Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3613 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 15 қаңтар №6003-25-00-2к/3613 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшы өкілі А.Б.Калиевтың, жауапкерлер өкілдері Ғ.М.Ғизатовтың, Т.С.Абилованың, Ж.А.Манкаеваның, үшінші тұлға өкілдері Н.П.Стратулаттың, Г.М.Калиакпарованың, аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Министрлік) жауапкерлер «INDJAZ» (Инджаз) жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «INDJAZ» ЖШС-і), «Orjel E.R.Z. AG» Компаниясына (бұдан әрі - Компания), «РИНКОМ» басқарушы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «РИНКОМ» ЖШС-і), «Сарыарка-IRON» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «Сарыарка-IRON» ЖШС-і)

  • Компания мен «INDJAZ» ЖШС-нің арасында 2016 жылғы 30 қыркүйекте жасалған «РИНКОМ» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 80% үлесін сатып алу-сату шартын (бұдан әрі - Даулы шарт) жарамсыз деп тану;

  • Қарағанды облысындағы Үлкен Қтай кен орнында техногендік минералдық түзілімдерді (үйінділерді) қоса алғанда темір-марганец кендерін өндіру туралы 2008 жылғы 9 желтоқсандағы №2886 келісім шартты бұзу туралы 2020 жылғы 13 мамырдағы №18-1/ДН-70 келісімді (бұдан әрі - Келісім) жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі «INDJAZ» ЖШС-нің Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Министрлік аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Даулы шарт пен Келісімнің заң талаптарына қайшы жасалғанына негіздеген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 19 мамырдағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, Даулы шарт пен Келісім жарамсыз деп танылған.

«INDJAZ» ЖШС-і кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым

қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2008 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (қазіргі кезде - Индустрия және құрылыс министрлігі) мен «Сарыарқа» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) арасында Қарағанды облысындағы Үлкен Қтай кен орнында техногендік минералдық түзілімдерді (үйінділерді) қоса алғанда, темір марганец кендерін өндіруге №2886 келісім шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалып, оған қосымша төрт келісім жасалған.

2009 жылғы 22 қаңтардағы Шарттың №1 қосымшасымен жер қойнауын пайдалану құқығы «Сарыарка-IRON» ЖШС-нің пайдасына берілген, соңғының қатысушылары: 80% - «РИНКОМ» ЖШС-і, 20% - Қоғам. 2013 жылы Қазақстан Республикасының инвесторы Корнелия ЛюкЯрчик Компанияны құрып, «РИНКОМ» ЖШС-нің 100% үлесін сатып алған.

Одан кейін, Компанияның атынан сенімхат бойынша өкілі Б.С.Майнин (сатушы) және «INDJAZ» ЖШС-нің атынан жалғыз қатысушы Б.Д.Жолжаксынов (сатып алушы) арасында Даулы шарт жасалған. 2020 жылғы 10 қаңтарда «Сарыарка-IRON» ЖШС-нің директоры К.К.Кабиденов Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «келісім шарт бұдан былай пайда әкелмейді, жобаға енгізілген технология дұрыс таңдалмаған және жобаның коммерциялық тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді» деп Шартты бұзу туралы өтініш жолдаған.

Осы өтініш негізінде Шартты бұзу жөнінде Келісім жасалып, оған « Сарыарка-IRON» ЖШС-нің директоры К.К.Қабиденов қол қойған.

Кейіннен 2020 жылғы 29 желтоқсанда Министрлік тарапынан «INDJAZ» ЖШС-не Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Үлкен Ктай кен орнында қатты пайдалы қазбаларды өндіруге №17- ML лицензия берілген.

2024 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасымен Даулы шарт рейдерлік жолмен жасалғаны жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізген. Осыған орай, Министрлік сотқа талаппен жүгініп, оны жауапкерлер тарапынан Даулы шарт сол кезде қолданыста болған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 36-бабының 14-тармағына және Шарттың 24.1-тармағына қайшы, яғни уәкілетті органның алдын ала келісімінсіз жасалғанына, тиісінше ондай мәміле жарамсыз болып табылатынына негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі шешімін Министрлік Даулы шарт бойынша тарап болып табылмайды және Келісімді даулаудың талап қою мерзімі өтіп кеткен деп тұжырымдаған.

Дегенмен, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарын негізсіз деп тапқан.

Себебі, мемлекеттің «РИНКОМ» ЖШС-нің 80% үлесін басымдықпен сатып алу құқығының бұзылғаны жөнінде Министрлікке 2024 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Үкіметке жолдаған заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысынан кейін белгілі болған.

Одан бөлек, шын мәнінде Даулы шарт Заңның 36-бабының 14тармағының және Шарттың 24.1-тармағының талаптары бұзыла отырып, уәкілетті органның алдын ала келісімінсіз жасалғаны және жасалғаннан кейін ол туралы құзыретті органға хабарланбағаны сотта дәлелденіп бекітілген, аталған Заң нормаларына сай мұндай мәмілелер мен өзге де әрекеттер маңызсыз болады, олар жасалған кезден бастап жарамсыз болады, тиісінше жасалған мәміле туралы құзыретті органға ол жасалғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде хабарламау мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болып табылады.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 60-бабына сәйкес құзыретті орган Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді және пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату арқылы іске асырады.

Министрлік туралы ереженің (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы №864 қаулысымен бекітілген) 15-тармағының 297) тармақшасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия немесе өндіруге арналған лицензия негізінде туындаған жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуына, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына рұқсат беру Министрліктің функцияларының бірі болып табылады.

Бұл жағдайда апелляциялық инстанция істің мән-жайларына дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі Даулы шарт Заң талаптарына қайшы жасалған болса, Келісімнің жасалуы Даулы шарттан тауындаған салдар болып табылады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4, 6 және 7- тармақтарына сәйкес азаматтар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын сақтауға тиiс. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.

Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

Істің мұндай тұрғысында, яғни жауапкерлер өздерінің құқықтарын теріс пайдаланғанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері сот алқасының тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актісінің күшінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысы күшінде, жауапкер «INDJAZ» (Инджаз) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.