Қ А У Л Ы
2026 жылғы 9 сәуір №6003-26-00-2к/291 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Қадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшының өкілі А.Ж.Жакипов,
жауапкерлердің өкілі М.А.Аккулов қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Нагима Алимханқызы Назарованың жауапкерлер Бауыржан Жалдыбаевич Назаровқа, Сакен Жалдыбаевич Назаровқа, Галымжан Жалдыбаевич Назаровқа, Нұрсұлтан Жалдыбайұлы Назарға, Мусафархан Рахматуллаевич Спатаевқа, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар Бәйдібек ауданы әкіміне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, нотариустар: Әбдуәлі Қожахметұлы Асқарқа, Гульмира Сабитовна Момыноваға, Рахима Жетесовна Жетесоваға қойған жылжымайтын мүлікті сатып алу - сату шарттарын және заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікті жарамсыз деп танып, жер телімін бастапқы қалпына келтіру туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотының 2025 жылғы 19 мамырдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Н.Назарова талап қоюын күйеуі Б.Назаровтың жанұя мүшелеріне шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскелерін өзінің келісімінсіз сатып жібергенімен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші саты сотының шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды. Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкерлердің өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 178бабының 1-тармағына, 179-бабының 3-тармағына сай, талап қоюдың мерзімі үш
жыл болып белгіленген және бұл мерзімінің өтіп кетуі соттың талаптан бас тарту туралы шешім шығаруына негіз болады.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 33-бабы 1-тармағына сай, ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.
Осы Кодекстің 34-бабына сай, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету ерлi-зайыптылардың екеуінің келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
Екінші жұбайдың тек қана оның талап етуі бойынша оның келісімі болмаған себептері бойынша және егер басқа тарап осы мәмiленi жасасуға екінші жұбайдың келiспеуі туралы бiлгендiгi немесе көрінеу бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген жағдайларда ғана сот ерлi-зайыптылардың бiреуiнің ерлiзайыптылардың ортақ мүлкiне билік ету жөнiнде жасасқан мәмiлені жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Талап қоюшы Н.Назарова мен жауапкер Б.Назаровтың араларындағы некелері 1990 жылғы 12 мамырда тіркелген. Осы некеден тараптардың араларында 1991 жылғы 25 қаңтарда туған Назаров Бекжан, 1993 жылғы 6 қазанда туған Жалдыбай Нұржан, 2005 жылғы 27 тамызда туған Жалдыбай Бақжан есімді ұлдары бар. 2024 жылғы 24 желтоқсандағы сот шешімімен талап қоюшы Н.Назарова мен жауапкер Б.Назаровтың некелері бұзылған.
1997 жылғы 29 қаңтардағы №775 жер үлесіне құқық жөніндегі куәлікке қарағанда, жауапкер Б.Назаровтың «Назар» өндірістік кооперативіндегі жер үлесі 39,80 га, оның ішінде 13,72 га егістік, 1,0 га суармалы жер құраған.
«Назар» өндірістік кооперативінің 2002 жылғы 21 наурыздағы №6 хаттамалық шешімімен «Жалдыбай» шаруа қожалығына жауапкер Б.Назаровтың жоғарыда көрсетілген жер үлестері 49 жылға берілген.
Бәйдібек ауданы әкімінің 2002 жылғы 12 қыркүйектегі №344 қаулысымен жауапкер Б.Назаровқа «Назар» өндірістік коперативінің жер көлемінен 13,72 га егістік, оның ішінде 1,0 га суармалы жер және 26,08 га жайылым, барлығы 39,8 га жер учаскесі, оның жанұя мүшелерінің (4 жан) тиісті жер үлестеріне сәйкес шаруа қожалығын жүргізу үшін жалға 49 жылға берілген.
2011 жылғы 20 маусымда Бәйдібек аудандық жер қатынастары бөлімі мен жауапкер Б.Назаровтың арасында жоғарыда аталған кадастрлық №19-286-070099, көлемі 39,8 га жер учаскесін жалға беру шарты жасалған.
Бәйдібек ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 26 қаңтардағы №24 қаулысымен жауапкер Б.Назаровқа жалға берілген 39,8 га жер учаскесінің ішінен 26,08 га жайылым жер учаскесі жеке меншік құқығымен сатылып берілген.
2012 жылғы 26 қаңтарда Бәйдібек аудандық жер қатынастары бөлімі мен жауапкер Б.Назаровтың арасында алаңы 26,08 га, кадастрлық №19-286-070-099 жер учаскесін 172 128 теңгеге сатып алу - сату шарты жасалған.
2012 жылғы 3 сәуірдегі сатып алу - сату шартымен жауапкер Б.Назаров кадастрлық №19-286-070-099, көлемі 26,08 га жер учаскесін жауапкер М.Спатаевқа 5 000 000 теңгеге сатқан.
2016 жылғы 22 тамыздағы сатып алу - сату шартымен жауапкер М.Спатаев аталған жер учаскесін жауапкер Н.Назарға 1 000 000 теңгеге сатқан.
2018 жылғы 24 тамыздағы нотариалды куәландырылған сыйға тарту шартымен жауапкер Н.Назар кадастрлық №19-286-070-099, көлемі 26,08 га жер учаскесін Г.Айтимбетоваға сыйға тартқан.
Г.Айтимбетова 2021 жылғы 18 мамырда қайтыс болып, оның артында қалған мұрагерлік мүлік болып табылатын дау айтылған кадастрлық №19-286070-099, көлемі 26,08 га жер учаскесі басқа мұрагерлердің бас тартуына байланысты жауапкер С.Назаровтың меншігіне өткен.
Осылайша, дау туындаған уақытта кадастрлық №19-286-070-099, көлемі 26,08 га жер учаскесі жауапкер С.Назаровтың жеке дара меншігінде болған.
Сонымен қатар, 2006 жылғы 20 наурыздағы біткен құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау актілеріне сәйкес, жауапкер Б.Назаровтың Жиенқұм елді мекенінен шығысқа қарай 2 шақырым жерде салынған шопан үйі мен мал қорасы пайдалануға қабылданып, оның осы мүлікке құқығы уәкілетті органда 2006 жылғы 10 мамырда тіркелген.
Бәйдібек ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 19 мамырдағы №224 қаулысымен жауапкер Б.Назаровқа жоғарыда көрсетілген мал қорасына 439,2 шаршы метр және шопан үйіне 117,6 шаршы метр, барлығы 556,8 шаршы метр жер учаскесі жеке меншікке сатылып берілген.
Осыған сәйкес, Бәйдібек ауданы әкімі мен жауапкер Б.Назаров араларында кадастрлық №19-286-070-323 (шопан үй, алаңы 0,01176 га) және кадастрлық №19-286-070-324 (мал қора, алаңы 0,04951 га), жалпы алаңы 0,06127 га жер учаскелерін 13 201 теңгеге сатып алу-сату шарты жасалып, уәкілетті органда 2011 жылғы 30 желтоқсанда тіркелген.
2012 жылғы 3 сәуірдегі сатып алу - сату шарттарымен жауапкер Б.Назаров жоғарыда көрсетілген жер учаскелерін 10 000 000 теңгеге құрылыстарымен қоса жауапкер М.Спатаевқа сатқан.
2016 жылғы 22 тамыздағы сатып алу - сату шарттарымен жауапкер
М.Спатаев аталған жер учаскелерін құрылыстарымен қоса Н.Назарға сатқан.
2018 жылғы 24 тамыздағы сыйға тарту шарттарымен жауапкер Н.Назар осы жер учаскелерін Г.Айтимбетоваға сыйға тартқан.
Г.Айтимбетова 2021 жылғы 18 мамырда қайтыс болып, осы жер учаскелері мұрагері С.Назаровтың меншігіне өткен.
Осылайша, дау туындаған уақытта кадастрлық номерлері 19-286-070-323, көлемі 0,01176 га және 19-286-070-324, көлемі 0,04951 га жер учаскелері жауапкер С.Назаровтың жеке дара меншігінде болған.
Н.Назарова өз талаптарын жауапкерлер Б.Назаров пен М.Спатаев араларында 2012 жылы жасалған сатып алу - сату шарттарын өзінің келісімінсіз жасалғаны негізінде жарамсыз деп тануды сұраған.
Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшы Н.Назарованың 2005 жылғы тамыздан бастап жауапкер Б.Назаровпен бір отбасында тұрмайтынын, ортақ шаруашылық жүргізбегенін, яғни Б.Назаровтың даулы мүліктерге жеке өзінің меншік құқығы олардың араларындағы ерлі-зайыптылық қатынасы іс жүзінде тоқтаған уақытта туындағанын, даулы мүлік ортақ меншік ретінде танылмағанын, сондықтан даулы мәмілелерді жасауға талап қоюшының келісімі қажет болмағаны туралы қорытынды жасаған.
Сонымен қатар, сот талап қоюшы Н.Назарованың жауапкер Б.Назаровпен ортақ балалары болғандықтан хабарласып, араласып тұрғанын ескеріп, талап қоюшы даулы мәмiлелер туралы олар жасалған кезде бiлуі тиiс болған деп тұжырымдап, дауға ескіру мерзімін қолданып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың даулы мәмілелерге қатысты талап қоюдың үш жылдық ескіру мерзімін қолданғанын, осы негізде талап қою қанағаттандырудан бас тартқанын дұрыс деп санайды, себебі бұл негіздер заң талаптарына сай келеді.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған, алайда іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға төменгі сатыдағы соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
М.Қадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.