6001-21-00-3гп/139
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 28 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасы М.Т.Таймерденов,
судьялар М.Ж. Бектұрғанов, Ш.С.Иманиязова,
талап қоюшы өкілі А[...],
жауапкер С[...] және оның өкілі Ш[...] қатысуымен мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Шу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – КММ) жауапкер жеке кәсіпкер С[...] қойған құрылыс нысанын мәжбүрлеп бұзу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшы өкілінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда аталған талап арызбен жүгініп, жауапкердің жеке меншігіндегі Шу қаласы, [...] мекенжайда орналасқан жер учаскесінде 4 қабатты (қызметтер көрсету кешені) және 1 қабатты (мейрамхана) құрылыс нысандарын заңсыз салынған құрылыс деп танып, жауапкерге өз есебінен бұздыруды міндеттеуді сұраған.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімімен талап қоюшының талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта «Шу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» КММ жергілікті соттардың істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, арызды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) өтінішхат уәждерін талқылап, іс бойынша талап қоюшы өкілінің өтінішхат уәждерін қолдаған түсініктерін, жауапкер мен оның өкілінің өтінішхатқа қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, мынадай тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық саты жол берген. АПК-нің 427-бабының төртінші бөлігінің 5) тармақшасына сәйкес, егер судья шешімге қол қоймаған жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Іс құжаттарына қарағанда, апелляциялық тәртіппен қабылданған 2020 жылғы 1 қыркүйектегі сот қаулысына іске қатысқан судьяның қолтаңбасы қойылмаған.
Сөйтіп апелляциялық сатыдағы сот тарапынан процестік құқық нормаларының өрескел бұзылуына жол берілген.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық тәртіппен қабылданған сот қаулысын заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан сот қаулысының күші жойылуға, ал іс апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарауға жолдануға жатады.
Істі қайта қараған кезде, сот тараптардың уәждерін жан-жақты тексеріп, іс бойынша жиналған дәлелдерге заң тұрғысынан баға беріп, заңды және негізді шешім қабылдауы қажет.
АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамында жаңадан қарауға жіберілсін.
Талап қоюшы өкілінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші М. Таймерденов Судьялар М. Бектұрғанов Ш. Иманиязова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.