Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 02.10.2025 по делу 6003-25-00-3к/333 (Об административном правонарушении)

№6003-25-00-3к/333

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 2 қазан Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі Кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья К.А.Мусетов, судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин,

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі А.Төремұратұлының,

адвокат М.К.Серикбаевтың қатысуымен,

ашық сот отырысында бейне-конференц байланыс құралдарын пайдалана отырып қылмыстық істер жөніндегі Кассациялық сотының ғимаратында қылмыстық істер жөніндегі Кассациялық сот төрағасының Түркістан облысының Келес аудандық сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысын, Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы ұсынуы бойынша келіп түскен Фахриддин Эгамбердиевич Рузибоевқа қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің (әрі қарай – ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Түркістан облысының Келес аудандық сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысымен Ф.Э.Рузибоев ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған, оған Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберу жазасы тағайындалған.

Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сотының сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Ұсынуда соттардың заңды күшіне енген сот актілерін соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзған деп қайта қарау ұсынылады.

Ұсынуды қолдаған адвокаттың, сот актілерінің күшін жойып жаңа қаулы қабылдау туралы прокурор қорытындысын тыңдап, сот іс бойынша шығарылған сот актілерінің күші жойылуға, ұсыну – қанағаттандырылуға жатады деп санайды. ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3)-тармағына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Сот каулысына сай, Өзбекстан Республикасының азаматы Ф.Э.Рузибоев Қазақстан Республикасы аумағына 2024 жылғы 4 қарашада кіріп, рұқсат етілген уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасы аумағынан он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтарған.

ӘҚБтК-нің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиiс.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 Қаулысымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларының 6-тармағына сай, көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болуының рұқсат етілген мерзімі Қазақстан Республикасына виза алуды талап етпейтін тәртіппен келген көшіп келушілер үшін – егер Қазақстан Республикасының тиісті тараппен жасалған келісімінде өзгеше тәртіп белгіленбесе немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртіп белгілемесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн, күнтізбелік жүз сексен күннен тұратын әр кезең ішінде жиынтығында күнтізбелік тоқсан күн өткен соң аяқталады.

«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы 6-бабының 4-тармағында көрсетілгендей, уақытша тұруға арналған рұқсаты бар көшіп келушілер олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасынан кетуге міндетті.

Адвокат М.К.Серикбаевтың Ф.Э.Рузибоев бірінші сатыдағы сотта қатыспағаны туралы уәждері апелляциялық сатымен қаралған, алайда алқа оған құқықтық баға берген жоқ. Ал ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясы айыппұл немесе Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберу жаза түрлерін қарастырады.

ӘҚБтК-нің 744-бабының 3-бөлігіне сай, он сегiз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкімшілік қамаққа алу, қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ шетелдiкті не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жiберу немесе адамға берiлген арнайы құқықтан (көлiк құралдарын басқару құқығын қоспағанда) айыру түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның қатысуы мiндеттi.

ӘҚБтК-нің 843-бабының 1-бөлігіне сәйкес, осы Кодекстiң процестік нормаларын елеулі түрде бұзу деп іс бойынша іс жүргiзу және оны қарау кезiнде осы Кодекстің қағидаттарының және iске қатысатын тұлғалардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу рәсiмдерiн сақтамау немесе iстiң мәнжайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге өзге жолмен кедергi келтiру арқылы заңды және негiзделген қаулы шығаруға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн өзге де жалпы ережелерiнiң бұзылуы танылады.

Бірінші сатыдағы сотымен іс ӘҚБтК-нің 744-бабы 3-бөлігінің талаптарын бұза отырып әкімшілік іс жүргізу жүргізіліп жатқан тұлғаның қатысуынсыз қаралған, осымен қорғануға конституциялық құқықтар бұзылған.

ӘҚБтК-нің 843-бабының 5-бөлігіне сай, егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде процестік нормалардың қандай да бір өзгеше елеулі түрде бұзылуына жол берiлсе, судья iсті қарауды жүргiзеді, бұл ретте жол берiлген бұзушылықты жоюға шаралар қолданады, тиiсінше сот, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) қаулысының күшiн жояды және iсті қараудың нәтижелерiн ескере отырып, жаңа қаулы шығарады.

Осыған байланысты, бірінші және апелляциялық соттардың қаулылары заңсыз болып табылады және жаңа қаулы шығарылып, олардың күші жойылуға жатады.

Жаңа қаулы шығарғанда, сот жауаптылықты ауырлататын мәнжайлар жоқтығын, Қазақстан Республикасында әкімшілік құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын және де ӘҚБтК-нің 517-бабы 4- бөлігінің баламалы санкциясын ескере отырып, соған сәйкес айыппұл салуды дұрыс деп санайды.

Кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылуға жатады.

ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Фахриддин Эгамбердиевич Рузибоевқа (Ruziboev Fakhriddin Egamberdievich) қатысты Түркістан облысының Келес аудандық сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысының және Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.

Ф.Э.Рузибоев ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын, оған 92 300 теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалсын.

Айыппұл қаулы заңды күшіне енген сәттен 30 күннің ішінде төленуге тиіс.

Қылмыстық істер жөніндегі Кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші: К.Мусетов Судьялар: Г.Даулетова

М.Сатыбалдин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.