ВС РК - Постановление от 04.03.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2377 (Административное)

6001-23-00-6ап/2377

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 4 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К.Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

жауапкер өкілі Т[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мәжіліс залында талап қоюшы И[...] жауапкерлер Ақтөбе облысының әкіміне, Ақтөбе қаласының әкіміне, «Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, А[...] әрекетсіздігін заңсыз деп тану, баспана беруді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Ақтөбе қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 наурыздағы шешіміне, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы И[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 наурыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы И[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, жауапкер өкілі Т[...] сот актілірімен келісетін пікірін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 67-бабына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар осы елді мекенде тұрақты тұратын, тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарына пайдалануға беріледі.

Заңның 69-бабына сай азаматтар, егер Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында өздерінің тұрғын үйі болмаса, тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы И[...] қала әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының 2005 жылғы 21 қазандағы хаттамалық шешімімен отбасы құрамында екі адаммен, яғни өзі және 1988 жылғы 6 қарашада туған ұлы И[...] бірге «Толық емес отбасылар» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде кезекке тіркелген.

2010 жылғы 13 қаңтарда И[...] және оның ұлы И[...] уақытша тұру үшін Ақтөбе қаласы, [...] мекен-жайында орналасқан жалпы алаңы 33,6 шаршы метр болатын бір бөлмелі №[...] пәтер берілген және 2011 жылғы 7 қарашада талап қоюшымен жекешелендірілген.

Осыған орай, И[...] арызы негізінде талап қоюшы және оның ұлы И[...] кезек тізімінен алынып, кезегі қызы Қ[...] ауыстырылған.

Талап қоюшы мемлекеттік тұрғын үй қорынан жекешелендірілген пәтерді [...] сәуір 2012 жылы сату-сатып алу шарты негізінде иелігінен шығарған.

Бүгінгі таңда, талап қоюшының жекеменшігінде сату-сатып алу шарты негізінде сатып алынған Ақтөбе қаласы, [...] үш бөлмелі пәтер бар. Осы пәтерде талап қоюшы ұлымен бірге тұратыны анықталған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жауапкерлердің дауланып отырған әрекеттері өз құзіреті шегінде және тұрғын үй заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған деген тұжырымға келген.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сотта зерттеліп, дәлелдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақтөбе қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 наурыздағы шешімі, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы И[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев

Судьялар

Е.Ж. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.