Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4953(2) (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4953(2)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 10 наурыз Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарованың, судьялар А.К.Есдаулетовтың, Н.Б.Ормахановтың,

талап қоюшы Р.С.Тажибаевтың және оның өкілі Қ.Тасмұрзаның, жауапкердің өкілі У.М.Мырхамидованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Рустамбек Султанович Тажибаевтың жауапкер «Шымкент қаласының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне бұйрықты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 наурыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Р.С.Тәжибаев сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшы соттардың қабылдаған сот актілерімен келіспей, олар істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларды толық әрі дұрыс анықтамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын, себебі жұмыстан босату туралы бұйрықтың заңдылығын растайтын құжаттар талап қоюшының жеке ісінде сақталмағанын, мұрағаттық материалдардың жойылғаны туралы жауаптар алынғанын, ал соттар бұл мән-жайларға тиісті құқықтық баға бермегенін көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды және кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұраған. Талап қоюшының өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырылуға жатады, себебі талап қоюшы кассациялық шағым келтіру мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған. Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, шағым уәждерін талқылай отырып, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан

жағдайда, мұндай мән-жайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар анықталмады.

Іс материалдарынан талап қоюшы Р.С.Тәжібаевтың 1981 жылғы 23 шілдедегі №397 л/с бұйрығымен Шымкент қаласының Ішкі істер басқармасына (бұдан әрі -Басқарма) қызметке қабылданғаны анықталған.

Басқарманың 1994 жылғы 25 қаңтардағы №5 л/с бұйрығымен талап қоюшы аттестаттау тәртібімен қызметке сәйкес келмеуіне байланысты ішкі істер органдарынан босатылған.

Талап қоюшы аталған бұйрықпен келіспей, оны жарамсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда талап қоюшының сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алғаны туралы тұжырымға келген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 160бабының 2-тармағына сәйкес, жеке еңбек дауларын қарау бойынша сотқа жүгіну үшін жұмыскер, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болған жұмыскер өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл мерзім белгіленген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 180бабының 1-тармағына сәйкес талап қою мерзімінің өтуі адам өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен басталады.

АК-тің 179-бабының 3-тармағына сәйкес талап қою мерзімінің өтіп кетуі, егер оны қолдану туралы тарап мәлімдесе, талап қоюдан бас тартуға негіз болады.

Іс материалдарымен талап қоюшының 1994 жылғы 25 қаңтардан бастап жұмыстан босатылғаны туралы білгені анықталған. Бұл мән-жай оның еңбек кітапшасындағы жазбалармен және кейінгі еңбек қызметі туралы құжаттармен расталады.

Сонымен қатар талап қоюшы ұзақ уақыт бойы басқа ұйымдарда еңбек қызметін атқарған, кейіннен зейнеткерлікке шыққан кезде еңбек өтілі туралы құжаттарды тапсырған.

Осы мән-жайлар талап қоюшының жұмыстан босатылғаны туралы бұрыннан хабардар болғанын көрсетеді.

Талап қоюшының бұйрық мәтінімен тек 2022 жылы танысқаны туралы уәждері талап қою мерзімін қалпына келтіруге негіз бола алмайды, өйткені еңбек дауы бойынша мерзім жұмыстан босату фактісі белгілі болған уақыттан бастап есептеледі.

Сондай-ақ кассациялық шағымда көрсетілген жұмыстан босату туралы бұйрыққа негіз болған құжаттардың мұрағатта сақталмауы туралы уәждер талап қою мерзімін қалпына келтіруге жеткілікті негіз болып табылмайды.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мәнжайларды толық әрі жан-жақты анықтап, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеріп, дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берген және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған.

Қабылданған сот актілерінде шешімнің негіздері мен себептері заң нормаларына сілтеме жасай отырып толық көрсетілген.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер соттардың қорытындыларын жоққа шығармайды және дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз болмайды.

Мұндай жағдайда сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіздер жоқ.

Сол себепті, сот актілерін күшінде қалдырылып, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Талап қоюшы Рустамбек Султанович Тажибаевтың кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 наурыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар А.Есдаулетов

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.