Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1565 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/1565

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 17 қараша

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Рамазанова, Г.М.Даулеткалиева, талап қоюшы Г.Ж.Абдрахманованың, жауапкер өкілдері Ж.Ш.Демеубаева мен Т.Т.Ахметовтың, үшінші тұлға өкілі Г.З.Нугыманованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Гулназ Жалгасбаевна Абдрахманованың жауапкер «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «№113 Қаракөл орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жұмыстан босату туралы бұйрықтың, еңбек шартын бұзу туралы бұйрыққа өзгеріс енгізу туралы бұйрықтың күшін жою және жұмысқа қайта орналастыру туралы талап қоюы бойынша Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Г.Ж.Абдрахманова сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Қызылорда облысы Қармақшы аудандық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен аталған сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісі шығарылған.

«Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «№113 Қаракөл орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Мектеп) 2024 жылғы 31 қазандағы №120 бұйрығының (бұдан әрі – 1-бұйрық) күші жойылған. Мектептің 1-бұйрыққа өзгеріс енгізу жөніндегі 2024 жылғы 1 қарашадағы №122 бұйрығының (бұдан әрі – 2-бұйрық) күші жойылған. Талап қоюшы Мектепке «дефектолог» лауазымына жұмысқа қайта орналастырылған. Сот шығындары шешілген.

Жауапкер өкілі шағымында апелляциялық сатыдағы сот азаматтық істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамай, істің нақты мән-жайларына сай келмейтін түйіндер мен тұжырымдар жасап, заңсыз шешім қабылдағандықтан, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,

заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Даулы қарым-қатынастар туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату» Қағидаларының (бұдан әрі - Қағида) 132-тармағына сай мемлекеттік білім беру ұйымы педагогінің бос немесе уақытша бос лауазымына орналасуға арналған конкурсты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымы ұйымдастырады.

Қағиданың 161-тармағында ең көп балл жинаған кандидат конкурстан өткен болып есептеледі және мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысына тағайындауға ұсынылатыны бекітілген.

2024 жылғы 10 қазанда Мектептің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында «дефектолог» мамандығына конкурс жарияланып, онда конкурс 2024 жылғы 17 қазанда өтетіні көрсетілген және талап қоюшы мен азаматша Ж.Б.Жолдасбек Мектептің жанындағы конкурстық комиссияға құжаттарын тапсырған.

Аталған комиссияның 2024 жылғы 17 қазандағы хаттамасына сәйкес азаматша Ж.Б.Жолдасбектің құжаттары толық болмауына байланысты, ол конкурсқа қатыса алмайтындығы айқындалып, Хаттамалық шешімі негізінде Г.Ж.Абдрахманова Мектепке 2024 жылғы 18 қазандағы №114 бұйрықпен «дефектолог» болып жұмысқа қабылданған.

Конкурсқа қатысушы азаматша Ж.Б.Жолдасбектің енесі азаматша Ж.Ержанова 2024 жылғы 28 қазанда «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Департамент) шағымданып, соңғысы осы шағым негізінде Мектепке 2024 жылғы 30-31 қазан күндері жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде конкурстық комиссиямен Қағиданың 152,156,169тармақтарының талаптары бұзылғаны атап айтқанда:

  1. конкурсқа қатысуға құжаттарды қабылдау конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған соңғы күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүргізілмегені;

  2. кандидаттың құжаттарын қабылдағаннан кейін үш жұмыс күні ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыс және/немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің болуы не болмауы туралы уәкілетті органдардан сұрау жүргізілмей, жауабы алынбағаны;

  3. конкурс нәтижелері мемлекеттік білім беру ұйымының Интернет ресурсында, конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өткізілетін күні ұйымның әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында жарияланбағаны анықталған.

Аталған бұзушылықтар бойынша 2024 жылғы 31 қазанда тексеру нәтижелері туралы №24 акті рәсімделіп, Мектепке 2024 жылғы 29 қарашаға дейін аталған бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 31 қазандағы №24 нұсқама (бұдан әрі - Нұсқама) берілген.

Осы Нұсқаманы орындау мақсатында Мектептің 1-бұйрығына сай талап қоюшы 2024 жылғы 1 қарашадан бастап жұмыстан босатылған. Содан кейін, Мектептің 2-бұйрығымен 1-бұйрыққа Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 49-бабының 3-тармағы басшылыққа алынып, Г.Ж.Абдрахманова жұмысқа қабылдану кезінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының талаптарының сақталмауына байланысты қайта конкурс жариялау, Г.Ж.Абдрахманованы жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың күшін жою» туралы өзгеріс енгізілген.

Талап қоюшы Даулы бұйрықты және оған енгізілген өзгерістерді заңсыз деп есептеп, келісу комиссиясына шағыммен жүгінген, келісу комиссиясының 2024 жылғы 26 қарашадағы шешімімен талап қоюшының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған. Г.Ж.Абдрахманова жұмыстан босату туралы шешіммен келіспей сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот даулы бұйрыққа қатысты талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту барысында Нұсқама Мектеп тарапынан дауланбаған, Мектептің талап қоюшымен еңбек шартын тоқтатуға Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген басқа да жағдайларда, еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы негіз болады деп тұжырымдаған, сондай-ақ, 2024 жылғы 27 қарашада Мектептің «дефектолог» мамандағына қайта конкурс өткізіліп, оған талап қоюшы қатысқан және конкурстың жеңімпазы ретінде танылмаған деген тұжырымға келген.

Бұған қоса, бірінші сатыдағы сот «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы №9 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - нормативтік қаулы) 31-тармағына сай даулы 2- бұйрықта (енгізілген өзгерістермен қоса) Мектеп Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 49-бабының 3) тармақшасына қателесіп сілтеме жасаған деп танып, Кодекстің 49-бабының 9) тармақшасы, 60-бабының 6) тармақшасымен талап қоюшыны жұмыстан босатуы дұрыс деп тапқан.

Алайда бұл сот шешімімен апелляциялық сатыдағы сот келіспей төмеңдегі негіздермен талап қоюды қанағаттандырған.

Қағиданың 171-тармағына сай азаматша Ж.Б.Жолдасбек 2024 жылғы 17 қазандағы Хаттамалық шешімге шағым жасамаған, тиісінше Қағиданың 175тармағына сай апелляциялық комиссияның шешіміне Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте (бұдан әрі - ӘРПК) айқындалған тәртіппен шағым жасамаған. Яғни, азаматша Ж.Б.Жолдасбек конкурс нәтижесімен келіскен.

Демек, бүгінгі күнге дейін не конкурстық актісімен, не сот шешімімен 2024 жылғы 17 қазандағы Хаттамалық шешімнің күші жойылмаған.

Даулы бұрықтар мен Нұсқаманы орындау мақсатында Мектеп тарапынан 2024 жылғы 27 қарашада «дефектолог» мамандығына қайта конкурс өткізіліп, нәтижесінде жеңімпаз ретінде азаматша Ж.Б.Жолдасбек танылған.

Алайда, талап қоюшы қайта өткізілген конкурс нәтижесімен келіспей, Қағида талаптарын сақтай отырып, ӘРПК-нің тәртібімен сотқа шағымданған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 ақпандағы шешімімен қайта өткізілген конкурстың 2024 жылғы 27 қарашадағы №33137 Хаттамалық шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Аталған әкімшілік істі қарау барысында азаматша Ж.Б.Жолдасбектің сертификаты «Дефектология» лауазымы бойынша конкурсқа қатысуға жарамсыз болып табылатыны анықталған.

Сондықтан апелляциялық сатыдағы сот Нұсқамада көрсетілген бұзушылықтарға конкурстық комиссиямен жол берілгенін және олардың салдарынан қандай да бір тұлғалардың құқықтарының бұзылмағанын ескере отырып, бұл бұзушылықтар талап қоюшыны Кодекстің 49-бабының 9) тармақшасы және 60-бабының 6) тармақшасы негізінде жұмыстан босатуға сөзсіз негіз бола алмайды деген дұрыс тұжырымға келген. Істің мұндай тұрғысында, кассациялық сот уәкілетті органның тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың орын алуына конкурсқа қатысушылардың кінәсі жоқтығын, бұл жағдай тікелей конкурстық комиссия мен комиссия төрағасының кемшілігі екенін, сондай-ақ заңды жеті білмеушілігі салдарынан орын алғанын ескеріп, апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандыру шешімін заңды әрі негізді деп санайды. Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актісінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот апелляциялық сатыдағы сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Төрағалық етуші Н.Ормаханов Судьялар А.Рамазанова

Г.Даулеткалиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.