ВС РК - Постановление от 01.11.2021 по делу 6001-21-00-3Г/5591 (Гражданское)

6001-21-00-3г/5591

2021 жылғы 01 қараша

Қ А У Л Ы

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының полиция департаменті» ММ-ге бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 17 мамырдағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы А[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

А[...] сотқа «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының полиция департаменті» ММ-нің (бұдан әрі – Полиция департаменті) 2021 жылғы 29 қаңтардағы № 43-ж/қ бұйрығын заңсыз деп тану, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызбен жүгінген.

Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 17 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

А[...] өтінішхатында іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындалмай, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын, істің мән-жайларына дұрыс құқықтық баға берілмегенін көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша анықталғандай, А[...] Қызылорда қалалық полиция басқармасының (бұдан әрі – Полиция басқармасы) жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымында қызмет атқарған.

«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – № 380-IV Заң) 16-бабы 1-тармағының 4), 5), 7) тармақшаларына сай қызметкерлер өздеріне берілген құқықтар шегінде және лауазымдық міндеттеріне сәйкес өкілеттігін жүзеге асыруға, қызметтік және еңбек тәртібін,

Президент бекітетін мемлекеттік қызметтің әдеп кодексінің талаптарын сақтауға міндетті.

Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі – Әдеп кодексі) 2-бөлігіне сәйкес мемлекеттік қызметші адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моралдық-әдептілік нормаларын сақтауға, қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге тиіс.

2021 жылғы 20 қаңтарда Р.А[...] жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне өзінен Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Қ[...] жоғары лауазымға ауыстыру үшін пара ретінде 200 000 теңге ақша қаражатын талап еткені туралы арызданған.

2021 жылғы 22 қаңтарда сағат 12:00-де Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 366-бабының 2-бөлігімен тіркелген қылмыстық іс бойынша жүргізілген жасырын тергеп-тексеру әрекеттері барысында Қ[...] А[...] пара алғаны үшін ұсталған. 2021 жылғы 26-28 қаңтар аралығында А[...] еңбекке жарамсыздық парағында болған.

№ 380-IV Заңның 80-бабы 1-тармағының 12), 13) тармақшаларына сай қызметкерлер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылады.

Полиция департаментінің 2021 жылғы 29 қаңтардағы № 43-ж/қ бұйрығымен А[...] «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 52-бабының 1, 2-тармағын, Әдеп кодексінің 2-бөлігі 8-тармағының 2) тармақшасын, 4-бөлігі 10-тармағының 2) тармақшасын, № 380-IV Заңның 16-бабы 1-тармағының 4), 5), 7) тармақшаларын өрескел бұзғаны үшін Департаменттің тәртіптік комиссиясының 2021 жылғы 29 қаңтардағы № 47 шешімі және № 380-IV Заңның 80-бабы 1-тармағының 12), 13) тармақшалары негізінде құқық қорғау органдарынан шығарылған.

А[...] құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, мемлекеттік қызметтің ерекше түрінде еңбек ету барысында өзінің қызметін ауыстыру үшін басшысы Қ[...] пара беріп, соңғыға қатысты тергеу әрекеттері жүргізілгенін, өзіне мәлім болған мемлекеттік қызметке кір келтіретін іс-әрекеттер жөнінде уақытылы Полиция басқармасын немесе департаментін ескертпегенін көрсетіп, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 06 қазандағы № 9 «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 22-тармағында берілген түсіндірулерді қолданып, талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген қорытындыға келген.

Өтінішхат иесі 2020 жылғы 26-29 қаңтар аралығында еңбекке жарамсыздық парағында болғанын, 29 қаңтар күні жұмыс беруші өзін жұмысқа шақырып, жоғарыда аталған параққа «жұмысқа қосылсын» деген жазба енгізіп, қызметтік тексеру жүргізіп, тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесін шешкенін көрсеткен.

Өзіне сол күні қабылданған бұйрықпен таныстыру парағын қол коюға ұсынған кезде кадр бөлімінің қызметкері «бұйрық қатаң сөгіс түріндегі жаза тағайындау туралы жасалды» дегенін, алайда оның мәтінімен таныспағандықтан «келіспеймін» деп қолын қысымшылық салдарынан қойғанын, даулы бұйрықпен танысу парағы бөлек параққа жасалғанын, оның негізгі мәтіні компьютермен басылып, бұйрықтың қабылданған күні мен нөмірі қолмен жазылғанын атап өткен.

Қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдаланғаны туралы соттардың тұжырымдарымен келіспейтінін, олар жеткілікті дәлелдемелермен расталмағанын көрсеткен.

Әдеп кодексінің 4-бөлімі 10-тармағының 2) тармақшасына сай төмен тұрған лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне мәлім болған әдеп нормаларының бұзу жағдайлары және мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар туралы басшылыққа және әдеп жөніндегі уәкілге дереу хабарлауға тиіс.

Өтінішхат иесі өзінен параны жоғары лауазымға ауыстыру үшін басшысы Қ[...] талап еткенін, әдіп жөніндегі уәкіл Полиция департаментінде тиісті бұйрықпен тағайындалмағанын, ресми сайтта ол туралы мәліметтердің жоқ екенін, бұл ретте пара беру фактісі бойынша уақытылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін арнайы құзырлы органдарға хабарлап, ҚК-нің 423-бабына сәйкес қылмыс бойынша мәліметтерді жарияламау туралы ескертілгенін көрсеткен.

Жергілікті соттардың құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасады деген қорытындысымен де келіспеушілік білдіріп, аталған әрекеттер Қ[...] тарапынан орын алғанын, ал өзінің орын алған қылмыс туралы тиісті органға хабарлап, қылмыскерді әшкерелеуге барлық мүмкіндіктерді қолданғанын, сол себептен оған қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағы негізінде қылмыстық қудалаудың тотатылғанын ескеруді сұраған. Сонымен қатар, Е,Қ[...] өзінен пара талап ету фактісі тиісті стенограммамен, сараптама қорытындысымен және Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 18 маусымдағы үкімімен өз дәлелін тапқаны туралы көрсеткен.

Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.

АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

қ а у л ы е т т і :

Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 17 мамырдағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы А[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іс бойынша қатысқан тұлғаларға жолдансын.

Судья

Е.Исмаилов

Көшірмесі

дұрыс.Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.