ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 қазан 6003-25-00-4к/1983 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,
мүдделі тұлға өкілдері А.Т. Садирбаевтың және У.Ж. Сулейменованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар «Үміт» шаруа қожалығы мен «Шамшырақ» шаруа қожалығының (бұдан әрі – ШҚ) жауапкерлер Темір ауданының әкіміне (бұдан әрі – Әкім), Темір ауданының жер комиссиясына (бұдан әрі – Жер комиссиясы) қатысты 2024 жылғы 5 қыркүйектегі №22 қорытынды хаттамасын заңсыз деп тану және күшін жою, 2024 жылғы 6 қыркүйектегі аудан әкімінің қаулысын заңсыз деп тану және күшін жою, 2024 жылғы 6 қыркүйектегі шартты жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешіміне, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысына талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
МАӘС-тің 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы өкілінің төмен төрған соттармен материалдық және процестік құқық нормаларын бұзу салдарынан сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Талап қоюшының өкілінің басқа сот отырысы тағайындалуына байланысты сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтінішхаты әкімшілік іске қатысушылар сот отырысының уақыты, күні туралы тиісті түрде және алдынала хабарлануына байланысты қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сонымен қатар, кассациялық соттың пікірінше, дау санатын ескере отырып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін іс материалдары негізінде толық әрі объективті түрде тексеруге болады. Іс материалдарында талап қоюшының құқықтық ұстанымы қамтылған, ол кассациялық шағымның дәлелдерінде егжей-тегжейлі баяндалған.
Жауапкерлер Әкімдік мен Жер қатынастары бөлімінен олардың қатысуынсыз қарау туралы өтінішхаттар келіп түскен. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Төмен тұрған соттардың тараптарынан мұндай бұзушылықтар орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Темір ауданы, Алтықарасу ауылдық округінде орналасқан көлемі 930 гектар (оның ішінде – 836.23 гектар егістік, 91.20 гектар жайылым және 2.57 гектар басқа алқаптар) жер учаскесін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру бойынша (лот № 1) Темір ауданының жергілікті атқарушы органымен 2024 жылғы 5 қыркүйекте конкурс өткізген.
Жоғарыда аталған конкурсқа «Шамшырақ» ШҚ конкурстық өтінімімен қатысып, алайда Темір аудандық жер комиссиясының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі №21 конкурс құжаттарын (конверттер) ашу хаттамасымен талап қоюшының конкурстық өтінімі қабылданбай, кері қайтарылған.
Дауланып отырған Темір аудандық жер комиссиясының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі №22 қорытынды хаттамасына сәйкес аталған лот бойынша «Нұрасхан» ШҚ жеңімпаз болып танылған.
Аталған хаттама негізінде Әкімінің дауланып отырған 2024 жылғы 6 қыркүйектегі №169 қаулысымен «Нұрасхан» ШҚ-ға Темір ауданы Алтықарасу ауылдық округіне қарасты ауыл шаруашылығы мақсатындағы ауданның босалқы жерінен шаруа қожалығымен айналысу үшін жалпы көлемі 930 гектар (оның ішінде – 836.23 гектар егістік, 91.20 гектар жайылым және 2.57 гектар басқа алқаптар) жер учаскесі 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына берілген. 2024 жылғы 6 қыркүйекте «Темір аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ мен «Нұрасхан» ШҚ-ның басшысы Д.С.Нурлыбаев арасында дауланып отырған №8 шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарты жасалған.
Төмен тұрған соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, өткізілген конкурс шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларының және заң талаптарының нормаларына сәйкес жүргізілген деген тұжырымға келген.
Кассациялық сот төмен тұрған соттардың тұжырымдарымен келісіп, жауапкердің талап қоюшыға сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден бас тартқаны заң нормаларына сәйкес деп таниды.
Конкурсты өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43-1-бабымен және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидалары» (бұдан әрі – Қағида) негізінде реттеген.
Анықталған мән жайларға сәйкес, «Шамшырақ» ШҚ-ның конкурстық құжаттамасы Жер кодексінің 43-1-бабының 10 тармағына сәйкес болмаған, себебі беттердің сандары қате нөмірленіп, түзетулер орын алған. Жобада 32ден 46-қа дейін парақтары жоқ екені анықталды. Салдарынан, комиссия заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты конкурс құжатталарын кейін қайтарылып, бұл жөнінде конкурс хаттамасында Жер кодексіне сілтеме жасай отырып көрсетілген.
Тендерге қатысуға «Нұрасхан» ШҚ-ғы мен «Үміт» ШҚ-ның өтінімдері мақұлданған.
Кодекстің 43-1-бабының 14-тармағына сәйкес, конкурс жеңімпазын жер комиссиясы тиісті өлшемшарттарды ескере отырып, балл беру арқылы конкурстық ұсыныстарды салыстыру негізінде айқындайды. Тиісінше, ауданда кемінде 5 жыл тұратын адамдарға, ауыл шаруашылығы кооперавтивтеріне орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жер учаскесін алу кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша 10 балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Анықталған мән-жайларға сәйкес, лот бойынша конкурс нәтижесі дауысқа шығарылмаған, себебі жеңімпаз жоғары балл алу арқылы анықталған. Атап айтқанда, «Нұрасхан» ШҚ-ның басшысы Д.С.Нурлыбаевтың 2015 жылғы 12 қаңтардан бастап Алтықарасу ауылдық округінің Еңбекші ауылында тұрақты тіркеуде тұру салдарынан оған қосымша 10 балл берілген. Ал «Үміт» ШҚ-ның басшысы М.С.Уразгулов 2024 жылғы 20 тамыздан 2024 жылғы 20 қыркүйекке дейін осы Еңбекші ауылында уақытша тіркеуде болған. Дауланып отырған 2024 жылғы 5 қыркүйектегі хаттама Қағиданың 26тармағына сәйкес келеді, конкурсқа қатысқан жер комиссиясының барлық мүшелері қол қойған, онда барлық тоғыз лоттың нәтижелері көрсетілген.
Конкурсқа Жер комиссиясының 9 мүшесі қатысып, оның 4-і мемлекеттік органдардың өкілдері мен Әкім болса, қалған 5-і үкіметтік емес сектор өкілдері болып табылады, салдарынан конкурстық комиссиясының құрамы заңда белгіленген тәртіпке сәйкес.
Тиісінше, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар дауланып отырған әкімшілік актілер мен шартты жарамсыз деп тануға негіз жоқ деген қорытындысы іс материалдарына сәйкес келеді, себебі конкурстық комиссия тарапынан конкурсты өткізу барысында заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК–нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешімі, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев Судьялар Г. Ыдырысова М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.