ҚАУЛЫ
2026 жылғы 26 ақпан 6003-25-00-3к/1058 Астана қаласы
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші- судья Қ.А.Мусетов,
судьялар М.К.Сатыбалдин, Г.Б.Даулетова,
Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі А.Төремұратұлының,
әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан заңды тұлға өкілі А.М.Калжанованың, оның қорғаушысы Х.М.Жұмабековтың,
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері- Б.Х.Шахуовтың, Д.Н.Турсынбаевтың қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты төрағасының ұсынуымен келіп түскен
«Ришат и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 214-1-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен «Ришат и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ӘҚБтК) 214-1-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 3 932 000 теңге айыппұл салынған.
Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 маусымдағы қаулысымен «Ришат и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты бірінші сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, оның әрекетінде ӘҚБтК-нің 214-1-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты iс жүргiзу тоқтатылған.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулыларын қайта қарауды сұраған.
Апелляциялық сатыдағы сот қаулысын күшінде қалдыруды сұраған қорғау тарапын ың пікірлерін, ұсынуды қолдаған Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Кассациялық тәртіппен қайта қарау ӘҚБтК-нің 851 - бабы 5 -бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.
Апелляциялық сатыдағы сот істі тоқтатқанда, «Ришат и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) әрекеттерінде ӘҚБтК-нің 214-1-бабында көзделген құқық бұзушылық құрамының жоқ екенін, өйткені бір әрекет үшін қайтадан жаза қолдануға жол берілмейтінін — жоғарыда аталған заңды тұлғаның құрылтайшысы әрі директоры болып табылатын А.М.Калжанова 2024 жылғы 25 қыркүйектегі сот үкімі негізінде ақшалай қаражатты заңдастыру (жылыстату) үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын көрсеткен.
Алайда апелляциялық сатыдағы сотының бұл тұжырымдары төме~ндегі негіздер бойынша заң талаптарына сәйкес келмейді.~~
А.М.Калжанованың қылмыстық табыс алғаны Қызылорда қаласының №2 сотының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі үкімімен анықталған. Аталған сот үкімімен ол мұнай өнімдерін шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз аса ірі мөлшерде иемденіп, сақтап, өткізген, сонымен бірге, қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен кірістер болып табылатын қылмыстық жолмен алынған ірі мөлшердегі мүлікті мәмілелер жасасу арқылы заңды айналымға тартып, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырған қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі - ҚК) 197-бабы 4 - бөлігі 2) тармағы, 218 - бабы 3 - бөлігі 3)тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыруға, ҚК -тің 63-бабын қолдану арқылы шартты түрдегі жазаға сотталған.
Атап айтқанда, А.М.Калжанова қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру мақсатында, қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен кірістер болып табылатыны белгілі шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз сатып алған 334,6 тонна дизель отынын 2021-2023 жылдары аралығында «Ришат и К» ЖШС-нің атынан мемлекеттік сатып алу шарттарын жасау арқылы Қызылорда облысының аумағындағы 18 мемлекеттік мекемелерге және 2 заңды тұлғаларға 262 151 055 теңгеге өткізіп, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырғаны анықталған. А.М.Калжанова қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде «Ришат и К» ЖШС-нің директоры әрі құрылтайшысы болған, сондықтан
құқық қорғау органының лауазымды тұлғасымен Серіктестіктің әрекеттері ӘҚБтК-нің 214-1-бабы бойынша дұрыс сараланған.
Қорғау тарапының бір құқық бұзушылық үшін қосарланған жауаптылық (қылмыстық және әкімшілік) бар деген уәждері негізсіз, өйткені заң шығарушы қарастырылып отырған құрамды қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыруға (жылыстатуға) жол бермеу мақсатында бөліп көрсеткен. Заңды тұлға қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыруға әкелген мүлікпен жасалған операция туралы мәліметтерді ерікті түрде ұсынған жағдайда әкімшілік жауаптылықтан босатылады. Бұл ретте заң шығарушы әкімшілік жауаптылыққа тарту мүмкіндігін қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерінің болмауына тәуелді етіп қоймаған. Бұдан бөлек, ӘҚБтК-нің 214-1-бабы (кәсіпкерлік субъектісі) мен ҚК-нің 218-бабы (жеке тұлға) құрамдарының субъектілері әртүрлі болып табылады.
Аталған негізде сот Серіктестіктің ӘҚБтК-нің 214-1-бабы бойынша құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелермен расталады деп есептейді.
Істің жоғарыда көрсетілген мән-жайларды назарға ала отырып, соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында біркелкіліктің бұзылуына байланысты ӘҚБтК-нің 851-бабының тәртібімен іс бойынша шығарылған апелляциялық саты сотының қаулысының күші жойылып, Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысы өзгеріссіз қалдыруға жатады.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.
ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот,
Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 маусымдағы «Ришат и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты қаулысының күші жойылсын.
«Ришат и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 214-1бабымен жауаптылыққа тарту туралы Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 15 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Қ.А.Мусетов
М.К.Сатыбалдин
Судьялар
Г.Б.Даулетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.