Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4570 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 17 ақпан №6003-25-00-2к/4570 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.Е.Кадылбековтың,

талап қоюшының өкілі Ғ.Ө.Әзімбайдың, жауапкердің өкілі А.Д.Калиеваның қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер Шолпан Кусаиновна Даутоваға өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешіміне және Астана қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкер Ш.К.Даутованың меншік құқығына тиесілі, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №59 үй, кадастрлық №21-318-029-415, жалпы ауданы 0,0286 га жер учаскесі 41 500 498 теңге ақшалай өтемақы төлеумен мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Өтемақы төленіп болғаннан соң жауапкер тұрып жатқан Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №59 үйден шығаруға шешім етілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің нарықтық құны «НОК Дом оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) бағалау есебі бойынша 38 026 401 теңге мөлшерінде дұрыс анықталғанын, жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегенін, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, жауапкерлерге төленетін өтемақыны 38 026 401 теңге мөлшерінде анықтауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкердің шағымға қарсылығын, прокурордың сот актісі заңды екендігі туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағында соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтыны, заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін екені қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының 5-тармағына сай, меншiк құқығының мерзiмi шексіз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.

АК-нің 255-бабының 1-тармағында мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiлетіні көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің

нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 12 тамыздағы № 510-2652 қаулысымен «Сырдария көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін қоса беріліп отырған схема мен қосымшаға сәйкес Сырдария, С.Сейфуллин және Ә.Жангельдинның көшелерінің қиылысы ауданында орналасқан жалпы ауданы 1,1357 га жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға жатады.

Мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы алынатын жер учаскесінің шегіне жауапкер Ш.К.Даутованың меншігіне тиеселі Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №59 үй, кадастрлық №21-318-029-415, жалпы ауданы 0,0286 га жер учаскесі кіреді. Жауапкер жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қарсы болмағанымен, оған ұсынылған «НОК Дом оценки» ЖШС тәуелсіз бағалау компаниясының 2024 жылғы 9 желтоқсандағы №0534/25-ASTANA бағалау есебімен анықталған 38 026 401 теңге ақшалай өтемақыны мөлшерімен келіспеген.

Бірінші сатыдағы сотпен сот құрылыстық-тауартану сараптамасы тағайындалған.

«Прогресс консалтинг» ЖШС-нің сот сарапшысының 2025 жылғы 14 ақпандағы №С.15-02.25 қорытындысына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесі мен онда орналасқан объектілерілердің нарықтық құны 41 500 498 теңгені құраған.

Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасының қорытындысын дұрыс негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде жер учаскесінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 41 500 498 теңгені құраған. Қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда сарапшы жер учаскелерінің ұқсас аналогтарын пайдаланған. Жер учаскесінде орналасқан бүкіл жылжымайтын мүлік объектілері мен көпжылдық екпелер назарға алынып, бағаланған.

Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.

Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Талап қоюшының шағымындағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды. Мемлекет мұқтажына алынатын жылжымайтын мүліктің нарықтық құны сот сарапатамасымен дұрыс анықталған. Сот сараптамасының дұрыстығына күмәндануға негіздер жоқ.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.