6001-21-00-3гп/600
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 02 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқаның төрағасы Н.К.Шәріповтің,
судьялар М.Ж.Бектұрғановтың, А.С.Савинованың,
талап қоюшының өкілдері Т[...], А[...], жауапкердің өкілі Т[...],
аудармашы Н[...],
ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Ю[...] жауапкер «Оңтүстік тау-химиялық компаниясы» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан облысы Созақ аудандық сотының 2021 жылғы 28 қаңтардағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 4 мамырдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Ю[...] өтінішхатымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ю[...] Серіктестікке 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 314-м (бұдан әрі - № 314-м бұйрық), 2020 жылғы 29 қыркүйектегі № 316-м бұйрықтардың (бұдан әрі - № 316-м бұйрық) күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Созақ аудандық сотының 2021 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 4 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, № 314-м бұйрығының күшін жою туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту бөлігінде күші жойылып, аталған бөлікте талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Ю[...] өтінішхатында жергілікті соттармен іс бойынша материалдық және процестік заң нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Арызданушының өтінішхатты қолдаған пікірін, Серіктестіктің қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Аталған азаматтық іс бойынша мынадай заң бұзушылықтарға жол берілген.
2020 жылғы 23 мамырдан 20 маусымға дейін Ю[...] Серіктестіктің
«Ақдала» кеніші бастығының міндетін атқару жүктелген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы кеніш бастығының міндетін атқару барысында жұмысшылар Е[...], А[...] және Қ[...] кеніш аумағынан Қыземшек кентіне шығуға, сонымен қатар екі жұмыскерге түнге қалуға және келесі күні оралуға рұқсат берген.
2020 жылғы 23 маусымда жұмыскер Б[...] туыстарымен кездесуге рұқсат берген және 2020 жылғы 25 маусымда Ю[...] өзі қызметтік автокөлікпен кеніш аумағынан шығып, Қыземшек кентіне барып, келесі күні қайтып келген.
Аталған фактілер 2020 жылғы 8 шілдеде «Ақдала» кенішінде карантиндік режимнің бұзу жағдайларын тексеру және вахталық әдіспен жұмысты ұйымдастыру қағидаларын сақтау үшін № 272-20 бұйрығымен құрылған қызметтік комиссияның 2020 жылғы 31 шілдедегі қызметтік тергеу актісімен расталған.
Аталған акт негізінде 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 314-м бұйрығымен Ю[...] қызметтік міндеттерін тиісті түрде орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 64-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы негізінде қатаң сөгіс жарияланған.
Сондай-ақ 2020 жылғы 29 қыркүйектегі № 316-м бұйрығымен Еңбек Кодексінің 64-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы негізінде Ю[...] Серіктестіктің арасындағы еңбек қатынастары тоқтатылған.
2020 жылғы 20 қазанда Ю[...] келісім комиссиясына бұйрықтың күшін жою және жұмысқа қайта орналастыру туралы арызбен жүгінген. Келісім комиссиясының шешімімен Ю[...] арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдырып, талап қоюшының тәртіптік теріс қылық жасағаны қызметтік тергеу материалдарымен, қызметкерлердің түсініктемелерімен дәлелденгендіктен, жұмыс берушімен қатаң сөгіс және еңбек шартын бұзу түріндегі тәртіптік жазалар қолдануы негізді деп көрсеткен.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сотының тұжырымдарымен келісіп, бірақ Ю[...] тәртіптік жазаға бірінші рет тартылғандықтан, оның әрекетінде қайталану белгісі болмауына байланысты Серіктестіктің № 314-м бұйрығының күші жойылуға жатады деген қорытындыға келген.
Жоғарғы Соттың сот алқасы келесі негіздер бойынша жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.
Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 11) 18) тармақшаларына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша өндірістік жарақаттар мен аварияларды қоса алғанда, жұмыскердің өмірі мен денсаулығы үшін ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін, еңбекті қорғау немесе өрт қауіпсіздігі не көлікті қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын жұмыскер бұзған жағдайда, жұмыс берушіге материалдық нұқсан келтіруге әкеп соққан, жұмыс берушінің атқарушы органның басшысы, оның орынбасары не жұмыс берушінің актісінде айқындалған жұмыс беруші филиалының, өкілдігінің және (немесе) өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесінің басшысы еңбек міндеттерін бұзған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
Яғни, жоғарыда көрсетілген нормалардың мазмұнында, жұмыскердің іс-әрекетімен келтірілген салдардан жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартының бұзылуы көзделген.
2018 жылғы 24 шілдедегі № 063-18 бұйрығымен мемлекеттік белгісі [...] «Toyota Hilux» маркалы қызметтік автокөлігі кеніштің бас инженері Ю[...] бекітілген.
Лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес Серіктестіктің автокөлігін кеніш бастығының және жекелеген лауазымды тұлғалардың жеке мақсатта пайдалану үшін құқығы жоқ.
Алайда, Ю[...] өзіне бекітілген қызметтік автокөлігін жеке мақсатына пайдалану кезінде, жұмыс берушіге қандай да бір материалдық нұқсан келтірілгені немесе келтірілмегені, өмірі мен денсаулығы үшін ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін жағдайлар анықталмаған.
Ю[...] іс-әрекеттерінің салдарынан жұмыс берушіге келтірілген материалдық залалдың, оның мөлшерімен ауырлығын айқындауға болатын дәлелдер іс материалдарына тіркелмеген.
Істің бұл тұрғысында, алқа Ю[...] бекітілген автокөлікті өтініммен рәсімдемей, қызметкердің автокөлікті пайдалану жөніндегі нормасын және лауазымдық нұсқаулықтың 4, 10-тармақтарын бұзғаны үшін жұмыс берушінің жұмыскермен еңбек шартын тоқтатуға негіздері болмаған деп санайды.
Бұдан басқа, соттармен анықталғандай, Ю[...] еңбек шартын бұзу туралы № 316-м бұйрығының қабылдануына комиссияның 2020 жылғы 31 шілдедегі қызметтік тексеру актісі негіз болған.
Еңбек кодексінің 53 - бабына сәйкес еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу тәртібі кодекстің 52-бабы 1-тармағының 8), 9), 10), 11), 12), 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу осы Кодекстің 65-бабында көзделген тәртіптік жаза қолдану тәртібі және Кодекстің 66-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.
Кодекстің 65-бабының 4-тармағында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тәртіптік жаза жұмыскерге тәртіптік теріс қылық анықталған кезде тікелей, бірақ ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
Яғни, Серіктестікпен Ю[...] еңбек қатынастарын тоқтату туралы 2020 жылғы 29 қыркүйектегі № 316-м бұйрығы қолданыстағы заң нормаларына қайшы қабылданған.
Бұл ретте, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Ю[...] еңбек шартын бұзу фактілерін бірінші рет тәртіптік жазаға тартылғанға дейін жасаған, сондықтан оның әрекетінде қайталану белгісі болмағандықтан, Серіктестіктің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 314-м бұйрығының күші жойылуға жатады деген заңды қорытындыға келген.
Алайда, апелляциялық сот алқасымен талап қоюшының апелляциялық шағымында көрсетілген уәждеріне толық баға берілмей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына әкеп соғып, даулы болып отырған талап мәні бойынша соңына дейін шешілмеген.
Мұндай жағдайда, Жоғарғы Соттың сот алқасы жергілікті соттардың 2020 жылғы 29 қыркүйектегі № 316-м бұйрығын заңсыз деп тану, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымы негізсіз болғандықтан, осы бөлігінде талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.
Сонымен бірге, Еңбек кодексінің 161-бабының 1-тармағына сәйкес бұрынғы жұмысына қайта алынған жұмыскерге бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысы немесе басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған кезде төмен ақы төленетін жұмысты орындаған уақыт үшін жалақысындағы айырма, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа төленеді.
Осыған байланысты Серіктестіктен Ю[...] пайдасына бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 9 097 082 теңге мөлшерінде жалақы өндірілуге жатады.
АПК-нің 117-бабының 1-тармағына сәйкес талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот мемлекет кірісіне шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1),8) тармақшаларын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 4 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.
Сот актісін талап қоюшы Ю[...] «Оңтүстік таухимиялық компаниясы» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2020 жылғы 29 қыркүйектегі №316-м еңбек шартын бұзу туралы бұйрығының күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талаптарын қанағаттандырусыз қалдыру бөлігінің күші жойылсын, осы бөлікте талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
«Оңтүстік тау-химиялық компаниясы» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2020 жылғы 29 қыркүйектегі № 316-м бұйрығының күші жойылсын.
Талап қоюшы Ю[...] «Ақдала» кенішінің бас инженері лауазымына қайта орналастырылсын.
Ю[...] пайдасына жауапкер «Оңтүстік таухимиялық компаниясы» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 9 097 082 теңге өндірілсін.
«Оңтүстік тау-химиялық компаниясы» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет пайдасына 94 033 теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Ю[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н.К.Шәріпов Судьялар
М.Ж.Бектұрғанов А.С. Савинова
Көшірмесі дұрыс Судья
М.Ж.Бектұрғанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.