6001-24-00-6ап/1376
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 21 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшы Д.Н.Сыдыковтың, жауапкер өкілі М.Н.Мухашеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Данияр Нурмухамбетович Сыдыковтың жауапкер Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне бұйрықты заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 ақпандағы қаулысына талап қоюшы өкілімен келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күштерін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот отырысында қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда талап қоюшы Д.Н.Сыдыков Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі сот актілерін орындау комитетімен 2011 жылғы 27 сәуірде берілген №104 лицензиясы негізінде Түркістан облысының атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы (бұдан әрі - ЖСО) қызметін атқарған.
Сайрам аудандық сотының 2022 жылғы 3 қарашадағы үкімімен ЖСО Д.Н.Сыдыков Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып , оған 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ол «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2021 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Рақымшылық жасау туралы Заң) 2-бабы 1-тармағының 1- тармақшасына сәйкес негізгі жазадан босатылған .
Аталған сот үкімі заңды күшіне енуіне байланысты Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» заңының 144-бабы 1-тармағының 2)-тармақшасының талабына сәйкес Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі 2023 жылғы 20 қаңтарда қабылданған №45 бұйрықпен Д.Н.Сыдыковтың ЖСОсы қызметімен айналысатын лицензиясын тоқтатқан .
Д.Н.Сыдыков аталған Әділет министрлігімен қабылданған бұйрықпен келіспей, Сайрам аудандық сотының 2022 жылғы 3 қарашадағы үкімімен тағайындалған жазадан Рақымшылық жасау туралы Заңының 2- бабы 1-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес босатылғанын, Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 79бабының 2-бөлігіне сай жазадан босатылған тұлға ретінде өзі сотталған деп саналмайтынын, яғни соттылығы жоқ екендігін, сондықтан 2023 жылғы 20 қаңтардағы №45 бұйрықтың күшін жоюды сұраған. Өз кезегінде бүгінгі таңда Д.С.Сыдыковқа қатысты шығарылған айыптау үкімі заңды күшінде екендігі, оның күші жоғарғы тұрған соттармен жойылмағаны анықталған.
ҚПК-нің 127-бабының 1-тармағымен соттың қылмыстық iс бойынша заңды күшiне енген үкімі, сондай-ақ қылмыстық істі мәні бойынша шешетін басқа да шешiмі анықталған мән-жайларға да, олардың соттың үкімі мен шешімі шығарылған адамға қатысты құқықтық бағалануына қатысты да барлық мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi.
Талап қоюшы Д.С.Сыдыковтың жоғарыда көрсетілген Қазақстан Республикасының ҚК-нің 380-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны бойынша соттылығы жоқ екендігі туралы уәждері жергілікті соттармен заңды әрі негізді басшылыққа алынбаған, өйткені талап қоюшыға қатысты Түркістан облысы Сайрам аудандық сотымен 2022 жылдың 3 қарашасында шығарылған айыптау үкімі заңды күшіне енген, аталған үкімге сәйкес, талап қоюшы кінәлі деп танылып, үкім қабылдаған сотпен Рақымшылық жасау туралы Заңың қолданылуына байланысты, ол тағайындалған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылған.
Аталған мән-жайлар өз кезегінде талап қоюшының қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын жоққа шығармайды, тек айыптау үкімін қабылдаған сотымен Рақымшылық жасау туралы Заңың қолданылуына байланысты сотталған тұлға жазаны өтеуден босатылғаның көрсетеді.
ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігімен сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартатындығы қарастырылған.
Келтірілген мән-жайлар мен заң нормалары аясында жергілікті соттардың сот актілері заңды әрі негізді, өйткені дауланып отырған бұйрықты қабылдау барысында жауапкер тарапынан заң бұзушылықтарға, оның ішінде процедуралық сипаттағы кемшіліктерге жол берілмеген.
Осыған орай, сот алқасы сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, соттармен заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген деп санайды.
Дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 1 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Данияр Нурмухамбетович Сыдыковтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ. Әлжанов
Судьялар
Ж. Ермагамбетова Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.