Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.08.2025 по делу 6003-25-00-2к/207 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 26 тамыз №6003-25-00-2к/207 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші С.К.Нурабай, судьялар С.С.Кененбаев, Л.Б. Мамырбаева,

талап қоюшының өкілі Б.Т. Культаевтың, жауапкер Жамбыл облысы «Меркі ауданы əкімдігінің жер қатынастар бөлімінің» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі Н.Шəдеттің, жауапкер К.Т.Муратбековтің өкілі Ж.Досайұлының қатысуларымен

талап қоюшы Жамбыл облысы Меркі ауданы əкімінің жауапкерлер Жамбыл облысы «Меркі ауданының əкімдігінің жер қатынастар бөлімінің» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан əрі – Мекеме), Кайрат Тлеукешович Муратбековке келісім шартты жарамсыз деп тану туралы электронды азаматтық істі жауапкер К.Т. Муратбековтің өкілі Ж.Досайұлының берген Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 23 қыркүйектегі шешіміне жəне Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысына кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Меркі ауданының əкімі жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 23 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған. Мекеме мен К.Т.Муратбековтің арасында жасалған 2021 жылғы 12 қаңтардағы №53 жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкердің өкілі кассациялық шағымда бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер К.Т.Муратбековтің өкілі Ж.Досайұлын, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Б.Т. Культаевты, жауапкер Мекеменің өкілі Н.Шəдетті тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан

əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан əрі – Кодекс) 147бабы 1 тармағына сəйкес жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады жəне жүргізеді. Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көрсетілген ерекше жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жəне жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады.

Кодекстің 43-1 бабының 1-тармағында мемлекеттік меншіктегі жəне жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру осы бапта белгіленген тəртіппен жəне шарттарда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылатыны қарастырылған.

Іс құжаттарымен Меркі ауданы əкімдігінің 2021 жылғы 11 қаңтардағы №10 қаулысымен Аспара ауылдық округінің аумағындағы мемлекеттік жер қорынан жауапкер К.Т. Муратбековке жалпы ауданы 130,9888 гектар жайылымдық (кадастрлық №06-092-085-174) жер учаскесіне 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы жалға беріліп, Мекемемен 2021 жылғы 12 қаңтарда №53 жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарты жасалғаны анықталған.

Меркі ауданының прокуратурасы 2024 жылы жергілікті атқарушы органмен жер заңнамасы талаптарының сақталуына тексеру жүргізіп, тексеру барысында бастапқыда алқап түрі егістік болып табылатын жерлердің конкурсқа жайылым жер ретінде заңсыз шығару фактісі анықталған.

«Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының мəліметі бойынша 2011 жылғы 28 желтоқсандағы жерді түгендеу (инвентаризация) жұмыстарына сəйкес аталған жер учаскесінің (130,9888 га) алқап түрі егістік ретінде белгіленгені анықталған.

Істі соттарда қарау барысында дауланып отырған жер учаскесі

Кодекстің 48-бабының талаптарын бұза отырып, яғни жер учаскесінің алқап түрі егістік екеніне қарамастан, оның жайылымдық жер ретінде жауапкер К.Т. Муратбековке заңсыз берілгені өз дəлелін тапқан.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан əрі - АК) 267бабы 1-тармағына сай, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сəйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң жəне басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану жəне оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тəртiбiмен жарамсыз деп танылады.

АК-нің 158-бабына сəйкес, мазмұны заңнама талаптарына сəйкес келмейтін мəміле, сондай-ақ құқықтық тəртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мəміле, егер осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мəміле болып табылады жəне сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

Бірінші сатыдағы сот аталған мəн-жайларды негізге алып жауапкерлердің арасында жасалған 2021 жылғы 12 қаңтардағы келісім шарт заң талаптарын бұза отырып жасалынғанын анықтап, оны жарамсыз дегені заңды.

Бірінші сатыдағы сот жауапкер өкілінің талап қою мерзімі өткендігі жөніндегі оның уəждерін дұрыс негізсіз деп тапқан.

Өйткені, талап қоюшыға көрсетілген мəн-жайлар 2024 жылы ақпан айында Меркі аудандық прокуратурасының ұсынысының негізінде белгілі болған.

АК-тің 180-бабының 1-тармағына сай, талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады.

Сондықтан касациялық сот жергілікті соттардың бұл дау бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі қолдануға жатпайды тұжырымдарын негізді деп санайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымынындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы – Тараз қалалық №2 тіркеу жəне жер кадастры бөлімінің (бұдан əрі – Жер кадастр бөлімі) 2025 жылғы 30 сəуірдегі хатына сілтеме жасап, 2012 жылғы 17 қазандағы №2399 Меркі ауданы Аспара ауылдық округінің аумағындағы ауыл шаруашылық алқаптарын түгендеу сызбасында даулы жер учаскесі жайылымдық жер болып белгіленгені туралы уəжін кассациялық сот назарға алмайды.

2023 жылғы 21 тамыздағы «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының хатында 2011 жылғы 28 желтоқсандағы жерді түгендеу (инвентаризация) жұмыстарына сəйкес аталған жер учаскесінің (130,9888 га) алқап түрі егістік ретінде белгіленген деп мəлімделген.

Сонымен қатар, Жер кадастр бөлімінің көрсетілген хатында К.Т.Муратбековке Аспара ауылдық округінің аумағындағы жер қорынан 2021 жылғы 2 тамыздағы берілген жер учаскесі жөнінде айтылған. Алайда, бұл іс бойынша дауланып отырған жер учаскесі жауапкер К.Т.Муратбековке 2021 жылғы 12 қаңтардағы №53 қаулысымен берілген. Істі қарау барысында Кодекстің 98-бабында көрсетілген ауыл шаруашылығы алқаптарының бір түрден екіншісіне ауыстыру тəртібінің, яғни жауапкер К.Т. Муратбековке жалға берілген 130,9888 га егістік жердің жайылымдық жерге ауыстыру тəртібінің сақталынғаны туралы мүдделі тараптармен дəлелдер келтірілмеген.

АПК-нің 451-бабының 4-бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы сот сот актілерінде көрсетілмеген не ол жоққа шығармаған мəн-жайларды белгілеуге немесе дəлелденген деп есептеуге құқылы емес.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымға тіркеген Жер кадастрының хаты апелляциялық сот шешім қабылдағаннан соң 4 айдан кейін берілген жəне бұл хаттағы мəліметтер нақты дəлелдемелерге негізделмеген.

АПК-нің 73-бабының 1 жəне 2-бөліктеріне сай тараптардың қолында бар дəлелдемелерді сотқа ұсынбау осы дəлелдемелерді апелляциялық, кассациялық сатылардағы сотқа ұсыну мүмкіндігін болдырмайды. Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мəн-жайларды сот тараптар мен іске қатысатын басқа да адамдардың талаптары мен қарсылықтарының негізінде, қолданылуға жататын материалдық жəне процестік құқық нормаларын ескере отырып анықтайды. Тұлға осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген жағдайларда істі сот талқылауына дайындау барысында не сот талқылауы барысында ашылған жəне сотқа дейінгі хаттамада көрсетілген дəлелдемелерге ғана сүйенуге құқылы.

АПК-нің 15-бабының 3-бөлігінде сот шешімді əрбір тарапқа бірдей негіздерде зерттеуге қатысуды қамтамасыз еткен дəлелдемелерге ғана негіздейді.

Мəні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Кассациялық сот бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дəлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мəн-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты жəне объективті зерттелген, тараптар ұсынған дəлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 23 қыркүйектегі шешімі жəне Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкер К.Т.Муратбековтің өкілі Ж.Досайұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: С.К.Нурабай

Судьялар: С.С.Кененбаев

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.