6001-21-00- 3ПП/112
2021 жылғы 25 қараша
ҚАУЛЫ
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья С.А.Жармұхамбетова,
судьялар Н.Ү.Қайыпжан, Ш.С.Иманиязова,
прокурор Д[...],
талапкер У[...], талапкердің өкілі А[...], жауапкердің өкілі Б[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талапкер У[...] жауапкер «Қызылорда облыстық полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 27 тамыздағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысына келтірген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
У[...] жауапкер «Қызылорда облыстық полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 27 тамыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, Департаменттің Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының үкіміне байланысты У[...] зейнетақысын 2017 жылғы 1 қазаннан бастап тоқтатуды сұраған әрекеті заңсыз деп танылған. Арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысымен қалалық соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы судьясының 2020 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен жауапкердің сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарауға беруден бас тартылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымында іс бойынша қабылданған сот актілері құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділікті бұзуына байланысты оны қайта қарау мәселесі қойылған. Сот алқасы прокурор Д[...] пікірін, жауапкердің өкілі Б[...] ұсынымды қолдаған түсінігін, талапкердің өкілі
А[...] қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, ұсынымның уәждерін талқылай отырып, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 6-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Аталған іс бойынша қабылданған сот актілері соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділік талаптарын бұзады.
АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Іс материалдарынан анықталғандай, У[...] 1994 жылдан бастап 2016 жылға дейін Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының әртүрлі лауазымдарында қызмет атқарып, еңбек сіңірген жылдары үшін полиция полковнигі атағымен зейнеткерлікке шыққан.
Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының 2017 жылғы 6 маусымдағы үкімімен У[...] Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 28-бабының 5-бөлігі арқылы 300-бабының 2-бөлігінің 1, 3-тармақтарымен, 361-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес түпкілікті 3 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Бұған қоса, У[...] ҚК-нің 49-бабының талаптарына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2017 жылғы 6 қарашадағы № 346 л/с бұйрығына сәйкес полиция полковнигі атағынан айырылған.
Бұл айыптау үкімі күшіне енген соң, яғни 2017 жылғы 1 қазаннан бастап У[...] зейнетақы төлеу тоқтатылған.
У[...] Департаменттің іс-әрекетімен келіспей, сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар У[...] арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешімін Департаменттің іс-әрекеті заң талаптарына сәйкес келмеуімен негіздеген.
Алайда, жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарын заңды және негізді деп санауға болмайды.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының
1-бабының 9) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Заң) құқық қорғау органының қызметкері - құқық қорғау органдары жұмыскерлерінің арасынан арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген не біліктілік сыныбы белгіленген Қазақстан Республикасының азаматы.
Заңның 22-бабында арнаулы атақтардың тізімі қамтылған, ал 2-тармағы арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер қызметкерлерге бiлiктiлiгi, бiлiмi, қызметке қатысы, еңбек сiңiрген жылдары және атқаратын штаттық лауазымы ескерiле отырып, реттілік тәртібімен дербес беру мәселесін қарастырған.
Заңның 24-бабының 4-тармағына сәйкес арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сіңіру мерзімі қызметкерге тиісті арнаулы немесе әскери атақ, сыныптық шен берілген күннен бастап есептеледі, бұл ретте еңбек сіңіру мерзіміне лауазымдардағы қызметтің нақты уақыты, сондай-ақ осы Заңның 44-бабында көзделген жағдайларда қызмет өткеруі және қызметкердің бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыста болу кезеңі кіреді.
Жоғарыда аталған нормалар «құқық қорғау органының қызметкері», «арнаулы атақ» және «еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері» бірбірінен ажырамайтын ұғымдар екенін көрсетеді, яғни еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алу құқығы құқық қорғау органы қызметкерінің арнаулы атағы болған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 2-тармағында құқық қорғау органдарының қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру үшін есепке алынатын ақшалай қамтылымның мөлшеріне лауазымдық айлықақысы және арнаулы атағы бойынша айлықақысы (қосымша ақы) кіретіні көрсетілген. Арнаулы атағы бойынша қосымша ақыны есептемей, зейнетақы тағайындау Заңмен қарастырылмаған.
Анықталғандай, У[...] қызмет кезеңінде жасаған қылмысы үшін соттың заңды күшіне енген айыптау үкімімен арнаулы атағынан айырылған.
Демек, жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сәйкес У[...] еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін тоқтату туралы Департаменттің әрекеті негізді болып табылады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабының 1-тармағында азаматтарға жасына байланысты әлеуметтік кепілдіктер көзделген. Бұл ретте сот үкімі негізінде атағынан айырылған У[...] Қазақстан Республикасының әрбір азаматына берілген кепілдік - жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу құқығын сақтайтынын ескерген жөн. Яғни, жергілікті соттар заң талаптарын өрескел бұзып, талап қою арызды ішінара қанағаттандыру туралы заңсыз шешім қабылдаған.
Істің бұл тұрғысында сот актілері талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы бөлігінде күші жойылып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.
У[...] мемлекет пайдасына АПК-нің 117-бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес мемлекеттік баж өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 27 тамыздағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің арыз беруші У[...] жауапкер «Қызылорда облыстық полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің зейнетақыны 2017 жылғы 1 қазаннан бастап тоқтату жөніндегі әрекетін заңсыз деп таныған бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Т[...].У[...] мемлекет пайдасына мемлекеттік баж 1 458 (бір мың төрт жүз елу сегіз) теңге өндірілсін. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Жармұхамбетова
Судьялар Н.Қайыпжан
Ш. Иманиязова
Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Жармұхамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.