ВС РК - Постановление от 05.05.2022 по делу 6001-22-00-6ап/127 (Административное)

6001-22-00-6ап/127

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 5 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші С.Ү.Баймаханов, судьялар Ш.Т.Даниярова, Ж.Б.Ермағамбетова болып, прокурор Д[...],

талап қоюшы:

«Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...],

жауапкер:

Түркістан облысының Ордабасы аудандық әкімінің өкілі Қ[...], мүдделі тұлғалар: «Ордабасы аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - ММ) өкілі Б[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі Қ[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Түркістан облысының Ордабасы аудандық әкіміне, мүдделі тұлғалар «АҚ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС), «Ордабасы аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-не, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына әкімнің қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - И[...]) сотқа Ордабасы ауданы әкімінің 2010 жылғы 25 ақпандағы №82 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюмен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 22 қыркүйектегі шешімімен «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің талап қою арызы қанағаттандырылған.

Ордабасы ауданы әкімінің 2010 жылғы 25 ақпандағы №82 қаулысы заңсыз деп танылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің талап қою арызын кері қайтару туралы ұйғарым шығарылған.

И[...] кассациялық шағымында апелляциялық саты сотының ұйғарымының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер және мүдделі тұлға өкілдерінің пікірін, прокурордың апелляциялық сот алқасының ұйғарымын күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан - Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай АПК) ережелерімен белгіленеді.

АПК-нің 451-бабының 5-бөлігіне сәйкес, егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.

Іс материалдарына қарағанда, 2010 жылғы 25 ақпанда Ордабасы ауданының әкімі «АҚ[...]» ЖШС-не Ордабасы ауданы, Қараспан [...] учаскесі мекенжай бойынша тауарлы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жалпы көлемі 859,0 га жер учаскесін 49 жылға жалға беру жайлы даулаған №82 қаулысын қабылдаған.

Бұл қаулының негізінде 2010 жылғы 10 наурызда «Ордабасы аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-нің мен ЖШС-нің арасында №757 жер учаскесін жалға беру туралы шарты бекітіліп, жер учаскесіне кадастрлық №[...] сәйкестендіру құжаты рәсімделген.

Талап қоюшы жер учаскесі «АҚ[...]» ЖШС-не сауда-саттық, аукцион немесе конкурс жүргізілмей заңсыз берілгенін келтіріп, Ордабасы ауданы әкімінің 2010 жылғы 25 ақпанда қабылданған №82 қаулысын заңсыз деп тануды сұраған.

Дауды мәні бойынша шеше отырып және мәлімделген талап қоюды қанағаттандыра отырып, бірінші сатыдағы сот Жер кодексінің 48-бабының 1- бөлігінің ережелерін басшылыққа алып, әкімнің қаулысының заңсыздығы туралы қорытындыға келген.

Бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоя отырып, апелляциялық саты ӘРПК-нің 136-бабының 6, 8 тармақтарына және 138-бабының 11) тармақшасында көзделген негіздер бойынша талап қоюды қайтару туралы қорытындыға келген.

Апелляциялық алқаның пікірінше, іс әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды, өйткені шағым жасалынған әкімшілік акт орындалды және оның негізінде әкімшілік-құқықтық мәміле жасалған.

Сондай-ақ, талап қоюшының талап қою мерзімі өтіп кеткенін және оны қалпына келтіру туралы өтініш берілмегенін атап өткен.

Алқа пікірінше, апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары іс жүргізу құқығының нормаларына сәйкес келмейді.

Осылайша, әкімшілік актіге шағымдану мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішті талап қоюшы өкілі бірінші сатыдағы сотқа берген, іс материалдарында бар, бірақ сот ол бойынша тиісті іс жүргізу шешімін қабылдаған жоқ.

ӘРПК-нің 156-бабының екінші бөлігіне сәйкес, шешім қабылдаған кезде орындалып қойған немесе орындалып жатқан, ауыртпалық түсіретін актінің заңсыздығы танылған жағдайда, сот жауапкерді орындаудың күшін жоюға мәжбүрлеуге және талап қоюшыны шешімде белгіленген мерзімде бастапқа жағдайына қайтару бойынша әрекеттер жасауды талап етуге құқылы.

Осылайша, әкімшілік актіні орындау фактісі және оның қолданылуын тоқтату әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен шағымдануға кедергі болмайды. Сонымен бірге, алқа талап қоюды қайтарудың құқықтық негізін (ӘРПК-нің 138-бабының 11-тармақшасы) апелляциялық саты дұрыс қолданды деген қорытындыға келді.

Сонымен, ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Қоғамдық-құқықтық қатынастар - құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің биліктік өкілеттіктерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.

ӘРПК тәртібімен істерді қарау әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) талап қоюшының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған арнайы қағидаттарды қолдануды көздейді.

ӘРПК-нің 4-бабының 33) тармақшасына сәйкес, талап қоюшы - өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға.

Алқаның пікірінше, 2021 жылғы 1 шілдеден, яғни ӘРПК-нің қолданысқа енгізілгеннен бастап, И[...] әкімшілік сот өндірісі шеңберінде жергілікті атқарушы органның шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қою бере алмайды, өйткені ауылдық округ әкімі И[...] қатысты билік өкілеттіктерін жүзеге асырмайды.

ӘРПК-нің 31-бабының 3-бөлігіне сәйкес, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен әкімшілік іс жүргізуде прокурор жүгінуге құқылы.

ӘРПК-нің 9-бабының 2-бөлігінде мемлекеттік органдар - өз құзыреті шегінде, жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте белгіленген тәртіппен басқа тұлғалардың немесе айқындалмаған тұлғалар тобының бұзылған немесе дау айтылатын заңды мүдделерін қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы деп көрсетілген.

Жер учаскелерін беруге, нысаналы мақсатын өзгертуге, алып қоюға, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа заңсыз шешімдердің күшін жою, сондай-ақ жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдардың сотқа талап қою құқығын көздейтін Жер кодексінің 148-бабының 4) тармақшасының ережесі процестік заң нормаларының призмасы арқылы, атап айтқанда ӘРПК-нің 9-бабының 2-бөлігі қолданылады.

Сонымен бірге, талап қоюда жеке немесе заңды тұлғаның мүддесін қорғауда талап қойылғаны көрсетілмеген.

Осыған байланысты, алқа ӘРПК-тің 138-бабының 11) тармақшасында көзделген негіз бойынша - іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды, талап қою қайтарылуға тиіс деген қорытындыға келеді.

Апелляциялық сот алқасы талап қоюды осы негізі бойынша заңды түрде қайтарған, бірақ іс жүргізу құқығының нормаларын қолдануда қателік жібергендіктен, шағымданған сот ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады.

Сондықтан апелляциялық сот алқасының ұйғарымының күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 169бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова

Ш. Даниярова Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.