ВС РК - Постановление от 09.04.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1311 (Административное)

6001-24-00-6ап/1311

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,

талап қоюшының өкілі Т.Э.Саитгалиевтың, жауапкер Е.А. Асылбектің қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы «Altynzhol Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Астана қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Асылбек Еркінұлы Алшынбекке атқарушылық іс жүргізуді қозғау, автокөлікке тыйым салу, жауапкерге белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу және борышкердiң банктердегi, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы мүлкінің құны мен сипаты туралы мәліметтерді, банктік есеп шоттарының нөмірлері және оларда ақшаларының бар - жоғы жөніндегі ақпаратты алдырту және оларға тыйым салу туралы қаулыларының күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 ақпандағы шешіміне және Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі – МАЭС) 2020 жылғы 9 қазандағы ұйғарымымен талап қоюшы «Жоспарлау-Құрылыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – ЖШС) мен жауапкер «Алтынқұрық» ЖШС-нің (атауы «Altynzhol Group» ЖШС болып өзгертілген) арасында 2020 жылғы 28 қыркүйекте жасалған медиациялық келісім бекітілген.

Сот ұйғарымына сәйкес жауапкер «Altynzhol Group» ЖШС талап қоюшы «Жоспарлау-Құрылыс сервис» ЖШС-не 1 458 863 130,21 теңгені бөліп төлеуге міндеттенген.

МАЭС-мен 2023 жылғы 22 қарашада атқару парағы жазылып берілген.

2023 жылғы 6 желтоқсанда Астана қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Е. А. Асылбекпен (бұдан әрі – ЖСО) атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

ЖСО-мен атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар қабылданған.

«Altynzhol Group» ЖШС ЖСО Е. А. Асылбектің әрекеттерін даулап, жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, жергілікті соттар ЖСО қабылдаған даулы қаулылар ЖСО құзыреті шегінде және атқарушылық іс-жүргізу туралы заңнама аясында қабылданған деген тұжырымға келген.

ӘРПК-нің 5 бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 7 бабында белгіленген заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабы 1- тармағының 1) тармақшасына сәйкес атқарушылық құжаттар мәжбүрлеп орындатуға мынадай мерзiмдерде сот актiлерi негiзiнде берiлетiн сот бұйрықтары мен атқарушылық парақтар - үш жыл iшiнде ұсынылуы мүмкін.

Заңның 38-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында сот орындаушысы өзіне атқарушылық құжат келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде, егер атқарушылық құжат орындауға ұсынылатын мерзім өтіп кетсе және сот оны қалпына келтірмесе атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығаратыны көрсетілген.

Сотта анықталғандай, ЖСО өндіріп алушының арызы бойынша атқарушылық құжаттың негізінде 2023 жылғы 6 желтоқсанда атқарушылық іс жүргізуді қозғаған.

Сот ұйғарымына сәйкес жауапкер «Altynzhol Group» ЖШС талап қоюшы «Жоспарлау-Құрылыс сервис» ЖШС-не 1 458 863 130,21 теңгені бөліп төлеуге міндеттенген, ең соңғы төлемнің мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсан деп белгіленген.

Сот алқасы, көрсетілгендердің негізінде Заңда белгіленген атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға ұсынудың үш жылдық мерзімі өтпеген, құжат атқарушылық құжатқа қойылатын талаптарға сәйкес келеді, Заңның 38-бабында көрсетілген атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту негіздері жоқ деген жергілікті соттардың тұжырымы дұрыс деп санайды.

Осылайша, атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы заңды түрде шығарылған.

Дауланып отырған 2023 жылғы 6 желтоқсандағы борышкердің банктік есеп шоттарына тыйым салу туралы қаулы Заңның 32-бабының 6-тармағына сәйкес прокурормен санкцияланған.

Заңның 1-бабының 1) тармақшасында атқарушылық іс жүргізу – атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар екені көрсетілген. Заңның 2-бабына сәйкес осы Заңға сәйкес азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi болып табылады.

Сонымен қатар, Заңның талаптарына сәйкес сот орындаушысы атқарушылық іс қозғаумен бір мезгілде Заңның 32-бабында көзделген атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды қолдануға құқылы.

Сондықтан, 2023 жылғы 6 желтоқсанда сот орындаушысымен автокөлікке тыйым салу; жауапкерге белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу; борышкердің банктік есеп шоттарына тыйым салу туралы ЖСО-ның қаулылары Заңның талаптарына сәйкес шығарылған, олардың күшін жоюға негіздер жоқ.

Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес, сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.

Аталғандар негізінде, сот алқасы, жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді. АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына

сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 ақпандағы шешімі және Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев

Г.К. Нұрбаев Е.Д.Өміралиев

Судьялар

Көшірмесі дұрыс Судья Г.К. Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.