ВС РК - Постановление от 30.03.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2209 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 30 наурыз 6001-22-00-6ап/2209 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер Түркістан облысы, [...] әкіміне қаулыны заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 наурыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Жауапкер Ордабасы ауданы әкімінің өкілі кассациялық шағымға қарсы пікірінде жергілікті соттардың сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы А[...] Астана қаласына келуге мүмкіндігі жоқ екенін, жауапкер Ордабасы ауданы әкімінің өкілі Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында басқа сот отырысы бар екенін көрсетіп, ал мүдделі тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі ешқандай уәжсіз, істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Сондықтан, тараптардың сотқа келмеуі туралы уәждерін сот дәлелді деп санамайды.

Мүдделі тұлғалар «Ордабасы ауданы жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің және «ОS[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Ордабасы ауданы әкімінің (бұдан әрі – аудан әкімі) 1996 жылғы 23 қаңтардағы №17 шешімімен «Ж[...]» шаруа қожалығына Қ[...] атындағы ұжымдық бірлестіктің «Коммунизм» бөлімшесінде орналасқан аудандық жер қоры есебінен өмiр бойы мұраға қалдырып иеленуге 50 га жер учаскесi берілген.

Аталған жер учаскесіне кадастрлық №[...] мемлекеттік акт ресімделіп, 2006 жылдың 9 қаңтарында талап қоюшы А[...] тұрақты жер пайдалану құқығы тіркелген.

2003 жылғы 2 маусымда аудан әкімінің №771 қаулысымен Қажымұқан атындағы ұжымдық бірлестікте орналасқан аудандық жер қоры есебінен «ОS[...]» ЖШС-не тауарлы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін 500 га, оның ішінде 4,53 га егістік жер, 300 га жайылым жер және 195,47 га егістік жер 49 жылға ұзақ мерзімге өтеулі уақытша пайдалануға жалға берілген.

Аталған жер учаскесіне кадастрлық №[...] мемлекеттік акті ресімделген. 2003 жылғы 8 шілдеде жалға беру туралы шарт жасалып, ол 2004 жылғы 5 сәуірде тіркеуші органда тіркелген.

Талап қоюшы А[...] «ОS[...]» ЖШС-не жер учаскесі өзіне тиесілі жер учаскесімен беттесіп берілгенін көрсетіп, аудан әкімінің 2003 жылғы 2 маусымдағы қаулысын заңсыз деп тануды сұраған.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда талап қоюшыға тиесілі жер учаскесінің кадастрлық ісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының мұрағатында және МКЖ ААЖ электронды картасында болмауымен, А[...] жер пайдалану құқығы 2006 жылғы 9 қаңтарда, «ОS[...]» ЖШС-ның жер пайдалану құқығы 2004 жылғы 5 сәуірінде тіркелгені, яғни соңғының құқығы талап қоюшының құқығынан бұрын тіркелгенімен негіздеген.

Соттардың уәждері сот актілерінде егжей-тегжейлі көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 наурыздағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.