ҚАУЛЫ 6003-26-00-4к/208
29 мамыр 2026 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамындағылар: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева, талап қоюшының өкілі А.М.Тайгариннің қатысуымен,
ашық сот отырысында Жантас Муфтоллаевич Зулхарнаевтың (бұдан әріталап қоюшы) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпарациясы» акционерлік қоғамынның Атырау облысы бойынша филиалына (бұдан әріжауапкер), Атырау облысы нотариалдық палатасының нотариусы Мурат Шакирович Нуримовты және Рашит Муфтуллаұлы Зулқарнаевты тарта отырып (бұдан әрі-мүдделі тұлғалар), 2023 жылғы 29 наурыздағы тұрғын үйді жер телімімен сыйға тарту мен тізілімде тіркелген №479 шарттың мемлекеттік тіркелуін зансыз деп тану және олардың күшін жою түрінде қолайлы акті қабылдауға мәжбүрлеу туралы арызы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Атырау облысы мамандандырылған әкімшілік сотының 2025 жылғы 19 мамырдағы ұйғарымына, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшы мен оның өкілінің бірлесіп берген кассациялық шағым бойынша қарап, төмендегені АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа жүгініп, онда жауапкерге қарсы жоғарыдағы талаптарды қойған. Бұл талап қоюдың мазмұнынан туындайтыны, 2023 жылдың 25 маусымында талап қоюшының әкесі З.М. Зұлқарнайұлы дүниеден озған, тірі кезінде ол артындағы қалған ұл-қыздарына үйді тастайтынын ескерткен, кейіннен Атырау облысы Индер аудандық сотының 2024 жылғы 03 мамырдағы шешімімен мұра қабылдау мерзімі қалпына келтірілген, алайда, Атырау облысы Индер ауданы, Өрлік селосы, Қ.Құлниязов көшесі, 13 үй, 1 пәтер оның әкесінің атында тіркелмегендігі туралы жеке нотариус Л.Б.Багитжанова анықтама берген, онымен келіспей ол 2023 жылғы 29 наурызда тұрғын үйді жер телімімен сыйға тарту, тізілімде тіркелген №479 шартты зансыз деп тану туралы талаппен азаматтық тәртіпте сотқа жүгінген, бірақ, кейіннен арызын қараусыз қалдыруды соттан сұрап, талапты қайтарып алған, ал, 2025 жылғы 04 сәуірде жауапкерге шағым берген, оған жоғарыдағы жылжымайтын мүлік мүдделі тұлға Р.М.Зулкарнаевтың атына сыйға тартылғаны туралы шарт бар екендігі жөнінде жауап алған, сондықтан осы жылжымайтын мүліктің тіркелімі туралы құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жою үшін тіркеуші орган соттың заңды күшіне енген актілерінің негізінде жүзеге асыратындығын біліп, осы себеппен белгіленген мерзімнен кейін сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 19 мамырдағы ұйғарымымен қаралып отырған іс бойынша талап қоюшының өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартылып, талап қою қайтарылған.
Бұл сот ұйғарымы апелляциялық сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған.
Аталған екі бірдей сатыдағы сот ұйғарымдарымен келіспеген талап қоюшы, өзінің өкілімен бірлесіп кассациялық шағым беріп, онда сот актілерінің күшін жойып, талап қою бойынша өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішті қанағаттандыруды сұраған.
Іс бойынша жауапкер мен мүдделі тұлғалардың өкілдері кассациялық соттың отырысына келмеді, олардың кейбірі істі өздерінің қатысуынсыз қарауды сұраған. Мұндай жағдайда, сот істі аталған тұлғалардың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды және бұл шешім Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 бабының бірінші бөлігіне қайшы келмейді.
Істі қарауға қатысқан талап қоюшы өкілінің пікірін тыңдап, даудың мәнжайын зерттеп, шағымның және оған қарсы пікірдің уәждерін бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Аталған мән-жайлар осы істі төменгі соттармен қарау барысында табылмады.
Туындаған дауды қарау барысында соттар Қазақстан Республикасында қолданысқа ие процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, істің мән-жайын заң шеңберінде бағалаған.
Іс құжаттарын зерттеу барысында анықталғанындай, талап қоюшының әкесі 2023 жылғы 25 маусымда қайтыс болған, одан кейін ашылған мұраны қабылдау мерзімі қалпына келтірілген және бұл мұраның қабылданды деп танылуы Атырау облысы Индер аудандық сотының 2024 жылғы 03 мамырдағы шешімімен расталған.
Кейінен, талап қоюшы әкесінен қалған Атырау облысы, Индер ауданы, Өрлік ауылы, Қ.Құлниязов көшесі, №13 үй, №1 пәтерді мұраға қабылдау үшін арызданған, бірақ, аталған жылжымайтын мүлік марқұм З.М.Зұлқарнайұлының атында бұрын тіркелмегендігі туралы нотариус Л.Б.Багитжановадан 2024 жылдың 04 шілдесінде арнайы жауап алған.
Осыған байланысты, талап қоюшы азаматтық іс қарайтын аудандық сотқа жүгініп, тұрғын үйді жер телімімен сыйға тарту туралы нотариус М.Ш.Нуримовтың 2023 жылғы 29 наурыздағы №479 шартын заңсыз деп тануды сұраған, алайда, бұл талап арыз соттың 2025 жылғы 28 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюшының тікелей өзінің еркімен қараусыз қалдырылған.
2025 жылдың 03 сәуірінде талап қоюшы жауапкерге арыз түсіріп, жоғарыда аталған тұрғын үй мен жер телімін 2023 жылдың 29 наурызында
мүдделі тұлға Р.М.Зулкарнаевтың атындағы мемлекеттік тіркеудің күшін жоюды сұраған.
Бұл сауалға жауапкердің 2025 жылғы 25 сәуірде қайтарған жауабынан туындайтыны, мемлекеттік тіркеудің күшін жоюды тіркеуші орган соттың заңды күшіне енген актілерінің негізінде ғана жүзеге асырады.
Сөйтіп, талап қоюшы, даулы тұрғын үйдің марқұм әкесінің атында тіркеуде жоқ екендігі туралы нотариустың 2024 жылғы 04 шілдедегі жауабынан білген. Алайда, ол сотқа, әкімшілік талап қоюмен тек тоғыз айдан кейін, яғни, 2025 жылдың 28 сәуірінде, заңда көзделген мерзімді өткізіп алып барып жүгінген.
ӘРПК-нің 136 бабының бірінші бөлігіне сәйкес, дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Осы баптың екінші бөлігінде де талап қоюдың сотқа берілу мерзімі бір ай екендігі көзделген.
Ал, талап қоюшы сотқа жүгінудің осы бір айлық мерзімін өткізіп алған. ӘРПК-нің 136-бабының жетінші бөлігі бойынша, дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот АПК-ның қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.
АПК-нің 126-бабының 2-бөлігінің талабына сәйкес, заңмен белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Мерзімді қалпына келтіру туралы өтініште, оны нақты қалпына келтіруге негіз болатын, әрі даусыз дәлел болатын қандай да бір себепті уәждер талап қоюшы тарапынан ұсынылмаған.
Мұндай жағдайда, соттың талап қоюшының талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тартуы заң талаптарына сәйкес келеді.
Бұл орайда, талап қоюды сотқа уақтылы бермей, заңмен көзделген мерзімді себепсіз өткізіп алуы талап қоюшының процессуалдық олқылығы болып табылатыны ақиқат.
Жоғарыдағы мән-жайлардың негізінде, жергілікті соттардың ӘРПК-нің 136-бабы 8-бөлігінің және 138-бабының 2-бөлігі 15) тармақшасын басшылыққа алып, талап қоюды беруде өткізіп алынған процессуалдық мерзімді қалпына келтірудің мүмкіндігі болмауы туралы тұжырымға дұрыс келіп, талап қоюды ұйғарыммен қайтаруын кассациялық сот оң бағалайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерін бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз жоқ.
Кассациялық шағымның кіріспе бөлігінде, ол берілген соттың аты «әкімшілік істер бойынша кассациялық сот алқасына» деп қате көрсетілген, әрі жауапкердің атауы бұрмаланып, мүдделі тұлғаның біреуі көрсетілмей қалған (әкімшілік талап арызына сәйкес емес), оның үстіне шағымның кейбір уәждері кезінде төменгі соттардың зертеуінен өткен, ал, қазіргі кезде олардың талап қоюшы тарапынан процесуалдық мерзімді сақтамауына еш қатысы жоқ және кассациялық сотта өз дәлелін таппады.
Кассатордың сотқа талап арыз түсірудің бір айлық мерзімі жауапкердің 2025 жылғы 25 сәуірде қайтарған жауабынан бастап есептелуі тиіс деген уәжі негізсіз.
Жалпы, талап қоюшының сотқа жүгіну мерзімі, жоғарыда аталған нотариустың 2024 жылғы 04 шілдедегі даулы тұрғын үйдің марқұм әкесінің атында тіркеуде жоқ екендігі туралы жауабынан басталуы тиіс болған.
Оның үстіне, талап қоюшы кезінде аудандық сотқа арыз түсіріп, онысын кейін өз еркімен қайтарып алған, яғни, жылжымайтын мүлікті сыйға тарту туралы деректер бойынша туындаған азаматтық дау аяғына дейін шешілмей қалған.
Осы орайда жергілікті соттар талап қоюшыға бағыт сілтеп, 2023 жылғы 29 наурыздағы №479 шарттың күшін жою жөніндегі талаппен сотқа азаматтық тәртіпте жүгіну қажеттілігін түсіндірген. Мұндай қорытындымен кассациялық сот та келіседі, өйткені азаматтық-құқықтық мәміле – мүлікті сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану әкімшілік істерді қарайтын соттардың құзырына жатпайды.
Сонымен қатар, кассациялық шағымның уәждері оған қарсы пікірмен жоққа шығарылған және ол туралы тұжырымдар жалпы негізді.
Қазіргі кезде қандай да бір жаңа, әрі заң талаптарына сәйкес уәждер кассациялық шағым иелерінен кассациялық сотқа ұсынылмады.
Осы себептерді ескеріп, кассациялық сот іс бойынша шығарылған сот актілерін өзгеріссіз күшінде, ал талап қоюшы тарапының кассациялық шағымын қанағаттандырылусыз қалдыру қажет деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысы мамандандырылған әкімшілік сотының 2025 жылғы 19 мамырдағы ұйғарымы, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы мен оның өкілінің бірлесіп берген кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.