6001-23-00-6ап/2960
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 11 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев болып,
талап қоюшы Ж[...] «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне іс-әрекетін заңсыз деп тану, тұрғын үй кезегін қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша,
Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 наурыздағы және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымдарына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ж[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгініп, 2014 жылдан бастап көпбалалы отбасы санатында тұрғын үй алуға кезекке тұрғанын, алайда тұрғын үй комиссиясының шешімімен 2021 жылғы 6 мамырда кезектен шығарып тастаған әрекетін заңсыз деп есептейтінін.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 наурыздағы ұйғарымымен әкімшілік талап қою арызы мерзімді өткізіп алуына байланысты кері қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар талап қоюшы Ж[...] талап арыз беруге өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруден бас тартып, талап арызды кері қайтарған.
Сот алқасы, төмеңгі саты соттарының тұжырымдарымен келісіп, олар төмеңгі негіздермен заңды әрі негізді қабылданған деп тапты.
ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігінде дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа берілетіндігі қарастырылған.
АПК-нің 126-бабының екінші бөлігінде, егер сот мерзімдерді өткізіп алу себептерін дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін екендігі көзделген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Ж[...] 2014 жылдан бастап коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобының ішінде «көпбалалы отбасы» санаты бойынша кезекке тіркелген.
2021 жылғы 6 мамырда «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» ММ-нің тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен талап қоюшы тұрғын үй кезегінен шығарылған. Басқарма тарапынан талап қоюшының тұрғын үй кезегінен шығарылғаны жөнінде хабарлама уақытында жеткізілген, оны талап қоюшы жоққа шығармаған.
Талап қоюшы 2021-2022 жылдары Басқармаға бірнеше рет өтінішпен жүгінген, Басқарма басшысының жеке қабылдауында болып, талап нысанасы бойынша оған тиісті түсіндірмелер берілген, соңғы рет Басқармаға 2022 жылғы 19 қазанда жазбаша өтінішпен жүгініп, оған Басқарма тарапынан 2022 жылғы 9 қарашада жауап берілген.
Алайда, талап қоюшы сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен тек 2022 жылғы 22 желтоқсанда жүгінген, яғни сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алған, ал оларды растайтын дәлелді себептер ұсынбаған.
Істің бұндай тұғысында жергілікті соттар ӘРПК-тің 138-бабының 2- бөлігінің 15) тармақшасына сай, яғни өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартып, талап арыз қайтарылу қажет деген тұжырымдары негізді болып табылады.
Жергілікті соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бермеген.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері, яғни талап қою мерзімін денсаулық жағдайына байланысты өткізіп алдым деген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал талапкердің сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 наурыздағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б.
Судьялар Нажмиденов Б.Т.
Нұрбаев Г.К. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.