ҚАУЛЫ
2023 жылғы 14 наурыз 6001-22-00-6ап/1761 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып, талап қоюшы – Ж[...], мүдделі тұлға К[...] өкілі – П[...], аудармашы – Ш[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер Ақтөбе қаласының әкіміне (бұдан әрі – Әкім), «Ақтөбе қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне және «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облысы бойынша филиалы – Ж[...] кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Ақтөбе қаласының бөліміне (бұдан әрі – Ж[...] кадастры бөлімі) Әкімнің 2007 жылғы 10 тамыздағы № 2351 санды қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою, жерге орналастыру жөніндегі міндеттерін өз дәрежесінде орындау барысында құқықтарын қалпына келтіру мақсатында әрекеттер жасауды міндеттеу, жер учаскесінің шекарасын келісу актісін заңсыз деп танып, күшін жоюды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 шілдедегі қаулысы мен ұйғарымына талап қоюшы Ж[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж[...] өзіне тиесілі жер учаскесі К[...] заңсыз ресімделгенін көрсетіп сотқа жоғарыдағы талаптармен жүгінген.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Әкімнің 2007 жылғы 10 тамыздағы № 2351 қаулысының 1 тармағы 2 тармақшасында көзделген қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін Пригородный поселкасындағы Гагарин көшесі бойынша жеке тұрғын үй құрылысы тұратын азаматтардың жер учаскелеріне жеке меншік құқығын беру бөлігі және осы қаулы қосымшасының №18 тармағы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Ақтөбе қаласы, Пригородный поселкасы, Гагарин көшесі, [...] үй бойынша ресімделген 2007 жылғы жер учаскесінің шекарасын келісу актісі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы соттың 2022 жылғы 26 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюшының жауапкер Ж[...] кадастры бөліміне жер учаскесінің шекарасын келісу актісін заңсыз деп тану және күшін жою туралы шешім бөлігінің күші жойылып, талап қоюы қайтарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған апелляциялық сот алқасының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкерлердің өкілдері сот алқасының отырысына қатысуға дәлелді себептерсіз келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған, мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер апелляциялық саты сотының тарапынан орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, К[...], оның зайыбы К[...], олардың балалары К[...], К[...], К[...], К[...], К[...] 1992 жылғы 1 сәуірдегі №52 жекешелендіру туралы шарт негізінде шаруашылық құрылымдарымен бірге Ақтөбе қаласы, Пригородный ауылы, Гагарин көшесі [...] үй мекенжайы бойынша тұрғын үйдің иелері болып табылған.
А[...] Пригородный поселкесі, Гагарин көшесінде орналасқан №72 тұрғын үйді [...] жылғы 16 сәуірде жекешелендірген.
Ақтөбе ауданы халық депутаттарының Пригородный ауылдық Кеңесінің 1993 жылғы 30 маусымдағы №19 шешімімен К[...] ауданы 0,1310 гектар, А[...] 0,1290 гектар жер учаскелері берілген.
2007 жылғы 10 тамыздағы Әкімнің №2351 қаулысымен К[...] жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге Пригородный [...] мекенжайында орналасқан ауданы 0,1429 гектар жер учаскесі берілген.
2007 жылғы 18 қыркүйекте К[...] жер учаскесіне жеке меншік құқығы туралы №743 актіні алған. Ж[...] учаскесіне жеке меншік құқығы 2008 жылғы 23 қаңтарда тіркелген. К[...] жеке меншік құқығын 2014 жылғы 17 қаңтарда тіркеген. Қазіргі уақытта көлемі 0,1429 гектар жер учаскесімен тұрғын үйдің жалғыз меншік иесі К[...] болып табылады.
2001 жылғы 25 желтоқсанда Ж[...] А[...] тиесілі тұрғын үйге сатып алу–сату шартын ресімдеуге нотариаттық кеңсеге ұсыну үшін Жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығымен берілген құрылыстың техникалық сипаттамасы туралы №2001/2/417 ақпараттық анықтама алған. Үй-жайдың қысқаша сипаттамасында «Ж[...] учаскесінің жалпы көлемі» деген жолақта б) «соңғы түгендеу мәліметі бойынша» тармағында «жеке пайдалануға 1512 шаршы метр жер» деп көрсетілген. Б[...].А[...] қосымша жер учаскесі табысталғаны жөнінде, соның нәтижесінде оның жері 1512 шаршы метрге дейін ұлғайғаны немесе А[...] жер учаскесі көлемі нақты түрде 1512 шаршы метрді құрайтынын көрсететін құжаттар болмаған.
2002 жылғы 30 қаңтарда.М.А[...] Ж[...] тұрғын үйді 0,1290 гектар жер учаскесімен сатқан.
Сатып-алу шартын куәландыру кезінде нотариус жеке пайдаланатын жер көлемі 1512 шаршы метр деген мәліметті көрсеткен.
Әкімнің 2002 жылғы 11 сәуірдегі №449 қаулысымен Ж[...] Пригородный поселкесі, Гагарин көшесінен көлемі 0,1512 гектар жер учаскесі тұрғын үй салуға және оған қызмет көрсетуге бөлінген. 2002 жылғы 15 сәуірде Ж[...] жер учаскесіне меншік құқығына, жерді тұрақты пайдалану құқығына акт алған. Ж[...] учаскесіне меншік құқығы 2002 жылғы 20 сәуірде тіркелген.
Апелляциялық саты соты талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда сотта зерттелген дәлелдемелермен екі тараптың жер учаскелерінің тарихи қалыптасқан шекарасы болғаны, қоршаулар (забор) тарихи қалыптасқан межелермен орнатылғаны және К[...] немесе Ж[...] жер учаскелеріне қарай ығыспағаны, олардың орнатылуы алғашқы қалыптарына сәйкестігі анықталғандығымен негіздеген. Сонымен қатар, апелляциялық сот алқасының жер учаскесінің шекараларын келісу актісін заңсыз деп тану және күшін жою міндеттеу туралы талап қою бөлігін қайтаруы да негізді болып табылады. Себебі дауланып отырған келісу актісі әкімшілік акт болып табылмайды. АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне апелляциялық сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. Мүделлі тұлға К[...] талап қоюшыдан өкілінің кассациялық саты сотына келуіне байланысты жол жүру және тұрғын үйжайларды жалдау бойынша жұмсаған шығыстары 157 247 теңгені өндіріп алу туралы өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады. Өтінішхаттағы уәждер оған қоса берілген құжаттармен расталады. АПК-ның 108 бабы 7) тармақшасына сәйкес іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға тараптар мен үшінші тұлғалардың жол жүру және тұрғын үй-жайларды жалдау бойынша, олардың сотқа келуіне байланысты жұмсаған шығыстары жатады. Осы кодекстің 109 бабы бірінші бөлігіне сәйкес сот өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 шілдедегі осы іс бойынша шығарылған қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Талап қоюшы Ж[...] мүдделі тұлға К[...] пайдасына 157 247 (бір жүз елу жеті мың екі жүз қырық жеті) теңге сот шығыстары өндірілсін.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.