№6001-23-00-6ап/1411 №6001-23-00-6ап/1411 (2)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы П[...] жауапкерлер - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы - жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру Департаментінің Сайрам аудандық бөліміне (бұдан әрі – Кадастр бөлімі), «Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округі әкімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Округ әкімі) Округ әкімінің әрекетін заңсыз деп танып, шешімін жарамсыз деп тану туралы және Кадастр бөлімінің әрекетін заңсыз деп танып, жерге орналастыруды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 23 қаңтардағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 сәуірдегі қаулысы мен ұйғарымына жауапкер Округ әкімінің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 23 қаңтардағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Округ әкімінің іс-әрекеті заңсыз деп танылған;
2021 жылғы 18-қаңтардағы №17 шешімі жарамсыз деп танылған; Кадастр бөлімінің іс-әрекеті заңсыз деп танылған;
П[...] кадастрлық №[...] жер телімін электрондық картадағы абриске сәйкес бастапқы орнына отырғызу міндеттелген.
Осы соттың 2023 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюшы П[...] №[...] мемлекеттік актіні қайта жасақтаған 2018 жылғы кадастрлық ісін жарамсыз деп тану туралы талап қою бөлігі қайтарылған.
Осы соттың 2023 жылғы 23 қаңтардағы жеке ұйғарымдарымен «Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округі әкімі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері тарапынан орын алған өрескел заң бұзушылықтарға Сайрам ауданы әкімінің назары аударылып, кінәлі қызметкерлерге тәртіптік шаралар көру міндеттелген. Осыған қоса, Кадастр бөлімі қызметкерлерінің тарапынан орын алған өрескел заң бұзушылықтарға «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес Акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы - Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру Департаментінің басшылығының назары аударылып, кінәлі қызметкерлерге тәртіптік шаралар көру міндеттелген. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Осы соттың 2023 жылғы 19 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған. Жауапкер кассациялық шағымдарда соттар іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкердің сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарлама жолданған.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, 2016 жылғы 12 ақпандағы сату-сатып алу келісім шарты негізінде П[...] Түркістан облысы, [...] мекен-жайда орналасқан кадастрлық №19295-066-927 жер учаскесін сатып алған.
Аталған жер телімі 2006 жылғы алғашқы жерге орналастыру жобасымен бекітілген электрондық картаға сәйкес, Сайрам ауданы, Қарасу ауылы, Достар көшесі №20 мекен-жайда орналасқаны көрсетілген.
Сонымен қатар, 2006 жылғы 8 ақпандағы №68 санды Округ әкімінің шешімімен М[...] Қарасу ауылы, Жаңақұрылыс [...] шаршы метр жер телімі жеке меншігіне жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген.
Бірақ, 2021 жылғы 18 қаңтардағы №17 санды Округ әкімінің шешімімен М[...] табысталған жер теліміне қатысты 2006 жылғы 8 ақпандағы №68 санды шешіміне өзгеріс енгізіліп, жер телімінің мекен-жайы: Қарасу ауылы, Достар көшесі №20 деп көрсетілген.
Яғни, талап қоюшымен М[...] жер телімі бір мекен жайы: Қарасу ауылы, Достар көшесі №20 деп көрсетілген.
Талап қоюшы сатып алған жер телімі бастапқы электрондық картадағы мәліметке сәйкес, басқа мекен-жайда орналасқанын көрсетіп, ол бойынша кадастр бөліміне 2022 жылы 1 наурызда жерге орналастыру туралы өтініш жолдаған.
Алайда, өтініш талап қоюшының жер телімі басқа жер телімдерімен беттеседі деген негіздермен уәкілетті органмен қанағаттандырылмаған.
Бұл әрекеттермен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырып, даулы жер телімі 2006 жылғы электрондық картаға сәйкес Сайрам ауданы, Қарасу ауылы, Достар көшесі №20 мекен-жайда орналасқанымен, Кадастр бөлімі бұл электрондық картадағы мәліметтерге қарамастан, 2018 жылы даулы жер телімінің орналасқан жерін өзгертіп, Сайрам ауданы, Қарасу ауылы, Ақтілек көшесі бойына орналастырып, П[...] жер телімін электрондық картадағы абриске сәйкес бастапқы орнына отырғызу туралы өтініштерін жауапкер заң талабына қайшы қанағаттандырудан бас тартқанын көрсеткен.
Осыған қоса, Округ әкімі өз құқығын асыра пайдаланып, жер комиссиясының қорытындысыз, 2021 жылғы 18 қаңтардағы №17 санды шешімімен К.М[...] ауылы, Жаңақұрылыс көшесі бойынан жер беру туралы 2006 жылғы 8 ақпандағы №68 санды шешіміне өзгеріс енгізіп, жер телімінің мекен-жайы: Қарасу ауылы, Достар көшесі №20 деп көрсеткен. М[...] даулы жерге сәйкестендіру актісін алмаған және соңғының даулы жерге меншік құқығы тіркелмеген.
Бұл жағдайда жергілікті соттар талап қоюшының жер телімін Кадастр бөлімі заң талабына сәйкес электрондық картадағы абриске сәйкес бастапқы орнына отырғызу міндеттелуге жатады деген дұрыс тұжырымға келген.
Сонымен қатар, жауапкер тарапынан талап қоюшының арыздарын қарау барысында заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталғанына байланысты, соттармен жеке ұйғарым қабылдауы негізді болып табылады. Кассациялық шағымдар өзінің мазмұны мен мәні пікірлерде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымдарда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысының Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 23 қаңтардағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 сәуірдегі қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округі әкімі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.