КСАД РК - Постановление от 14.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/376 (Административное)

ҚАУЛЫ № 4к/376

14 тамыз 2025 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

жауапкердің өкілі Д.А.Сейтовтың тікелей қатысуымен,

ашық сот мәжілісінде Бауыржан Жомартович Салимбаевтың, Айдос Суюнбаевич Тулепбергеновтің, Кали Артыкбаевич Ауезбаевтың, Мергали Маханович Алшоразовтың, Айжан Салимбаеваның, Гульзира Станбековна Байболатованың, Нурбол Жомартович Салимбаевтың (әрі қарай-талап қоюшылар) Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкіміне, «Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - жауапкерлер), мүдделі тұлғалар ретінде «Үлгілі-2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін, «Шарипов» шаруа қожалығының басшысы Тимур Абдумаликович Шариповті, «Қанат» шаруа қожалығының басшысы Қанат Жанатұлы Кеңесханды, «Садыков» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Алтынханович Садыковты іске тарта отырып, бірнеше қаулылардың күшін жойып, бірнеше жалға беру шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,

Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы шешіміне, Жамбыл облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 09 желтоқсандағы қаулысына жауапкер «Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-нің және мүдделі тұлға «Шарипов» шаруа қожалығының берген кассациялық шағымдары бойынша қарап, төмендегені

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшылар бірінші сатыдағы сотқа талап арыз түсіріп, онда жауапкерлерге қарсы жоғарыдағы талаптармен жүгінген.

Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы шешімімен және оны өзгеріссіз қалдырған Жамбыл облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 09 желтоқсандағы қаулысымен аталған талап қою толығымен қанағаттандырылған.

Атап айтқанда, Жамбыл облысы Байзақ ауданы әкімінің Қанат Жанатұлы Кеңесханға «Үлгілі - 2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жерінен 30 гектар суармалы жер учаскесін беру туралы 2014 жылғы 03 желтоқсандағы №674 қаулысының күші жойылған;

«Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Қанат Жанатұлы Кеңесхан арасында жасалған 2015 жылғы 06 наурыздағы №35 «Үлгілі - 2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жерінен 30 гектар суармалы жер учаскесін жалға беру шарты жарамсыз деп танылған;

Жамбыл облысы Байзақ ауданы әкімінің Тимур Абдималикович Шариповқа «Үлгілі - 2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жерінен 85,56 гектар суарылмайтын егістік жер учаскесін беру туралы 2017 жылғы 10 ақпандағы №38 қаулысының күші жойылған;.

«Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Тимур Абдималикович Шарипов арасында жасалған 2017 жылғы 21 маусымдағы №236 «Үлгілі - 2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жерінен 85,56 гектар суарылмайтын егістік жер учаскесін жалға беру шарты жарамсыз деп танылған;

«Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Тимур Абдималикович Шарипов арасында жасалған 2019 жылғы 11 шілдедегі №682 «Үлгілі - 2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жерінен 85,86 гектар суарылмайтын егістік жер учаскесін жалға беру шарты жарамсыз деп танылған.

Сонымен қатар, іс бойынша сот шығындарының тағдыры шешілген.

Төменгі сатыдағы соттардың шешімдерімен келіспеген жауапкер «Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-і мен мүдделі тұлға «Шарипов» шаруа қожалығы кассациялық шағымдар түсіріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот осы істі қарауды бастамас алдында, мүдделі тұлға «Шарипов» шаруа қожалығының өкілі Г.А.Губина кассациялық шағымын Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 442-бабы 1-тармағы 4)-тармақшасының негізінде қайтарып алатындығы туралы жазбаша хабарлап, шағымды қарамауды сұрады. Сол себепті аталған кассациялық шағым қайтарылып, соттың қарауынан алынып тасталды.

Іс бойынша талап қоюшылардың сенімхат бойынша өкілі Е.К.Садыровтан сот мәжілісіне қатыса алмайтындығы туралы жазбаша хабарлама түсіп, онда істі талап қоюшылардың қатысуынсыз өткізу сұралған. Мұндай жағдайда сот істі аталған тараптың және тағы да басқа іске қатысушылардың келмеуіне байланысты олардың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды және бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115 бабының бірінші бөлігіне қайшы келмейді.

Істі қарауға қатысқан жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, даудың мәнжайын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, сот төмендегі тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, АПК қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.

ӘРПК 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз еткен.

Туындаған дауды қарау барысында, олар осы дауға қатысты Қазақстан Республикасында қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде дұрыс дәрежелеген. Қаралып отырған жағдайда, төменгі сатыдағы соттар өздерінің осы іспен шығарған шешімінде, талап қоюшы мен жауапкердің кейбір уәждеріне қатысты лайықты құқықтық баға бере білген және ол бағамен кассациялық сот та келіседі, сондықтан олар туралы қазіргі қаулыда қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.

Іс бойынша анықталғаны, 2005 жылдың 28 желтоқсанында мемлекеттік тіркеуден өткен «Үлгілі - 2005» ЖШС-не (әрі қарай – серіктестік) талап қоюшылар өздерінің жер үлестерімен, оның қатысушылары ретінде кірген. Кейіннен, серіктестікке Жамбыл облысы Байзақ ауданы әкімінің 2007 жылғы 21 қыркүйектегі №479 қаулысымен тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жалпы көлемі - 5 370 гектар, оның ішінде тәлімі егістік - 1 051 гектар, суармалы егістік - 316 гектар, шабындық - 101 гектар, жайылымдық - 3 854 гектар, бөгде жер - 48 гектар жер учаскелеріне 49 жылға өтеулі жер пайдалану құқығы берілген.

Талап қоюшылардың сотта қолданған уәждерінен туындайтыны, 2021 жылдың 28 желтоқсанынан бастап серіктестік басшысы Б.Еркебаев сол серіктестіктің құрылтайшыларына айтпай, әрі олардың келісімін алмай, жалпы жиналыс өткізбей, жоғарыда аталған суармалы, тәлім егістік және жайылмалы жер учаскілерін, жауапкерлердің дауланып жатқан әкімшілік актілерінің негізінде мүдделі тұлғаларға заңсыз беріп жіберген.

«Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-нің 2023 жылдың 24 қазанындағы шығыс №ЖТ-С-287 хатына сәйкес, казіргі таңда серіктестікте жалпы көлемі - 3 467,65 гектар, оның ішінде тәлім егістік - 237,125 гектар, суармалы егістік - 69,87 гектар, шабындық - 101,0 гектар, жайылым - 3 011,65 гектар, бөгде - 48,0 гектар жер учаскесі қалған.

Осы орайда, сотқа берілген талапта, Қ.Ж.Кеңесханға серіктестік жерінен 30 гектар суармалы жер учаскесін беру туралы Жамбыл облысы Байзақ ауданы әкімінің 2014 жылғы 03 желтоқсандағы №674 қаулысының күшін жою, «Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-і мен Қ.Ж.Кеңесхан арасында жасалған 2015 жылғы 06 наурыздағы №35 серіктестік жерінен 30 гектар суармалы жер учаскесін жалға беру шартын жарамсыз деп тану, Т.А.Шариповқа серіктестік жерінен 85,56 гектар суарылмайтын егістік жер учаскесін беру туралы Жамбыл облысы Байзақ ауданы әкімінің 2017 жылғы 10 ақпандағы №38 қаулысының күшін жою, «Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-і мен Т.А.Шарипов арасында жасалған 2017 жылғы 21 маусымдағы №236 серіктестік жерінен 85,56 гектар суарылмайтын егістік жер учаскесін жалға беру шартын жарамсыз деп тану сұралған.

Қолданыстағы заң номаларына және серіктестіктің жарғысына сәйкес, дауланып отырған жер телімдерін мүдделі тұлғаларға беру үшін серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының келісімі болуы шарт. Алайда, қаралып отырған жағдайда бұл шарт сақталмаған.

Сонымен қатар мұндай келісім берілгені туралы серіктестіктің ешбір хаттамасы не жауапкерлер тарапынан, не мүдделі тұлғалар тарапынан соттарға ұсынылмаған.

Іс бойынша ескерер негізгі жағдай, бірінші сатыдағы сотта жауапкерлер жазбаша арыз беріп, өздерінің талап қоюды толығымен мойындайтынын баяндаған. Әрі бұл мойындаулар ӘРПК-нің 142, 150баптарының негізінде сотпен қабылданған. Ал ӘРПК-нің 142-бабы 3-бөлігінің мазмұнына сәйкес, талап қоюды жауапкер тарапы мойындаған жағдайда сот дәлелдемелерді зерттеу міндетінен босатылады. Жоғарыда айтылған мән-жайларды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды және негізді деп тауып, оларды бұзуға немесе өзгертуге ешбір дәлелдемелер анықталмады деп санайды. Оның үстіне шығарылған сот актілері нақты мән-жайлар мен әділеттілік принципіне сүйене отырып қабылданған.

Жауапкер тарапының кассациялық шағымының уәждері бұрында төменгі соттардың зертеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болған. Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен қазіргі кезде кассациялық сотқа ұсынылмады. Осы себепті, іс бойынша шығарылған сот актілері өзгеріссіз, ал жауапкердің кассациялық шағымы - қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 442-бабы бірінші бөлігі 4)-тармақшасын, 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы шешімі, Жамбыл облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 09 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММнің кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Шарипов» шаруа қожалығының кассациялық шағымы қайтарылсын.

Төрағалық етуші

Е.М. Нұралиев

Судьялар

Л.С. Кудекова

Ш.С. Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.