6кг-30-23
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 16 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Б.Шермұхаметов,
судьялар Н.Қ.Құрманғалиев, Е.Маукен,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен М[...] (MAKHANOVA ASEM) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Жамбыл облысы Сарысу аудандық сотының 2023 жылғы 24 қазандағы қаулысымен М[...] (MAKHANOVA A.) ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Наразылықта соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды ұсынады.
Прокурордың сот қаулысы өзгертілсін, М[...] тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу әкімшілік жазаның орнына 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (бұдан әрі - АЕК) айыппұл салынсын деген қорытындысын тыңдап, сот алқасы келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 840-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мынадай негіздер бар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; ӘҚБтК-дегі процестік нормалардың елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi.
Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматшасы М[...] 2023 жылғы 11 тамызда жеке сапармен келіп, заңда белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан аумағынан шығып кетпеген.
Бірінші сатыдағы сот М[...] кінәсі сот мәжілісінде танылған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған.
Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмеген.
Бұл наразылықта М[...] әрекеті дауланбайды. Дегенмен бірінші сатыдағы соттың қаулысы келесі негіздермен өзгертілуге жатады. ӘҚБтК-тің 40-бабының 2-бөлігінде әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады делінген. Әкімшілік заңнамасының қағидаттарының біріне ізгілік қағидаты жатады. Мұнда әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді не адами қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат тұтпайды делінген (ӘҚБтК-тің 13-бабы).
Әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу жазасы негiзгi, сол сияқты қосымша жаза ретiнде ӘҚБтК-тің Ерекше бөлігінде көзделген шекте қолданылады.
Сонымен бірге, ӘҚБтК-тің 55-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуға тиiс.
Жеке тұлғаға жаза қолданылғанда жасалған құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі (ӘҚБтК-тің 55бабының 3-бөлігі).
ӘҚБтК-тің 517-бабының 4-бөлігінің санкциясында әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы көзделген. Бірақ, бұл баптың санкциясында аталған жазадан басқа 25 АЕК айыппұл жазасы да қарастырылған.
Алайда, сот М[...] әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы қатаң жазаны қолданған. Құқық бұзушылық жасаудың мән-жайы, құқық бұзушының жеке басы, мүліктік және отбасылық жағдайлары ескерілмеген.
Демек, жергілікті сот қаулы шығарғанда келесі мән-жайларды ескермеген. М[...] 61 жаста, ұлты қазақ, Қазақстан Республикасында жақын туыстары, туған ұлы Т[...] мен қызы Т[...] (Қазақстан азаматтары) Тараз қаласында тұрақты тұрады және жұмыс атқарады. Сонымен бірге, оның қызы Т[...] ата-анасының келешекте Қазақстан Республикасының азаматтығын алу ниеттері бар екендігін көрсетеді.
М[...] Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жағдайы, оның кейін біздің елге бес жыл бойы кіре алмайтыны, осындағы жақын туыстарымен қарым-қатынас жасауына, туған балаларымен кездесуіне, сондай-ақ болашақта өзінің тарихи отанына тұрақты тұру үшін оралуына және Қазақстан азаматтығын алуына кедергі келтіреді.
Қазақстан Республикасының саясаты этникалық қазақтарға көмек көрсету, Қазақстан азаматтығын алу мақсатында өздерінің тарихи отанына оралуына жағдай туғызуға бағытталғаны атап өтіледі.
Бұнымен қоса, полиция бөліміне М[...] өзі жүгінген, яғни
Қазақстанның заңнамаларын бұзуына ниеті болмаған.
ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот iстi қарау кезiнде құқық бұзушылық жасалды ма, осы тұлға оны жасауға кiнәлi ме, ол жауаптылыққа жата ма, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар бар ма, мүлiктiк залал келтiрiлген бе, хаттамалар дұрыс жасалған ба, тұлғаны жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар бар ма, сондай-ақ iстiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға мiндеттi. Алайда, сот бұл талаптарды ескермей және жоғарыда көрсетілген мән-жайларды анықтамай, М[...] қатаң жаза қолданып, 5 жылға дейін оның тарихы отанында болу, Қазақстан Республикасы азаматтығын алу, туыстарымен кездесу және бірге болу мүмкіндігінен айырған. ӘҚБтК-нің 840-бабының 1), 2) және 4)-тармақшаларына сәйкес судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi, әкімшілік жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбауы және қолданылған жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына сәйкес келмеуі әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.
М[...] тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы керек. ӘҚБтК-нің 829-11- бабының 2-бөлігіне сай сот осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән - жайлар анықталғанын ескере отырып, өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қозғалған адамға салынған және осы Кодекстің 44-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес есептелетін әкімшілік айыппұлдың мөлшерін қысқартуға, бірақ айыппұлдың жалпы сомасының отыз пайызынан асырмай қысқартуға құқылы. Сондай-ақ М[...] салынатын айыппұлдың мөлшері 25 АЕК х 70 % = 60 375 теңге болады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабының 1 және 4 мен 5- бөліктерінің 3) тармағын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша М[...] (MAKHANOVA ASEM) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Жамбыл облысы Сарысу аудандық сотының 2023 жылғы 24 қазандағы қаулысы өзгертілсін. М[...] (MAKHANOVA ASEM) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 60 375 (алпыс мың үш жүз жетпіс бес) теңге айыппұл салынсын.
Қазақстан Республикасы Бас прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Б. Шермұхаметов Судьялар Н. Құрманғалиев
Е. Маукен
Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Шермұхаметов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.