ҚАУЛЫ
2026 жылғы 21 қаңтар 6003-25-00-4к/2456(2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – М.А.Қасымов
судьялар – Г.М.Ыдырысова, А.Ж.Назарова болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Карылга Нсанбекованың жауапкер Қайыршақты ауылдық округінің әкіміне анасына тиесілі жер телімін алу құқығын және өтінішін қанағаттандырмаған әрекетін заңсыз деп танып беру туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы ұйғарымына және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы К.Нсанбекова сотқа берген талап қоюында жауапкерден анасы Үміт Ахметовна Нсанбековаға тиесілі жер телімін алу құқын танып беруді және өтінішін қанағаттандырмаған әрекетін заңсыз деп тануды сұраған. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы ұйғарымымен талап қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК-сі) 138-бабының 2-бөлігінің 11), 15) тармақшаларына сәйкес қайтарылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымдарымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшы мен жауапкердің өкілдерінен Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтініштер келіп түсті.
Алайда, бұл өтініштер қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы тұлғалар алдын-ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
ӘРПК-нің 115-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Кассациялық сот кассациялық шағыммен қарсылықтың уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, келесідей қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Төмен тұрған соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшының анасы Ү.А.Нсанбековамен 2023 жылғы 21 ақпанында Қайыршақты ауылдық округінің әкіміне арыз берілген, ол арызында 1983-94 жылдар арасында «Теңдік» көкініс-сүт совхозында егінші болып еңбек еткенін, 1994 жылы совхоз тарағаннан кейін жұмысшыларға пай бөлінгенін, өзіне пай тиесілі екенін, бірақ құжаты берілмегенін жазып, өзіне тиесілі пай – жер телімін беруді сұраған.
Қайыршақты ауылдық округі әкімімен аталған арыз Атырау қаласының жер қатынастары бөліміне жолданған.
Алайда, Ү.А.Нсанбековаға тиесілі пай туралы мәлімет болмауына байланысты, нақты мәлімет алу үшін қалалық мұрағатқа арыздану қажет екені туралы қалалық жер қатынастар бөлімімен Ү.А.Нсанбековаға жауап жолданған.
Талап қоюда жазылғандай 2023 жылдың 2 мамырында қайтыс болған, осыдан кейін 2025 жылдың 6 қаңтарында «е Otinish» платформасы арқылы талап қоюшы жауапкер атына арызданып, анасына тиесілі жер учаскесін өзіне мұрагер ретінде беруді сұраған.
Жауапкердің аталған жер телімін бөлуге округ әкімдігі қатыспағандығы, жерге қатысты құжаттар округ әкімдігінде тіркелмегендігі туралы жауабын талап қоюшы 2025 жылғы 20 қаңтарында алған.
ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
ӘРПК-нің 136-бабының 8-бөлігіне сәйкес талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
Сот алқасы талап қоюшымен осы талап қоюмен сотқа жүгінуге арналған мерзімді өткізіп алғандығы туралы жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіседі, себебі талап қоюшы талап қоюмен 2025 жылғы 21 сәуірінде, яғни 2 ай уақыт өткеннен кейін сотқа жүгінген.
Мерзім өткізіп алуының негізі ретінде талап қоюшының заңды білмегендігі жергілікті соттармен дәлелсіз себептерге дұрыс жатқызылып, талап қоюшы талап қою үшін заңмен белгіленген мерзімді өткізіп алған деп дұрыс қорытындыланған.
Бұған қоса, талап қоюшының анасына тиесілі жер телімін алу құқығын танып беру туралы талап қоюдың бұл бөлігі ӘРПК-нің 138-бабының 2- бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес қайтарылуға жатады, себебі заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер АПК-тің 32-тарауына сәйкес азаматтық тәртіппен қаралуға жатады.
Осылайша, жергілікті соттардың К.Нсанбекованың жауапкер Қайыршақты ауылдық округінің әкіміне анасына тиесілі жер телімін алу құқығын танып беру туралы талап қоюдың бөлігі ӘРПК-нің 138 - бабының 2 - бөлігінің 11) тармақшасына, К.Нсанбекованың жауапкер Қайыршақты ауылдық округінің әкіміне өтінішін қанағаттандырмаған әрекетін заңсыз деп танып беру туралы талап қоюдың бөлігі - ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес қайтарылуға жатады деген тұжырымдары заңды әрі негізді болып табылады.
Мұндай жағдайларда сот актілері күшінде, ал кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК–нің 169-бабының 1- бөлігін, АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы ұйғарымы және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
М.Қасымов
Судьялар
Г.Ыдырысова
А.Назарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.