Қ А У Л Ы
2026 жылғы 9 сәуір №6003-26-00-2к/622 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Д.Е.Орманбектің, жауапкер өкілі Д.Ж.Кудебаевтың, үшінші тұлға өкілі Б.Тәңірбергеннің бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Best-Авто» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық азаматтық істі Серіктестіктің Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 қазандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Басқарма сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Серіктестік конкурстық құжаттамаға анық емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 30 шілдедегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Алқа қаулысымен аталған сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылып, одан мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Cеріктестік кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасымен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сот алқасымен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2024 жылғы 1 шілдедегі Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабының 1) тармақшасына сәйкес анық емес ақпарат - біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша әлеуетті өнім берушінің және (немесе) тартылатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) конкурсқа, аукционға қатысуға арналған өтінімінде және растаушы құжаттарында қамтылған, сол сияқты ұсынылған өтінімде шынайы мазмұнды бұрмалайтын және шындыққа және әлеуетті өнім берушінің растаушы құжаттарына сай келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 26 шілдедегі №310 Заңының 1-бабының 11-1) тармақшасына сай жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты (бұрыңғы атауы - техникалық паспорт) - жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылау жөніндегі уәкілетті орган және жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген нысанға сәйкес жылжымайтын мүліктің бастапқы немесе кейінгі объектісінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда орналасқан жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын сәйкестендіру құжаты. Басқарма тарапынан 2025 жылғы 3 наурызда №14167384-1 «Қызылорда облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үшін «Автокөлік құралдары және арнайы техниканы техникалық қолдау бойынша қызмет көрсету» конкурсы ұйымдастырылып, әлеуетті өнім берушілерге материалдық ресурстар ретінде автокөліктерге арналған жөндеу цехы, мотор цехы және техникалық қызмет көрсету станциясы автожөндеу шеберханасы болуы талаптары қойылған.
Конкурсқа қатысуға «БЕКТЫБАЕВ ГАНИ ТУРСЫНОВИЧ» жеке кәсіпкері мен Серіктестік өтінімдерін ұсынып (барлығы 2 әлеуетті өнім беруші), 2025 жылғы 19 наурыздағы қорытынды хаттамаға сәйкес біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп танылып, аталған 2 әлеуетті өнім беруші де конкурсқа жіберілмеген.
Серіктестік тарапынан осы конкурсқа материалдық ресурстар ретінде ұсынылған 2007 жылғы 5 қазанда әзірленген «Жылжымайтын мүліктің техникалық паспорты және онымен жасалған мәмілелерді тіркеу» құжатында (бұдан әрі - техникалық паспорт) «Жай, пәтер бөліктерінің пайдалану орны» бөлігінде 12, 13, 14-реттіліктерде «Шеберхана» деп көрсетілген.
Алайда, материалдық ресурстар бөлігінде ұсынған техникалық паспортта автокөліктерге арналған мотор және жөндеу цехтарының бар екендігі расталмаған.
8-қосымшасында көрсетілген шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық және еңбек ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп танылған.
Содан кейін, Басқармамен 2025 жылғы 3 сәуірде №14419192-1 аталған конкурс нақ сол біліктілік талаптарымен өзгеріссіз қайта жарияланып, оған қатысуға «БЕКТЫБАЕВ ГАНИ ТУРСЫНОВИЧ» жеке кәсіпкері мен Серіктестік өтінімдерін ұсынған (барлығы 2 әлеуетті өнім беруші).
2025 жылғы 11 сәуірдегі қорытынды хаттамаға сәйкес конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім беруші жіберілуіне байланысты өтпеді деп танылған.
Себебі, Серіктестікпен бір ай бұрын алғашқы конкурсқа тапсырған кезде техникалық паспорттың 12, 13, 14-реттіліктерінде «Шеберхана» деп көрсетілген жазудың орнына 12-ретте «Мотор жөндеу цехы», 13-ретте «Жөндеу цехы» және 14-ретте «Шанақ жөндеу цехы» деп түзетулер енгізілгені анықталған.
Басқарма тарапынан техникалық паспортта жасалған түзетулер бойынша түпнұсқамен сәйкес келетіні немесе келмейтіні туралы ақпаратты алу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалына 2025 жылғы 10 сәуірде сұраныс хат жолданып, соңғының 2025 жылғы 11 сәуірдегі жауабында Серіктестіктің техникалық паспортының қабатаралық жоспарының экспликациясындағы 12, 13, 14-бөлмелер «Шеберхана» болып тұрғаны хабарланған.
Яғни, Серіктестік 1-ші конкурстан материалдық ресурстары бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты конкурсқа жіберілмегенін біле тұра, ресми құжат болып табылатын техникалық паспортқа өз бетінше, белгісіз мөрді басып, «енгізілген өзгерістерге сенуге» деп жалған жазу жазып, заңсыз түзетулер енгізіп, 2-ші конкурсқа анық емес ақпарат көрсетілген құжаттамаларын ұсынып, әлеуетті өнім беруші ретінде қатысқан.
Ресми құжатқа мұндай заңсыз түзетулерді енгізудің негізгі мақсаты - конкурста жеңімпаз деп атанып, мемлекет қаржысын жұмсау арқылы табыс табу.
Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі тұжырымдарын Серіктестікпен ұсынылған фотосуреттер мен бейнетүсірілімнен онда «Мотор цехы», «Жөндеу цехы» және «Шанақ жөндеу цехы» бар екеніне, ал техникалық паспортта олардың «Шеберхана» деп қана қате көрсетілгеніне, бүгінгі таңда Серіктестік тарапынан техникалық паспортқа өзгертулер енгізу туралы өтініш берілгеніне, яғни біліктілік талаптарында сұратылған материалдық ресурс бар екендігі сотта дәлелденгеніне негіздеген.
Дегенмен, қаралып жатқан дау цехтардың бар жоғына қатысты емес, Серіктестіктің ресми құжатқа заңсыз түзетулер енгізіп, оны конкурстық құжаттамамен бірге ұсыну түріндегі әрекетке қатысты екендігі бірінші сатыдағы соттың назарынан тыс қалған.
Одан бөлек, қолданыстағы құрылыс және санитарлық нормалармен мотор, жөндеу және шанақ жөндеу цехтарына нақты талаптар қойылған, бұл ретте бірнеше құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген кез келген бөлме цех деп аталуға жатпайды.
Бұл жағдайда Серіктестік әлеуетті өнім беруші ретінде растаушы құжаттарына сай келмейтін түзетулер арқылы жалған мәліметтер енгізіп, конкурстық құжаттамаға анық емес ақпарат берген болып табылады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4, 6 және 7- тармақтарына сәйкес азаматтар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын сақтауға тиiс. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.
Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.
Істің мұндай тұрғысында, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған алқа қаулысының күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 қазандағы қаулысы күшінде, жауапкер «Best-Авто» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.