ВС РК - Постановление от 06.06.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2249 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 06 маусым 6001-23-00-6ап/2249 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар -Ш.Т.Даниярова, Ғ.Ө.Әлжанов болып,

жауапкер өкілінің Д[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] жауапкер Батыс Қазақстан облысы «Орал қаласының әкімдігінің Ж[...] қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің, «Орал қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 наурыздағы шешіміне және Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 маусымдағы қаулысына талап қоюшы Н[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н[...] жауапкерлерге Батыс Қазақстан облысы «Орал қаласының әкімдігі Ж[...] қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің, «Орал қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің қорытындысы заңсыз деп тану туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 наурыздағы шешімімен талап қоюлары қанағаттандырылудан бас тартылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі сотқа жаңадан қарауға жолдауды және жауапкерлерден оның пайдасына 500000 теңге моральды және материалдық зиянды өндіртіп беруге сұраған.

Талап қоюшы сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іскеқатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы жауапкердің өкілінің қарсылығын тындап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Н[...] 2022 жылғы 14 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 14-бабына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелген.

Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту» аталған Заңының 19-бабына сәйкес, Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру Қағидалары (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 14 маусымдағы №516 бұйрығы) және №34 «Балбұлақ» бөбекжайы МКҚК - жұмыс берушінің кәсіптік оқытуға түскен өтінімі негізінде, 2022 жылдың 03 қазан айында «ЮлАнИл» оқу орталыққа бір ай мерзімге «Электрондық мемлекеттік сатып алу» кәсіптік оқыту курсына қабылданған.

«Юланил» оқу орталығының ішкі тәртібін бұзғаны үшін Н[...] оқудан шығарылған.

Аталған Заңының 16-бабы 1-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес Н[...] есептен шығарылған.

2022 жылғы 31 қазанда және 2022 жылғы 28 қарашада Н[...] жауапкердің қорытындысына келіспей Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратына шағымданған. 2023 жылғы 18 қаңтарда Н[...] арызы бойынша қанағаттандырыудан бас тартылған, сонымен ол жоғарыда аталған талаптармен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген.

2022 жылдың 03 қазан айында талап коюшы «Юланил» оқу орталыққа бір ай мерзімге «Электрондық мемлекеттік сатып алу» кәсіптік оқыту курсына қабылданды.

Алайда, оқу орталығының ішкі тәртібін бұзғаны үшін атап айтқанда сабаққа келмеуіне және сабақтарға жүйелі түрде кешігіп келуіне байланысты Н[...] оқудан шығарылған.

Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту» Заңының 16-бабы 1-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес дәлелсiз себептермен: халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетiнше тоқтатқанда есептен шығарылады. Осыған байланысты, 2022 жылғы 1 қарашада Н[...] жұмыссыздар есебінен шығарды.

Жұмыссыздарды есептен шығару тәртібі туындаған құқықтық қатынастар сәтінде қолданыста болған Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 19 маусымдағы №259 бұйрығымен бекітілген жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларында көзделген.

Қағидалардың 45-6-тармағына сәйкес жұмыссыздарды есептен шығару осы Қағидалардың 44-тармағына сәйкес жүзеге асырылады, оған сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган халықты жұмыспен қамту орталығынан тиісті ақпарат алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жұмыссызды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетінше тоқтатқанда жұмыссыздарды есептен шығарады.

Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 наурыздағы шешімі және Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С.Баймаханов

Судьялар Ш.Даниярова

Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.