ВС РК - Постановление от 19.11.2024 по делу 6001-24-00-3ГП/456 (Гражданское)

6001-24-00-3ГП/456

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 19 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К. Шәріпов

судьялар Ж.М. Қашқынбаева, Ғ.Ж. Мырзаке,

прокурор Н.А. Молдахановтың,

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Байқоңыр ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме, Салық органы) Е.К.Аубакировтың,

«ASTANA RECYCLING PLANT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) өкілі Е.М. Кошановтың,

дара кәсіпкер «Самарова И.Л.» И.Л.Самаровананың (бұдан әрі - ДК «Самарова И.Л.»), дара кәсіпкер «Снаб Трейд» З.С.Аслановтың (бұдан әрі - ДК «Снаб Трейд»), дара кәсіпкер «М-Транс» Д.М. Баламамедовтың (бұдан әрі - ДК «М-Транс») өкілі Р.К.Айтжановтың қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында аралас форматтағы сот отырысында талап қоюшы Мекеменің жауапкерлер ЖШС-ға, ДК «Самарова И.Л.», ДК «Снаб Трейд», ДК «М-Транс»:

-ЖШС-і мен ДК «М-Транс» арасында жасалған 2021 жылғы 15 қарашадағы №66/1-21-У шартты; ЖШС-гі мен ДК «Снаб Трейд» арасында жасалған 2022 жылғы 1 тамыздағы №39/1-22-А шартты және 2021 жылғы 5 қаңтардағы №5 шартты жарамсыз деп тану (бұдан әрі - Шарттар);

-ЖШС-і пен ДК «Самарова И.Л.» арасында жасалған 2022 жылғы 5 қаңтардағы №03-2022-С шартты және 2021 жылғы 5 қаңтардағы №05/1-21-С шартты (бұдан әрі - Мәмілелер) жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы шешімін, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қаңтардағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Мекеменің келтірген өтінішхатымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Мекеме жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Даулы Шарттар жарамсыз деп танылған.

Талап қоюдың ЖШС-і мен ДК «Самарова И.Л.» арасында жасалған Мәмілелер жарамсыз деп тану туралы бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мекеме өтінішхатында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, даулы сот актілерді өзгертіп, талап қоюды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Жауапкер ДК «Самарова И.Л.» өкілі - Р.К.Айтжановтың берген пікірінде өтінішхатта келтірілген уәждердің негізсіздігіне байланысты оны қанағаттандырудан бас тартып, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот алқасы Мекеме өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкерлер өкілдерінің қарсылықтарын, прокурордың өтінішхатты қанағаттандыру туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады. Алайда іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген. Сотпен анықталғандай, Салық органымен тәуекелдерді басқару жүйесін және өзге де ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, электрондық шотфактуралардың (бұдан әрі - ЭШФ) ақпараттық жүйесі бойынша салық төлеушілердің қызметін талдау барысында ЖШС-і салық төлеушілермен өзара есептеулерінің жалғандығы бойынша тәуекелділігін анықталған:

-ДК «Самарова И.Л.» айналым сомасы 229 117 895 теңгеге;

-ДК «Снаб Трейд» айналым сомасы 182 246 358 теңгеге;

-ДК «М-Транс» айналым сомасы 84 691 000 теңгеге.

Даулы Мәмілелерге сәйкес ДК «Самарова И.Л.» Астана қаласы, Алаш тасжолы, 72 үй мекенжайы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша міндеттеме алған.

Салық органы жауапкерлер арасындағы ЭШФ-мен расталған даулы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап қоюмен жүгініп, дәлелдемелер ретінде мұндай жұмыстар мен қызметтерді көрсету үшін еңбек ресурстарының, техника мен жабдықтардың болуы қажет, онсыз жұмыс пен қызмет көрсету мүмкін емес екеніндігін көрсеткен.

Жергілікті соттар талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымын ДК «Снаб Трейд», ДК «М-Транс» мүлікті, тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету үшін экономикалық қажетті материалдық ресурстар көлемі, негізгі құралдар, өндірістік активтер, қойма үйжайлары, көлік құралдары болмаған кезде жұмыстар мен қызметтерді ұсыну мүмкін еместігін айқындап, өзара есептілікті растайтын ЭШФ жалғандығымен негіздеген.

ЖШС-і мен ДК «Самарова И.Л.» арасындағы даулы Мәмілелерді жарамсыз деп тану бөлігіндегі талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруын шарттарда көрсетілген орындаушының тапсырыс берушінің кәсіпорнында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау міндетін нақты орындағанымен, оны ЖШС-і қабылдап, тиісті төлем жасағаны жөнінде дәлелдемелер келтіргеменімен тұжырымдаған. Дегенмен жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.

«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5 тармағымен түсіндірілгендей - АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.

Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң (бұдан әрі – АК) 5-бабы және АПК-нің 6-бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.

Iс үшiн маңызы бар фактiлер, заң талаптарына сай сот отырысында өндiрiлген осы фактiге қатысты жол берiлген және шынайы дұрыс дәлелдермен құпталса немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайларға сәйкес келсе немесе iс бойынша жинақталған дәлелдемелер дауды шешу үшiн жеткiлiктi болса, ондай шешiм негiздi болып саналады.

АПК-нің 412-бабында көрсетілгендей апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық сатыдағы сот істе бар және осы Кодекстің 413-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

АПК-нің 413-бабының 1,2-бөліктерінде көзделгендей сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Апелляциялық сатыдағы сот істе бар, сондай-ақ, осы Кодекстің 404бабының екінші бөлігіне сәйкес ұсынылған дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде баға береді.

Аталған азаматтық процестік нормалары жергілікті соттармен сақталмаған. Соттардың талап қоюдың даулы бөлігінде негізсіздігі туралы тұжырымдары материалдық және процестік құқығының нормаларын дұрыс қолданбауымен негізделген және іс бойынша анықталған мән жайларға сәйкес келмейді.

АҚ-нің 9-бабының 1-тармағы бойынша азаматтық құқықтарды қорғауды сот дау айтылатын мәмiленi жарамсыз деп тану және оның жарамсыздығы салдарын қолдану арқылы жүзеге асырады.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 19-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында салықтардың бюджетке түсуінің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында салық органдары соттарға мәмілелерді жарамсыз деп тану талаптарды қоюға құқылы екендігі қарастырылған.

АПК-нің 73-бабының 2-бөлігінде карастырылғандай, салық органының талап қоюын дұрыс шешу үшін қаржы-шаруашылық операциялардың іс жүзінде орындалуын анықтау қажет, ал бұларды жергілікті соттар жасамаған.

АК-нің 147, 148-баптарында азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттері мәмілелер деп танылатыны көрсетілген.

Бұл ретте мәмілелердің өздері қаржы-шаруашылық операциялардың шынайылығының даусыз дәлелі бола алмайды, ол тек шарт тараптарының азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу үшін келісімге келгенін ғана көрсетеді.

«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңның 1-бабының 1) тармақшасы, АПК-нің 67-бабы бойынша операцияның немесе оқиғаның жасалу фактісінің және оны жасау құқығының құжаттамалық куәсі шынайылық талаптарына жауап беретін бастапқы бухгалтерлік құжат болып табылады.

Шарттардың белгіленген талаптарға, сондай-ақ өзге де бухгалтерлік құжаттарға ресми сәйкестігі тараптардың қабылданған міндеттемелерді іс жүзінде орындағанын куәландырмайды және қаржы-шаруашылық операциялардың жасалуының даусыз дәлелі бола алмайды.

Өз кезегінде, шарт жасасу тараптардың азаматтық құқықтар мен міндеттердің туындауы туралы келісімге қол жеткізгенін ғана көрсетеді.

ЖШС-і мен ДК «Самарова И.Л.» арасындағы ЭШФ-мен расталған даулы Мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы дәлелдемелер ретінде мұндай жұмыстар мен қызметтерді көрсету үшін еңбек ресурстарының, техника мен жабдықтардың болуы қажет, онсыз жұмыс пен қызмет көрсету мүмкін емес. Алайда, ДК «Самарова И.Л» қаржы-шаруашылық қызметінің талдау нәтижесімен анықталғандай:

-2021 жылдың 1-жартыжылдығында қызметкерлердің орташа саны – 0;

-2021 жылдың 2-жартыжылдығында қызметкерлер саны – 0;

-2022 жылдың 1-жартыжылдығында қызметкерлірдің орташа саны - 0.

Декларация бойынша мүлік салығы мен көлік құралдары 700.00 салық есептілігінің нысаны бойынша, сондай-ақ, олар жөнінде есептесулер 701.00 салық есептілігінің ұсынылмаған. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінде жоқ, және импорт болмаған.

Сондай-ақ, Мәмілелер негізінде көрсетілген жеке тұлғаларымен есеп айырысу туралы мәліметтер, жеке тұлғаларымен орындалған жұмыстардың актілері жауапкерлер сотқа ұсынбаған.

Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің

жедел уәкілінің №03-ДЭ/5786 ақпаратына сәйкес ДК «Самарова И.Л.» бойынша іс-әрекеттер жасаудан жалтарудың ресми белгілері көрінеді, яғни, жұмыстарды нақты орындамай, қызметтер көрсетпей, ЭШФ жазып беру, тауарларды жөнелту туралы мәліметтер көрсетілген.

АК-нің 157-бабының 2-тармағына сәйкес мәміленің нысанына, мазмұнына және қатысушыларына, сондай-ақ осы Кодексте немесе өзге де заң актілерінде белгіленген негіздер бойынша олардың ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.

АК-нің 160-бабының 1-тармағында мәміленің түрі үшін ғана, оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз жасалған мәмілені (жалған мәмілені) мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап қоюы бойынша сот жарамсыз деп танитыны көзделген.

Даулы Мәмілелер арқылы жауапкерлер қаржы-шаруашылық операция көрінісін жасауға және мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтаруға ниеттенген. Тараптар арасында қызмет көрсету фактісі өзінің дәлелін таппады, бұл жауапкерлер арасында жасалған Мәмілелерінің жалғандығын көрсетеді.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды. Жергілікті соттардың жіберген кемшіліктері елеулі болып табылады, өйткені бұл кемшіліктер істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.

Іс бойынша қосымша дәлелдемелерді жинаудың қажет еместігін, даудың мән-жайлары толық анықталғанын, алайда жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын түсіндіру және қолдану кезінде қателік жібергенін ескеріп, сот алқасы даулы сот актілерінің Мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігінің күшін жойып, бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деген тұжырымға келеді.

АПК-нің 117-бабының 1-бөлігіне сәйкес талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж жауапкерлерден талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінде үлестік тәртіпте өндірілуге жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13 қарашадағы шешімі, Астана қалалық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 30 қаңтардағы қаулысы өзгертілсін.

Сот актілерінің «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Байқоңыр ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру бөлігінің

күші жойылсын.

Бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

«ASTANA RECYCLING PLANT» ЖШС-і мен «Самарова И.Л.» дара кәсіпкер арасында жасалған 2022 жылғы 5 қаңтардағы №03-2022-С және 2021 жылғы 5 қаңтардағы №05/1-21-С қызмет көрсету шарттар жарамсыз деп танылсын.

«ASTANA RECYCLING PLANT» ЖШС-і мен «Самарова И.Л.» дара кәсіпкерден 1 846 (бір мың сегіз жүз қырық алты) теңге көлемінде мемлекет кiрiсiне әрқайсысынан тең үлестермен мемлекеттік баж өндірілсін.

Қалған бөлігінде сот актілері күшінде қалдырылсын.

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Байқоңыр ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Шәріпов

Ж.Қашқынбаева

Судьялар

Ғ.Мырзаке

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.