КСАД РК - Постановление от 09.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/563 (Административное)

ҚАУЛЫ

9 қазан 2025 жыл №6003-25-00-4к/563 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші Туғанбаев М.А.,

судьялар – Нуралыева Н.Е., Оспанова Ж.А. болып,

талап қоюшының сенімді өкілі Ж.Б.Тагановтың,

жауапкердің сенімді өкілі Б.Б.Кемаловтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – талапкер, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы) «Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – жауапкер, Басқарма) бас мемлекеттік еңбек инспекторының 2023 жылдың 20 желтоқсанындағы қорытындысын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына талапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымдағы қаулысымен осы іс бойынша қабылданған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы 2024 жылғы 22 ақпандағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпанындағы қаулысымен жоғарыда көрсетілген сот актілерінің күші жойылып, әкімшілік іс апелляциялық сатыдағы сотқа басқа құрамда қайта қарауға жіберілген.

Әкімшілік істі қайта қарау нәтижесінде Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы сот алқасының қаулысымен келіспей, кассациялық шағымда істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығын көрсетіп, дау айтылған сот актісінің күшін жойып, іс бойынша талап арызды қанағаттандыруды сұрайды.

Талапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттар анықтағандай, зардап шегуші А.О.Тажиманов «Өзенмұнайгаз» АҚ-да №1 скважиналарға қызмет көрсету басқармасына қарасты №2 автотізбегінің көтергіш машинисті болып қызмет атқарған және оған қатысты жазатайым оқиға 2023 жылдың 18 қыркүйегінде №6 скважинаның басынан №1 скважиналарға қызмет көрсету басқармасының гаражына бара жатқан жолда орын алған.

Жұмыс берушінің сенімді өкілінің кассациялық сотта берген түсінігіне сәйкес, аталған жазатайым оқиғаның орын алуына келесі жағдай сеп болған.

А.О.Тажиманов танспорт жөніндегі аға мехник С.Төреханнан тиісті нұсқама болмағанына қарамастан, өз бастамасымен скважина басынан көтергіш агрегаттың жұмыс алаңшаларын жинамай жолға шығып кеткен және жолда көтергіш агрегаттың жұмыс алаңшаларын жинау мақсатында тоқтап, көтергіш агрегаттың жұмыс алаңшаларын жинау кезінде платформа үстімен кіші алаңшаға қарай жүріп бара жатып, өзінің тепе-теңдігін ұстай алмай шалқасынан құлап, ауыр салдарлы жазатайым оқиғаға ұшыраған.

Маңғыстау облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының 2023 жылғы 26 қыркүйектегі бұйрығымен құрылған комиссия осы ауыр салдарлы жазатайым оқиғаға арнайы тексеру жүргізіп, нәтижесінде Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің (бұдан әрі - Еңбек Кодексі) 186-бабының 3- тармағының 1) тармақшасына сәйкес А.О.Тажимановтың іс-әрекеті өз бастамасымен, басқарма басшылығының рұқсатынсыз, нұсқаулықтар (қауіпсіздік) талаптарын бұзу нәтижесінде орын алған, яғни аталған зардап шегуші өзінің лауазымдық міндеттерін және өндірістік нұсқаулықтарының талаптарын өрескел бұзған, сондықтан орын алған оқиға еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде есепке алынуға жатпайды және актімен рәсімделмейді деген қорытындыға келген.

Маңғыстау облысының бас мемлекеттік инспекторы А.Инкаров зардап шегушінің комиссия қорытындысына қарсылығын қарап, жазатайым оқиғаның себептері ретінде жұмыс жүргізудің қанағаттанғысыз ұйымдастырылуы мен зардап шегушінің өрескел абайсыздығының орын алғандығын көрсетіп, осыған байланысты тараптардың сабақтас жауаптылығын белгілеп, жұмыс берушінің кінәсі - 50%, жұмыскердің кінәсі - 50% деген тұжырымға келіп, Еңбек Кодексінің 186-бабының 2-бөлігінің 2) тармағының негізінде аталған жазатайым оқиға еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде есепке алуға жатады деген қорытындыға келген.

Еңбек Кодексінің 186-бабының 2-бөлігінің 2) тармағында еңбекке жарамсыздыққа не қайтыс болуға әкеп соққан, еңбек міндеттерін орындауға байланысты жұмыскерлер, жіберуші тараптың жұмыскерлері денсаулығының зақымдануы, егер олар жұмыс орнында болған жұмыс уақыты ішінде, жұмысы қызмет көрсету объектілері арасында жүріп-тұрумен байланысты жұмыскер, жіберуші тараптың жұмыскері бара жатқан жолда, оның ішінде жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың тапсырмасы бойынша бара жатқан жолда, сондай-ақ еңбек міндеттерін орындау кезінде іссапар уақытында орын алған болса, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар ретінде есепке алынады деп көрсетілген.

Жоғарыда аталып өткендей, жазатайым оқиғаның зардап шегуші А.О.Тажимановтың №6 скважинаның басынан демонтаж жасалған көтергіш агрегатты №1 скважиналарға қызмет көрсету басқармасының гаражына апара жатқан жолда орын алғандығы және оның осы бағытта жолға шығуы кездейсоқ оқиға емес, керісінше, бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес кезек алды медициналық байқаудан өтіп, жолдама парағын алып, күндізгі ауысымға бірінші кезекке жұмысқа шығуы негізінде болғандығы, кассациялық сотта талапкер өкілімен жоққа шығарылмады, бұдан жазатайым оқиға болған жерде зардап шегушінің болуы, тек қана оның тікелей еңбек міндетерін атқаруымен байланысты екендігі көрінеді.

Мұндай жағдайда сот алқасының Маңғыстау облысының бас мемлекеттік инспекторы А.Инкаровтың, аталған жазатайым оқиға А.О.Тажимановтың еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде есепке алынуға жатады деген қорытындысымен келісуі, істің анықталған мәнжайларына және жоғарыда келтірілген Еңбек Кодексінің нормасына сәйкес келеді. Аталған Кодекстің 190-бабының 2-бөлігінде қарастырылғандай, егер еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссия өрескел абайсыздық зиянның туындауына немесе оның ұлғаюына себеп болғандығын анықтаса, онда комиссия тараптардың сабақтас жауаптылығын қолданады және жұмыскер мен жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындайды. «Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу бойынша нысандарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1055 бұйрығының 17-тармағына сәйкес, егер зардап шегушінің өзінің өрескел абайсыздығы оның денсаулығына келетін зиянның пайда болуына немесе артуына әсер етсе, бұл жағдайда жұмыс беруші мен зардап шеккен қызметкер кінәсінің дәрежесін осы жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру комиссиясы пайызбен айқындайды.

Сот алқасы қаулыда көрсеткендей, №1 басқарма директорымен 2018 жылғы 25 маусымда бекітілген «Көтергіш агрегат машинисті үшін қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулығының» 2.21 тармағында базаға оралар алдында, жөндеу немесе техникалық қызмет көрсету үшін, бір скважинадан екінші скважинаға көшу кезінде, автомобиль жолына шығар алдында міндетті түрде екі жұмысшының көмегімен көтергіш агрегаттың жұмыс алаңшаларын жинап шығу керектігі қарастырылған.

Зардап шегуші А.О.Тажимановтың жұмысшылар көмегіне жүгінбей, скважина басынан көтергіш агрегаттың жұмыс алаңшаларын жинамай жолға шығып кеткендігі, оның аталған нұсқаулықтың талабын сақтамағандығын көрсетеді.

Сол себепті, бас мемлекеттік инспектор аталған жазатайым оқиға зардап шегушінің өзінің еңбек міндеттерін атқару кезінде жасаған өрескел абайсыздығының салдарынан туындаған деген дұрыс қорытындыға келген.

Осы орайда сот алқасының жазатайым оқиғаны тек қана жұмыс беруші тарапынан жұмыскерлердің өндірістік процесс пен жұмыстарды қауіпсіз тәсілмен жүргізудің дұрыс ұйымдастырылмауы, жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормалары мен қағидаларына сәйкес жұмыс істеулеріне тиісті бақылау мен қадағалаудың тиісті деңгейде жүргізілгендігімен байланыстыруы жеткіліксіз.

Алайда бұл жағдай жоғарыда көрсетілген еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес, бас мемлекеттік инспектордың жұмыс берушінің кінәсі - 50%, жұмыскердің кінәсі - 50% деген тұжырымының дұрыстығын жоққа шығармайды.

ӘРПК-нің 8 - бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

Жоғарыда келтірілгендердің негізінде, кассациялық сот дауланып отырған бас мемлекеттік еңбек инспекторының 2023 жылдың 20 желтоқсанындағы қорытындысын заңды деп таныған сот алқасының қаулысымен келіседі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланып отырған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Мұндай жағдайда талапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Туғанбаев М.А. Судьялар Нуралыева Н.Е. Оспанова Ж.А.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.