6001-22-00-6ап/2166
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 28 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – Қайыпжан Н.Ү., судьялар – Ермагамбетова Ж.Б., Токмурзина Д.А.,
талап қоюшының өкілі Б[...], жауапкердің өкілдері М[...], Б[...]
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-нің (бұдан әрі – Департамент) «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» ММ-не, (бұдан әрі – Еңбек инспекциясы) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетіне (бұдан әрі – Комитет) 2022 жылғы 12 шілдедегі №21-5-21/19649 хатына сай соттар құзыретіне қаралатын М[...] бос жүрген күндеріне орташа жалақы төлеу туралы нұсқамасының күшін жою туралы еш бір шешім қабылдамау әрекетсізідігін және Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы басшысының 2021 жылғы 20 қазандағы №02МА-30 нұсқамасын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша
Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымына және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Департамент сотқа Еңбек инспекциясына, Комитетке 2022 жылғы 12 шілдедегі №21-5-21/19649 хатына сай соттар құзыретіне қаралатын М[...] бос жүрген күндеріне орташа жалақы төлеу туралы нұсқамасының күшін жою туралы еш бір шешім қабылдамау әрекетсізідігін және Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы басшысының 2021 жылғы 20 қазандағы №02МА-30 нұсқамасын заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюшының талап қою арызы қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі ұйғарымымен сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының процессуальдық заң нормаларын бұзуына байланасты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды мәні бойынша қарау туралы шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер өкілдерінің қарсы уәждерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, 7 желтоқсан 2021 жылы талап қоюшы сотқа Еңбек инспекциясының 2021 жылғы 25 қазандағы №37-04-03/2622 Еңбек инспекцияның басқарма басшысының тексеру қортындысы бойынша актісін және 2021 жылдың 20 қазандағы №02МА-30 нұсқамасын заңсыз деп тану жайлы талап қоюмен жүгінген.
Заңды күшіне енген Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюшының талап қою арызы сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алуына байланысты қайтарылған.
ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармағына сай сот талап қоюды беруге өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
ӘРПК-нің 18-бабының 2-бөлігі бойынша заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі өкімдері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 5-тармағы бойынша азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.
Демек, соттар талап қою арызды негізді қайтарған, себебі талап қоюшы 2021 жылғы 20 қазандағы №02МА-30 нұсқаманы заңсыз деп тану жайлы талап қоюдың мерзімі өткенін біле тұра, осы талаппен сотқа қайта жүгінген. ӘРПК-нің 106-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік істер әкімшілік актінің шығарылған орны бойынша немесе жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралуға жатады.
Сондықтан талап қоюшы жауапкер Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласында орналасқандығы туралы уәжі де негізсіз болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың Департаменттің талап қою арызын қайтару туралы тұжырымдары негізді, дауланған сот актілерін өзгертіуге, күшін жоюға ешқандай негіздер жоқ.
Жоғарыда көрсетілгендер негізінде, ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымы және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Д. Токмурзина
Көшірмесі дұрыс Судья
Н. Қайыпжан
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.