Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/3897 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/3897

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 2 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы А.Р.Тлеубергеннің, өкілдері А.Ш.Байшукуровтың, С.Р.Тлеубергеновтың,

жауапкер өкілі Р.С.Тажгуразовтың қатысуларымен, ашық сот отырысында Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Айгүл Рзабекқызы Тлеубергеннің жауапкер «Казпошта» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалына бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, жұмысына қайта орналастыру жайлы электрондық азаматтық ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

А.Р.Тлеуберген сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Ақтөбе қалалық сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған, «Казпошта» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының 2024 жылғы 14 қазандағы №04-58224 л/с бұйрығы заңсыз деп танылып күші жойылып, А.Р.Тлеуберген «Казпошта» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының Байгазин аудандық пошта байланысы торабының басшысы қызметіне қайта орналастырылған. Сот шығыстары бөлінген.

Талап қоюдың қанағаттандырылуына, соттың талап қоюшымен жұмыс берушіге материалдық шығын келтіргені сотта өз дәлелін таппағаны жайлы тұжырымға келуі негіз болған.

Апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен, сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жайлы жаңа шешім шығарылған. Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, талап қоюшының қаражаттың жетіспеушілігіне кінәлілігі расталғаны, даулы бұйрықты қабылдауда еңбек заңнамасының бұзылуына жол берілмегені және талаптың тиісті емес жауапкерге, заңды тұлғаның филиалына қойылуы негіз болған. Талап қоюшы кассациялық шағымын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына, кенеттен тыс тексерудің заңсыз жүргізілуіне, даулы бұйрықтың дұрыс рәсімделмеуіне, материалдық шығынның орын алмағанына негіздеп, іс бойынша талап қоюын қанағаттандыру жайлы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, талап қоюшының пошта торабының жұмысына тікелей жауапты тұлға бола тұра, өзінің әрекетімен қаражаттың жетіспеушілігіне жол бергені

толығымен дәлелденгендіктен, шағым берілген сот қаулысын күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотымен жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 18)тармақшасының талабы бойынша, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыс берушіге материалдық нұқсан келтіруге әкеп соққан, жұмыс берушінің атқарушы органының басшысы, оның орынбасары не жұмыс берушінің актісінде айқындалған жұмыс беруші филиалының, өкілдігінің және (немесе) өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесінің басшысы еңбек міндеттерін бұзған жағдайларда бұзылуы мүмкін.

Дауды сотта қарауда қолданыста болған «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 22-тармағына сәйкес, соттар жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауына қатысты дауды қараған кезде жұмыскердің жасаған теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза түрін (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, еңбек шартын бұзу) таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жататынын ескеруі керек.

Жұмыс беруші тәртіптік жаза түрін айқындаған кезде Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8), 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15), 16). 17), 18) тармақшаларында көзделген жағдайларда еңбек шартын бұзуды қолдануға құқылы.

Іс құжаттарынан анықталғандай, А.Р.Тлеуберген 2016 жылғы 27 қыркүйектегі №7701л бұйрығы негізінде, «Қазпошта» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының Байғанин аудандық пошта байланысы торабының бастығы қызметін атқарған.

Тараптар арасында 2016 жылғы 24 қыркүйекте толық материалдық жауапкершілік туралы шарты жасалған.

Осы шарттың 1-тармағына сәйкес А.Р.Тлеуберген өзіне сеніп тапсырылған материалдық құндылықтар мен ақшалардың бүтіндігіне қауіп

төндірген барлық жағдайларды жұмыс берушіге хабарлауға, олардың қозғаласы мен қалдықтары туралы бекітілген тәртіпте тауар-ақша есебін құру, ұсыну және есебін жүргізуге, құндылықтар мен ақшалардың сақталуы операцияларының жүргізілуіне бекітілген ережені қатаң сақтауға міндеттенген.

А.Р.Тлеубергеннің қатысуымен ол басқарған пошта байланысы торабының жұмысына 2024 жылғы 9 қыркүйекте кенеттен жүргізілген тексерудің қорытындысымен, бас кассасында 748 643 теңге қолма-қол ақшаның жетіспеушілігі анықталған.

Сол кезде А.Р.Тлеуберген бұл қаражаттың жетіспеушілігін, пошта байланысы торабының екі көлік құралын жөндеуге, олардың қосалқы бөлшектерін сатып алуға және тазалық құралдарына жұмсалғанымен түсіндірген.

Дегенмен, тексерумен оның бұл уәждері бірде бір дәлелмен расталмаған. Тексеру барысында жүргізуші А.Әбибуллин түсінігінде, талап қоюшыдан қызметтік көлік құралын жөндеуге ақша алмағанын көрсеткен. Касса меңгерушісі Т.Ә.Хайбуллина, бас маман Л.Мажитова түсініктерінде ақшаны кассадан тікелей А.Р.Тлеубергеннің алғанын растаған.

Ақшаның мекеме кассасына А.Р.Тлеубергеннің тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 11 қыркүйекте кері қайтарылғаны, жүргізуші А.Әбибулин мен ауыстыру блогының бастығы Б.Мұратқұлының түсініктерімен бекітілген.

Аталған мән-жайлар А.Р.Тлеубергенмен АПК-тің 72-бабының талабына сәйкес іске қатысты, жол беруге болатын дәлелдемелер жиынтығымен жоққа шығарылмаған.

Яғни, А.Р.Тлеубергенмен жұмыс берушіге материалдық нұқсан келтіруге әкеп соққан әрекеттерге жол берілгендіктен, онымен еңбек шарты еңбек заңнамасының талаптарына сай бұзылған.

Одан бөлек, апелляциялық сатыдағы соттың іс бойынша талап қоюдың тиісті емес жауапкерге қойылғаны және сотпен істің талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешілмегені жайлы тұжырымдары негізді болып табылады. Себебі, даулы бұйрық «Казпошта» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалымен емес, «Казпошта» акционерлік қоғамымен қабылданған және А.Р.Тлеубергенмен сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін талап қою талаптарының мөлшерін көбейтіп, АПК-не көзделген тиісті тәртіппен жұмысына қайта орналастыру жайлы талап қойылмаған.

Апелляциялық сатыдағы сотының тұжырымдары сот қаулысында ашып көрсетілген, кассациялық сотқа бұрын соңды зеттелмеген жаңа дәлелдер ұсынылмағандықтан олар қосымша уәждеуді қажет етпейді.

Осы мән-жайларға байланысты сот қаулысына өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін заңда көзделген негіздердің болмауына байланысты, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар А.Есдаулетов

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.