңының 44-бабының, 45-бабының 1-бөлігінің талаптары өрескел бұзылған, шағым тікелей басшылыққа түскен, анықталған күн - 2024 жылғы 2 шілде, одан бері 7 ай 17 күн өткендіктен тәртіптік жауапкершілікке тарту заңсыз.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» РММ-нің өкілі

қарсылығында кассациялық шағымды қанағаттандырусыз, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушыларды тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері өзгеріссіз қалдыруға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК), Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі), Заңның талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге соттар заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай Қ.И. Алиев «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің басшысы болып 2021 жылғы 29 наурыздан бастап қызмет атқарған.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Министрлігі «Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция Комитеті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Комитет) төрағасының «2024 жылы өсімдіктер карантині саласында мемлекеттік қызметтер көрсету саласына ішкі мемлекеттік бақылау жүргізу туралы» №231- Н 2024 жылғы 27 қарашадағы бұйрығымен 2024 жылға арналған өсімдіктер карантині саласында мемлекеттік қызметтер көрсету саласына ішкі мемлекеттік бақылау жүргізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Бекітілген жоспарға сәйкес Комиссия: Ә.Қ. Қадырбаева - Халықаралық байланыстар және цифрландыру басқармасының басшысы, Р.Қ. Қабдоллаев, А.Р. Амирқұл - Өсімдіктер карантині басқармасының бас сарапшылары Комитеттің Жамбыл облысының облыстық/қалалық/аудандық аумақтық инспекцияларымен өсімдіктер карантині саласында көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына ішкі мемлекеттік бақылау 2024 жылғы желтоқсан айында жүргізген.

Бақылау нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша 2024 жылғы 13 желтоқсанда тиісті акт рәсімделініп, Жамбыл облысының аумақтық инспекцияның және Комитет басшылығына ұсынылған.

Комитеттің төраға орынбасары С.С. Сакмолдиннің 2024 жылғы 18 желтоқсандағы №-18/1634-ВН Комитет төрағасының м.а. С.Ә. Қаныбековке қызметтік жазбасында өрескел түрде заң бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік карантиндік инспекторлардың жұмыс барысына тиісті деңгейде бақылау мен қадағалау жұмыстарын ұйымдастырмағаны үшін облыстық

аумақтық инспекция басшысы мен оның орынбасарының және аудан басшыларының тиісті түсініктемелерін алдыртып, тәртіптік жауапкершіліктерін жан-жақты қарастыруға және заң аясында тиісті шешім шығарып, бұйрықтың көшірмесін Комитетке жолдауға тапсырма беруді сұраған.

2025 жылғы 15 қаңтардағы №9 Н Комитеттің бұйрығымен, қызметтік тергеп-тексеру тағайындалған.

2025 жылғы 13 ақпандағы №5 Комитеттің хаттамасына сай, тәртіптік комиссия ашық түрде дауыс беру жолымен Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшысы К.И. Алиевке сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды сұраған.

2025 жылғы 14 ақпандағы №27 Н Комитеттің бұйрығына сәйкес, бағынышты облыстық, қалалық, аудандық аумақтық инспекцияларымен көрсетілген мемлекеттік қызметтер саласында жіберілген бұзушылықтар бойынша, яғни бақылау мен қадағалау және ұйымдастыру іс-шараларын тиісті дәрежеде жүргізбегені (жүктелген қызметтік міндеттерді тиісінше орындамағаны) үшін К.И. Алиевке сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес К.И. Алиевтің тарапынан Заңның 10бабының 12) тармақшасының, 13-бабының 1-тармағы 5) тармақшасының, 49бабының 1, 2-тармақтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 6-тармағы 8) тармақшасының, 8-тармағы 1), 5) тармақшаларының талаптары сақталмағандығы жөнінде 2025 жылғы 14 ақпанда қорытынды жасап, оған «атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынған. Комитеттің 2025 жылғы 19 ақпандағы №28 Н бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде көзделген мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын бұзғаннан көрініс тапқан жасаған тәртіптік теріс қылық үшін К.И. Алиевке атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.

Комитеттің 2025 жылғы 6 наурыздағы №35 ж/қ бұйрығына сай, Қазақстан Республикасының заңдарында белгілінген міндеттерді және (немесе) шектеулерді сақтамағаны үшін мемлекеттік әкімшілік қызметші К.И. Алиев атқаратын мемлекеттік лауазымынан 2025 жылғы 6 наурыздан бастап шығарылған.

Жергілікті соттар талап қоюшы тарапынан бақылау мен қадағалау және ұйымдастыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегені жауапкер тарапынан ұсынған, тексеру кезінде жоғарыда көрсетілген кемшіліктер орын алғанын растайтын тиісті құжаттармен өз дәлелін тапқаны жөнінде дұрыс тұжырым жасаған.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 14 ақпандағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында К.И. Алиевке қатысты жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің қорытындылары қаралған.

Талап қоюшыға қатысты тәртіптік іс қозғау және қызметтік тергептексеру жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы басшысының 2024 жылғы 25 шілдедегі №68/045-вн қызметтік жазбасы, сондай-ақ Комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекция қызметшілері Т.Д. Альмежановтың және басқалардың ұжымдық шағымы негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижелері негіз болған.

Жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің нәтижелерін қарай келе, Әдеп жөніндегі кеңес К.И. Алиевтің тарапынан қызметтік іс-сапар жөніндегі бұйрықсыз, жұмыс уақытынан тыс мезетте қызметтік автокөлікті негізсіз пайдалану арқылы Қордай ауданына барғаны Заңның 10-бабының 12) тармақшасы, 13-бабының 1-тармағы 5) тармақшасы, 49-бабының 1, 2- тармақтары сақталмағандықтан оған «атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынған.

Жергілікті соттармен талап қоюшы тарапынан аталған заң талаптары бұзылған деп негізді қорытынды жасалған. Заңның 45-бабының 4-тармағына сәйкес тәртіптік жауаптылық туралы мәселені қарау және тәртіптік жазаны қолдану мерзімінің өтуі осы баптың 3- тармағында көрсетілген жағдайларда, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу не әкімшілік іс жүргізу кезеңінде, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылығы мәселесін шешуге әсер ететін сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.

Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының (ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген, бұдан әрі - Қағидалар) 27-тармағына сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметші лауазымын төмендету немесе қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту түрiндегi алынбаған жазасы бола тұра жасалған терiс қылық өрескел терiс қылық болып табылады, ол үшін атқаратын лауазымынан босату түрiндегi жаза қолданылады. Өз кезегінде, қызметтік тергеп-тексерудің барысында, К.И.Алиевке қатысты қолданылған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны (Комитет төрағасының м.а. 2024 жылғы 6 мамырдағы №107Н бұйрығы) заңсыз деп тану туралы Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына талап-арыз жолданғандығы жөнінде белгілі болды.

Осы орайда, К.И.Алиевтің «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы оның жауаптылығы мәселесін шешуге әсер етуіне байланысты, Департамент тарапынан жоғарыда аталған талап-арыз бойынша сотпен қабылданған шешім туралы хабардар ету жөнінде тиісті сұрау жолданды. Сонымен қатар, Қағидалардың 53-тармағының 7) тармақшасына сәйкес қызметтік тергеп-тексерулер қызметтік тергеп-тексерулерді жүзеге асыруға қажетті материалдар мен ақпарат беру туралы сұрау салу мемлекеттік

органдарға, лауазымды адамдарға және өзге де субъектілерге жіберілген кезеңде тоқтатыла тұрады.

Осыған орай, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес К.И.Алиевке қатысты қызметтік тергеп-тексерудің жүргізілуі уақытша тоқтатылған. Әрі қарай, Инспекция тарапынан сотпен қабылданған шешім туралы, сондай-ақ аталған шешімге апелляциялық шағым келтіру бойынша Департаментке тиісті хаттар жолданған. Сот тарапынан түпкілікті шешім қабылдау жөніндегі ақпарат Департаментке Комитеттің 2024 жылғы 17 желтоқсандағы №18-08-20/1650-И хатымен келіп түскен, сондай-ақ аталған хатпен К.И.Алиевке 2024 жылдың желтоқсан айының 17 мен 31 күндері аралығында еңбек демалысы берілгендігі туралы хабарланды.

Осыған орай, К.И.Алиевке қатысты қызметтік тергеп-тексерудің жүргізілуі қайта жалғастырылып, Қағидалардың 53-тармағының 2) тармақшасына (қызметшінің еңбек демалысында болуына байланысты) сәйкес қайта уақытша тоқтатылған. Әрі қарай, қызметтік тергеп-тексерудің жүргізілуі Комитеттің 2025 жылғы 5 қаңтардағы №18-08-23/3 хатының негізінде а.ж. 5 қаңтарынан бастап түпкілікті қайта жалғастырылып, 6 қаңтар күні аяқталды. К.И.Алиевке тәртіптік жаза қолданудың мерзімі сотқа талап қою берілгеннен бастап сот шешімі заңды күшіне енген уақытқа дейін және Ереженің 22-тармағына сәйкес тәртіптік іс қызметшінің еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде тоқтатылған. Сондықтан жергілікті соттардың талап қоюшыға қатысты тәртіптік жаза қолдану мерзімдері өтпеген деген тұжырымдары дұрыс.

Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот жергілікті соттардың К.И.Алиевтің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы түйінімен келіседі.

Басқа шағым уәждері бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сондықтан

сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші А.К. Рамазанова судьялар А.К. Айкенова Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.