Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 25.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3567 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 25 желтоқсан №6003-25-00-2к/3567 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А.Б.Шараповтың, жауапкер өкілі А.М.Сарсенованың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің «№3 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мектеп) жауапкер «Бағыстан үй 41» меншік иелерінің бірлестігіне (бұдан әрі - Бірлестік) шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Мектеп аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны мемлекеттік мекеме болған соң кондоминимум нысанын ұстауға қаражат төлеу үшін шарт жасасу қажеттілігімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Бірлестікке Мектеппен шарт жасасу міндеттелген және мемлекет пайдасына 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Бірлестік кассациялық шағымында «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы 1997 жылғы 16 сәуiрдегi №94 Заңымен (бұдан әрі - Заң) жеке шарт жасасуға тыйым салынғанын, шарт жасасуға міндеттеу заңға қайшы екенін, соттармен жасасуға міндеттелген шарттың елеулі шарттары да айқындалмағанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен осындай бұзушылықтарға жол берілген.

Анықталғаны, «Бағыстан» тұрғын үй кешенінде Мектепке тиесілі екі тұрғын емес үй-жай бар, 2024 жылғы 23 мамырдағы №2 меншік иелерінің жалпы жиналыс хаттамасымен кондоминиум объектісін басқару нысаны ретінде меншік иелерінің қауымдастығын таңдау туралы шешім қабылданған,

осы хатттамалық шешім негізінде Бірлестік құрылып, уәкілетті органда 2024 жылғы 30 мамырда тіркелген.

2024 жылғы 20 маусымда Бірлестікпен Мектепке хабарлама жолданып, онда тұрғын емес үй-жайлардың кондоминиум объектісін басқаруға 1 шаршы метрге 160 теңге және жиынтық жарна 1 шаршы метрге 0,005 айлық есептік көрсеткіш тарифтері бекітілгені хабарланған.

Өз кезегінде, 2024 жылғы 28 маусымда Мектеп Бірлестікке хат жолдап, онда бекітілген тарифтер бойынша қаржы төлеуге қарсы емес екенін, алайда бұл үшін Бірлестіктің қызметіне қатысты шарт жасау, атқарылған жұмыстар жөнінде акті мен қаржы төлеуге құжаттар әзірлену қажеттілігі көрсетілген.

Бірлекстік тарапынан шарт жасалмауына байланысты және Мектептің құқықтық нысаны мемлекеттік мекеме болған соң соңғысы сотқа осы талаппен жүгінген.

Жергілікті соттар талапты қанағаттандыру жөніндегі шешімдерін Заңның 34-бабының 4-тармағына сәйкес тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған барлық шығыстарға қатысуға міндетті, қолданыстағы заңнама тұрғын емес үй-жайларды ұсынатын ұйымдарда коммуналдық қызметтерді көрсету шарттарын дербес жасасу міндетін қарастырған, Мектеп мемлекеттік мекеме болып табылады және оны мемлекет қаржыландырады, осыған байланысты оның шығындары жоспарлануға жатады, шарттың жасалуы Мектепке кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау бойынша барлық шығыстарға қатысуға мүмкіндік береді, басқа жағдайда төлем сот шешімімен мәжбүрлі түрде жүргізілуі мүмкін, ал бұл мемлекеттік орган үшін қолайсыз болып табылады деп тұжырымдаған. Алайда, соттармен мұндай тұжырымдар асығыс жасалған, процестік

және материалдық құқық нормаларына сай келмейді.

Заңның 2-бабының 16-6) тармақшасына сәйкес Бірлестік - коммерциялық емес ұйым болып табылатын, бір көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған, кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын, оны күтіп-ұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін заңды тұлға. Яғни, Бірлестік коммуналдық қызмет көрсететін тұлға емес, оның міндетіне меншік иелерінің қауіпсіз және жайлы тұру (болу) жағдайларын қамтамасыз ету, ортақ мүлікті тиісінше күтіп-ұстау, оны пайдалану тәртібін реттеу, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынуды ұйымдастыру ғана кіреді (Заңның 2-бабының 12) тармақшасы).

Бұл ретте соттар Бірлестікті тұрғын емес үй-жайларды ұсынатын ұйым, Заңмен оның коммуналдық қызметтерді көрсету шарттарын дербес жасасу міндеттілігі қарастырылған деген қате қорытындыға келген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 399бабының 1-тармағына сәйкес осы Кодекске немесе өзге заң құжаттарына сәйкес шарт жасасу тараптардың бiрi үшiн мiндеттi болған реттерде, бұл тарап екiншi тарапқа акцепт туралы, не акцепттен бас тартатыны туралы немесе офертаға (шарт жобасына) өзгеше жағдайларға акцепт жасалатыны туралы (шарт жобасына келiспеушiлiк хаттамасы), егер заңдарда өзге мерзiм белгiленбесе, не тараптар келiспеген болса, офертаны алған күннен бастап отыз күннiң iшiнде хабар жiберуi тиiс.

Заң нормасының мазмұнына қарағанда Мектепке шарт жасасу мiндеттi болып табылған жағдайда ол Бірлестікке акцепт туралы, не акцепттен бас тартатыны туралы немесе офертаға (шарт жобасына) өзгеше жағдайларға акцепт жасалатыны туралы (шарт жобасына келiспеушiлiк хаттамасы), не тараптар келiспеген болса хабар жіберуі тиіс болған.

Алайда, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен Мектеп тарапынан мұндай әрекеттер сотқа дейінгі тәртіпте жасалғаны немесе жасалмағаны туралы мәселе зерттелмеген және тиісті бағасы берілмеген.

Тиісінше, тараптар сотқа дейін келісе алмаған жағдайда жасалуы тиіс әрекеттер АК-тың 399-бабының 2-4-тармақтарында көрсетілген.

Заңның 42-бабының 13-тармағында жиналыс қабылдаған, хаттамамен ресімделген шешімдер сотта, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарда даулы және өзге де мәселелерді қарау кезінде пәтерлер, тұрғын емес үйжайлар, орынтұрақ орындары, қоймалар меншік иелерінің ерік білдіруі ретіндегі құжат болып табылады, сондай-ақ тұрғын үй көмегін есептеу үшін негіз болады.

Сонымен қатар, жергілікті соттармен Заңның 47-бабының 3-тармағына сай тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері мен мүліктің меншік иелері бірлестігі арасында жеке шарт жасасу арқылы кондоминиум объектісін басқару бойынша қызметтер көрсетуге жол берілмейді деген Бірлестіктің уәждеріне құқықтық бағасы берілмеген.

Соттар бұл уәжді теріске шығаратын нақты дәлелдемелерді анықтамастан және тексеруге бағытталған шараларды жасамастан, болжамды түрде «Бірлестік шарт жасасуға міндетті» деп қысқаша түйіндеген. Яғни, тек ғана Мектеп мемлекеттік мекеме болып табылады және оны мемлекет қаржыландырады деген уәждер сөзсіз және өздігінен талапты қанағаттандыруға негіз бола алмайды.

Бұл ретте жергілікті соттар дауды Мектептің құрылтайшысы (Астана қаласының әкімдігі) мен уәкілетті органының (Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы) қатысуларымен шешу мәселесін де қарастырмаған.

АПК-тің 224-бабының 2-бөлігіне сай сот шешiмдi тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.

«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 нормативтік қаулысының 11тармағына сай, шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес екендігі көрсетілген.

Алайда, кассациялық сотта зерттелген электрондық форматтағы азаматтық іс құжаттарына тұрғын емес үй-жайлардың кондоминиум объектісін басқаруға байланысты тарифтерді бекіту жөніндегі жалпы жиналыс хаттамасы тіркелмеген, тиісінше соттармен зерттелмеген.

Бұл хаттаманың іс үшін маңызы елеулі, себебі дау осы хаттаманың орындалуынан туындап отыр, жалпы жиналыста қандай мәселелер көтерілгені, тарифтер жөніндегі шешім қандай негіздерге сүйеніп қабылданғаны, орындалу тәсілі айқындалмағаны не айқындалғаны белгісіз.

Ал, Заңның 42-бабының 15-тармағында жиналыс хаттамасы ресми құжат болып табылатыны бекітілген.

Істің мұндай тұрғысында, яғни іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауына байланысты сот актілерінің күші жойылып, азаматтық іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілуге, Бірлестіктің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады.

Жергілікті соттарға істі жаңадан қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайларды нақты және дұрыс айқындап, оларға тиісті құқықтық бағасын беріп, анықталған деректер мен бекітілген дәлелдемелер негізінде заңды әрі негізді шешім қабылдау қажет.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 5) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып,

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы шешімінің және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысының күштері жойылып, азаматтық іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілсін.

Жауапкер «Бағыстан үй 41» меншік иелері бірлестігінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.