Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 25.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2247 (Гражданское)

6003-25-00-2к/2247

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 25 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор Н.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі А.Төлендінің, жауапкер А.Ә. Өскеннің өкілі Н.Мусакуловтың қатысуларымен,

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер Хадиша Тиллабаевна Макулбаеваға, Фархад-Бек Жаксылыкович Спатаевқа, Айя Әмірханқызы Өскенге, жеке нотариус Нурлан Омарович Абдрамановқа, Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне әкім қаулысының бір бөлігін және жер учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы электронды азаматтық істі жауапкер А.Ә.Өскеннің өкілі Н.Мусакуловтың Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен Департаменттің талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылған. Департаменттің талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 18 қыркүйектегі №1200 қаулысының Х.Т.Макулбаеваға жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы бөлігі жарамсыз деп танылған.

2023 жылғы 11 қаңтардағы Х.Т.Макулбаева мен А.Ә.Спабекованың арасында жасалған, нотариус Н.О.Абдрамановпен куәландырған, Шымкент қаласы, Тараз шағын ауданы, №308/1 мекенжайында орналасқан кадастрлық №22-329-001-308 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары мәселесі шешілген.

Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер А.Ә. Өскеннің өкілі Н.Мусакуловтың, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі А.Төлендінің, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор Н.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 18 қыркүйектегі №1200 қаулысының 1-тармағымен Х.Макулбаеваға Тараз шағын ауданынан тұрғын үй құрылысын салу үшін алаңы 0,8 га жер учаскесі меншік құқығымен табысталған.

«Рельеф-Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Х.Т.Макулбаеваның өтінішінің негізінде 2022 жылғы 5 маусымда жер учаскесіне жерге орналастыру жобасын әзірлеп, әрі қарай жер учаскесінің кадастрлық іс-құжаттары жасаған және оған №22-329-001-308 сәйкестендіру актісі рәсімделген.

Демек, №1200 қаулы қабылданғанға дейін даулы жер учаскесін жерге орналастыру жобасы әзірленбеген және бекітілмеген.

Даулы жер учаскесіне меншiк құқығы 2023 жылдың 4 қаңтарында мемлекеттiк тiркелген кезден бастап туындаған.

Х.Макулбаева мен А.Спабекова арасында 2023 жылғы 12 қаңтарда нотариус Н.Абдраманов куәландырған реестрде №38 тіркелген Шымкент қаласы, Тараз шағын ауданы, №308/1 үй мекенжайында орналасқан кадастрлық №22:329:001:308 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 22 сәуірдегі №446 қаулысымен бектілген Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес кадастрлық №22-329-001-308 жер учаскесі Шымкент каналының су қорғау аймағында орналасқандығы «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 12 сәуірдегі хатымен бекітілген.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 121бабының 1-тармағына сай, тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және өнеркәсiп, көлiк объектiлерi мен өзге де объектiлердi пайдалану үшiн қажеттi жағдайлар жасау мақсатында аймақтар белгiленедi, аймақтарды белгiлеу мақсаттарына сай келмейтiн қызмет түрлерiне олардың шегiнде шек қойылады немесе тыйым салынады.

Аталған баптың 2-тармағының 6) тармақшасына сай, су күзету аймақтары мен белдеулерi жердi ерекше шарттармен пайдалану аймағына жатады.

Соған қарамастан, жергілікті атқарушы орган Х.Т.Макулбаеваға 2006 жылғы 18 қыркүйекте Шымкент каналының су қорғау аймағына енетін жерден, ешқандай шектеулер мен шарттар белгілеместен тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстаған.

Мұндай жағдайда, №1200 қаулының 1-тармағы заңды қабылданған деп тануға құқықтық негіздер болмаған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 267бабының 1-тармағына сай, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

Қазақстан Республикасы «Құқықтық актілер туралы» Заңының 64бабының 2-тармағына сай, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиіс.

Апелляциялық соттың талап қоюды қанағаттандыруы кассациялық сот заңды деп есептейді.

Істі соттарда қарау барысында дауланып отырған жер учаскесі жоғарыда аталған Жер кодексінің талаптары бұзыла отырып, жауапкерге заңсыз берілгені өз дәлелін тапқан.

Апелляциялық сот аталған мән-жайларды негізге алып, АК-нің 157-1бабының 2-тармағын, 158-бабының 1-тармағын, Жер кодексінің 121-бабының 1-тармағын және 121-бабының 2-тармағының 6) тармақшасын басшылыққа алып, даулы қаулыны және шарты жарамсыз деп тануы дұрыс.

Даулы қаулыны және шарты жарамсыз деп тануы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 1-тармағында көрсетілген талаптарымен үйлеседі. Жауапкер А.Ә.Өскеннің өкілі Н.Мусакуловтың апелляциялық сатыдағы сот қолдануға жатпайтын заң талаптарын қолданған деген уәжі негізсіз. Жер кодексінің 121-бабының 1-тармағында көрсетілген 2006 жылғы 18 қыркүйекте қолданыста болған және қазіргі таңдағы редакциясына ешқандай өзгерістер енгізілмеген.

Тек осы баптың 2-тармағына қосымша тармақшалар енгізілген, кіргізілген өзгерістер қолданылған нормалардың мәні мен мазмұнына әсерін тигізбейді.

Жауапкер А.Ә.Өскеннің өкілі Н.Мусакуловтың жерге орналастыру жобасын Х.Макулбаеваға бермеген. Сондықтан кадастр ісін 2022 қайта жасау қажеттілігі туған деген уәжі негізсіз. Өйткені, жерге орналастыру жобасы 2006 жылы жасалып, мемлекеттік тіркеуден өткендігі туралы дәлелдер сотқа жауапкермен табысталмады.

Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Кассациялық сот апелляциялық сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.

Апелляциялық сот іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге сотпен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер А.Ә. Өскеннің өкілі Н.Мусакуловтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

В.Е.Тохтарбаева

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.