ҚАУЛЫ
2026 жылғы 5 ақпан № 6003-25-00-4к/2437 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова,
судьялар – М.А.Касымов, Д.Н.Нурлыбаева болып,
мүдделі тұлға Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкілі Ш.Хамитованың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Абат Зиноллиевич Кустаубаевтың жауапкер Орал қаласының әкіміне Орал қаласы бойынша төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның №149 хаттамалық шешімін заңсыз деп тану туралы талап қою бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Абат Зиноллиевич Кустаубаев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот шешімін және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын толық жоюды, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
Кассациялық сатыдағы сот мүдделі тұлға өкілінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған түсініктерін тыңдап, іс материалдарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар анықталмаған. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 26 наурыздағы №7 «Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттаға төтенше жағдай жариялау туралы» шешім қабылданған.
Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 6 маусымдағы №197-ө өкімімен Орал қаласы аумағында төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілген.
А.З.Кустаубаев 2024 жылғы қазан айында Орал қаласы әкімшілігіне төтенше жағдай салдарынан өзінің меншігіндегі жанұясымен тұрып келген Орал қаласы, «Учужный затон» бағбандық серіктестігі (бұдан әрі – б/с) № 61 саяжай құрылысына келтірілген материалдық зиянды өтеу және тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы өтінішпен жүгінген.
2025 жылғы 5 қантар айында Орал қаласы бойынша төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) № 149 хаттамалық шешімімен талап қоюшыға меншік құқығының төтенше жағдай жарияланған кезінде мемлекеттік тіркелуіне байланысты, тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
Төменгі соттармен анықталғандай талап қоюшы А.З.Кустаубаев 27 мамыр 2024 жылы сыйға тарту шарты негізінде, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, «Учужный» бағбандық серіктестігі, 61 жер теліміне ие болған.
Табиғи төтенше жағдайлардың салдарынан жеке тұлғаларға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеудің негіздері мен тәртібі «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі №188-V 3ПҚ Заңының 11-тарауында (бұдан әрі - Заң), Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысымен (бұдан әрі - №1358 Қағидалары), Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1222 қаулысымен (бұдан әрі - №1222 Қағидалары) көзделген.
Осы заң нормаларында төтенше жағдай салдарынан зардап шекендерге мемлекет тарапынан көмек тек тұрғын үйсіз қалғандарға қарастырылған.
Кассациялық сатыдағы сот, талап қоюшы А.З.Кустаубаевтың меншігінде төтенше жағдай жарияланған кезде су тасқынынан зардап шеккен мүлік болмағаны туралы төменгі соттардың үәждерін дұрыс деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 118-бабының 2-тармағына сәйкес егер осы Кодексте және "Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгiленбесе, жылжымайтын мүлiкке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) мемлекеттiк тiркелген кезден бастап туындайды. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 6) тармағына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жылжымайтын мүлікке құқықтардың пайда болуын, өзгеруін немесе тоқтатылуын мемлекеттің танудың және растаудың міндетті рәсімі болып табылады.
Осы көрсетілгеннің негізінде кассациялық сот төменгі соттардың тұжырымымен келісіп, жауапкер тарапынан талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмаған деп санайды.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес қабылданған сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә.Назарова
Судьялар
М.Касымов
Д.Нурлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.