КСАД РК - Постановление от 08.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1906 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 8 қазан 6003-25-00-4к/1906 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,

прокурор Р.Б.Казмуханбетовтың, талап қоюшының өкілі Е.К.Тастанбековтың, жауапкердің өкілі А.С.Калыбекованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Шухрат Султаналиевич Имамрасуловтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) қатысты іс-әрекетін заңсыз деп тану, талап арызды заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі ұйғарымымен талап қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпау салдарынан қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымдарымен келіспейтінін көрсете отырып, олардың күшін жойып, істі мәні бойынша қайта қарауға жолдауды сұраған. Мүдделі тұлғалар Төле би ауданының әкімдігі (бұдан әрі – Әкімдік) және «Төле би ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Төле би ауданының жер қатынастары бөлімі) Астана қаласына бара алмауына байланысты сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхатпен жүгінген. Алайда бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы барлық тұлғалар алдын ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс бойынша анықталған мән-жайлардан көрініп тұрғандай, «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Жер инспекциясы) Төле би ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 7 қарашадағы №439 қаулысын, кадастрлық №19-298-080-2616 сәйкестендіру актісін, 2017 жылғы 8 қарашадағы №64 жер телімін жалға беру шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап қоюмен жүгініп, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 14 қаңтардағы шешімімен Төле би ауданының жер қатынастары бөлімі мен Ш.С. Имамрасулов арасында жасалған 2017 жылғы 8 қарашадағы №64 жер учаскесін жалға беру шарты жарамсыз деп танылған.

Талап қоюдың басқа бөлігінде іс бойынша іс жүргізуді тоқтатылған.

Ш.С. Имамрасулов 2020 жылғы 2 желтоқсанда Төле би ауданының әкіміне өзіне балық шаруашылығын жүргізу үшін 10 жылға ұзақ мерзімге өтеулі уақытша жерді пайдалану құқығымен берілген 1,0 гектар жер учаскесін ауданның арнайы жер қорына қайтару туралы арызымен жүгініп, салдарынан Төле би ауданы әкімінің жерді арнайы жер қорына қайтару туралы 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №434 қаулысы қабылданған.

Ш.С.Имамрасулов осы іс бойынша талап қоюымен сотқа жүгіне отырып, Жер инспекциясы тарапынан сотқа талап қоюмен жүгіну бойынша іс-әрекетін және талап арызды заңсыз деп тануды сұраған. Төмен тұрған соттар талап қоюды қайтара отырып, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен реттелмейді және әкімшілік талаптың мәні болып табылмайды деген қорытындыға келген.

Кассациялық сот бұл қорытындымен келіседі және оны негізді, заң талаптарына әрі істің нақты мән-жайларына сәйкес деп келесі себептермен есептейді.

ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ӘРПК-де көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

Жария-құқықтық қатынастар құқық субъектілері арасында, қатысушылардың бірінің басқа билік өкілеттіктеріне қатысты іске асырылуына байланысты туындайды.

ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында әкімшілік акт ұғымына түсіндірме беріліп, оған сәйкес, жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім танылады.

ӘРПК-нің 4-бабының 1-бөлігінің 3) тармақшасында әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) ұғымы айқындалған, яғни ол әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі) болып табылады.

Төмен тұрған соттар талап қоюшының Жер инспекциясы тарапынан сотқа талап қоюмен жүгіну бойынша іс-әрекетін және талап арызды заңсыз деп тану туралы талабы әкімшілік акт немесе әкімшілік әрекет болып танылмайды деген тұжырымы жоғарыда көрсетілген нормаларға сәйкес дұрыс болып табылады.

Бұзылған құқықтарды сот арқылы қорғау құқығы әркімге тиесілі, және бұл құқықтың азаматтық іс жүргізу тәртібімен берілген талап арызды әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен заңсыз деп тану туралы талап қою арқылы шектелуіне жол берілмейді.

Кассациялық соттың қорытындысы бойынша мемлекеттік органның талап қоюмен сотқа жүгіну әрекеті сот тәртібімен даудануға жатпайды, өйткені сотқа жүгіну құқығы шектелуге жатпайтын конституциялық құқық болып табылады. Мемлекеттік орган талап қою кезінде өзіне заңнамамен жүктелген өкілеттіктер мен міндеттер шегінде әрекет етеді.

Осыған байланысты, кассациялық сот ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіз бойынша іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпағандықтан, талап қою қайтарылуға тиіс деген қорытындыға келеді.

Кассациялық шағым берушінің бірінші сатыдағы сот талап арызды қайтару мерзімдерін бұзды деген уәждері кассациялық сотпен негізсіз деп танылады, өйткені бұл уәждер процестік құқық нормаларын дұрыс түсінбеуден және оларды қате қолданудан туындаған. ӘРПК 1-бабының үшінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес, егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде АПК-нің ережелері қолданылады.

ӘРПК-де талап арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау институты көзделмеген. Әкімшілік сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалатыны ӘРПК-нің 131-бабының 1-бөлігінде көзделген. Әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі (ӘРПК-нің 146-бабының бірінші бөлігі).

Көрсетілген нормаға сәйкес, әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалып, осы әкімшілік талап қою талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімдерде қайтарылуы мүмкін.

Осыған байланысты төмен тұрған соттар тарапынан әкімшілік талап қоюды қайтару кезінде процестік заңнама нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Жеке шағымда келтірілген уәждер жаңа мән-жайларды қамтымайды және негізінен сотпен жан-жақты зерттелген іс бойынша дәлелдемелер мен мән-жайларды қайта қарауға бағытталған. Осыған орай, кассациялық сот АПКнің 426-бабының екінші бөлігіне сәйкес, төмен тұрған соттар талап қоюды заңды түрде қайтарған, сондықтан шағымданған сот ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.