ВС РК - Постановление от 18.01.2024 по делу 6001-23-00-6ап/1851 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 18 қаңтар 6001-23-00-6ап/1851 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар –Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өміралиев болып,

талап қоюшылардың өкілі А[...],

жауапкер өкілі А[...],

мүдделі тұлға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлуметтік қорғау Комитетінің өкілдері А[...] пен Д[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар Ә[...], Қ[...], Д[...], Ә[...], А[...], Т[...], Т[...], Қ[...], Қ[...], Қасымжан Ережеп, Қ[...], М[...], Д[...], Окан, Р[...], Б[...], М[...], С[...], Т[...], Хазигул, Қ[...], А[...], Қ[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және әлуметтік қорғау Комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) жасы бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тарту туралы шешімдерін заңсыз деп тану туралы талабы бойынша қабылданған,

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 мамырдағы қаулысына талап қоюшылардың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 13 қаңтардағы шешімімен талап қоюлары қанағаттандырылған.

Департаментінің талап қоюшыларға қатысты жасы бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тарту туралы шешімдері заңсыз деп танылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі бұзылып, іс бойынша жаңа шешім қабылданған. Талап қоюшылардың талап қоюларын қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасының сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, күшін жойып, бірінші сатылы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Іс бойынша басқа мұдделі тұлғаның өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшылардың өкілінің кассациялық шағымын қолдаған, жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен келіспеген, мүдделі тұлғаның пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляцялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда талап қоюшылар Қ[...] Республикасынан (бұдан әрі – ҚХР) Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға көшіп келген қандастар болып табылады.

2022 жылдың тамыз-қыркүйек айларында олар тұрғылықты жерлері бойынша Шығыс Қазақстан облысының халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға құжаттарын тапсырған.

2022 жылғы 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Департаментің шешімдеріне сәйкес талап қоюшыларға жастарының келуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартылған. Бас тарту себебі негізі ретінде ұсынған еңбек өтілі туралы құжаттары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 6 желтоқсандағы №11-1-2/576 бұйрығымен бекітілген «Құжаттарды заңдастыру қағидалары» бойынша заңдастырылуға жататындығы көрсетілген.

Талап қоюшылардың шағымдары Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және әлуметтік қорғау Комитетімен қанағаттандырусыз қалдырған. Бұл бас тартумен келіспеген талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген.

Бірінші саты соты талапты қанағаттандыруын даулы қатынастар болған уақытта қолданыста болған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №223 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларында» (бұдан әрі – Қағида) ұсынылған құжаттарды «Құжаттарды заңдастыру қағидалары» бойынша заңдастыру көзделмегенімен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот Департаменттің ұстанымы дұрыс деген қорытындыға келіп, сот шешімінің күшін жойған.

Сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді.

Қандастарға зейнетақы тағайындау негіздері мен тәртібі Заң мен Қағидамен реттеледі.

Заңның 13-бабының 1-тармағының 18) тармақшасына сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынады.

Қағиданың №8 қосымшасының 8-тармағында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі және оларға қойылатын талаптар көрсетілген.

Қағиданың жоғарыда аталған тармағына сәйкес Қазақстан Республикасына тарихи елінде тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтардың шығу мемлекетіндегі еңбек қызметін растайтын құжаттар ұсынылуы қажет. Ал, Қағиданың 8-тармағында көзделгендей, шет тілінде жасалған құжаттарды ұсыну барысында нотариус «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабы 1-тармағы 9) тармақшасына, 80-бабына сәйкес құжаттың қазақ немесе орыс тіліне дұрыс аударылғанын куәландырады.

Заңда немесе Қағидада аталған құжатты «Құжаттарды заңдастыру қағидаларына» сәйкес заңдастыру қарастырылмаған және Қағидада «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына ғана сілтеме жасалған. Яғни, Қағида нормаларының мазмұнына сай қандастардың еңбек қызметін растайтын шет тілінде жасалған құжаттары қазақ немесе орыс тіліне дұрыс аударылғанын нотариалдық куәландыруы жеткілікті болып табылады.

Қағида тізбесіндегі тиісті құжаттар талап қоюшылармен толығымен ұсынылған.

Сондықтан Департаменттің талап қоюшыларға құжатты Қағидамен көзделмеген тәртіпте рәсімдеуді талап етуі заңсыз болып табылады.

ӘРПК-нің 14-бабымен әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынған.

Сондықтан талап қоюды қанағаттандыру жайлы бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 қаңтардағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшылардың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.