Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1342 (Гражданское)

№6003-26-00-

2к/1342

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 16 маусым Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор К[...], аудармашы Т[...]

талап қоюшының өкілі Б[...], жауапкерлердің өкілі

Г[...] қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкерлер О[...], О[...] өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 тамыздағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

О[...], О[...] 21 203 281 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлеу арқылы Астана қаласы, «Нұра» ауданы, «Родничок» бағбандық серіктестігі, Тимирязев көшесі, №[...] учаске мекенжайында орналасқан жалпы ауданы 0,0600 га, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің нарықтық құны «ДО[...]» тәуелсіз бағалау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) бағалау есебімен 12 932 088 теңге мөлшерінде дұрыс анықталғанын, төменгі сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегенін, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерін өзгертіп, жауапкерге төленетін өтемақыны мөлшерін 21 203 281 теңгеден 12 932 088 теңгеге дейін азайтуды сұраған.

Кассациялық шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшы өкілінің пікірін, жауапкерлердің өкілінің сот актілерімен келіскен түсініктемесін , прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағында соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтыны, заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін екені қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының 5-тармағына сай, меншiк құқығының мерзiмi шексіз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.

АК-нің 255-бабының 1-тармағында мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiлетіні көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1- бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де

жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Іс құжаттарына қарағанда, Астана қаласы, «Нұра» ауданы, «Родничок» бағбандық серіктестігі, Тимирязев көшесі, №[...] учаске мекенжайында орналасқан, жер учаскесінің кадастрлық нөмірі [...], жалпы ауданы 0,0600 га жылжымайтын мүліктің меншік иесі ерлі-зайыпты О[...] пен О[...] болып табылады.

Аталған жылжымайтын мүлікке жауапкерлердің ортақ меншік құқығы 2021 жылғы 15 маусымдағы сатып алу-сату келісім шарты негізінде тіркелген.

Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №510-3918 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Нұра» ауданы, А[...] [...] тас жолы қиылысы мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 2,4068 га, жер учаскелері «Әкімшілік ғимараты» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін берілген қоса ұсынылған сызба мен қосымшаға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Жауапкерлерге тиесілі жылжымайтын мүлік осы алынатын жер учаскелерінің шегінде орналасқан.

Талап қоюшының бастамасымен жүргізілген «ДО[...]» тәуелсіз бағалау компаниясы» ЖШС-нің 2025 жылғы 19 ақпандағы №0103/25ASTANA жылжымайтын мүлікті бағалау есебіне сәйкес жылжымайтын мүліктің меншік иесіне өтелуге жататын нарықтық құны 12 932 088 теңгені құраған.

Жауапкерлерге өтемақы туралы ұсыныс жіберілген. Жауапкерлер анықталған ақшалай өтемақы мөлшерімен келіспеген.

Бірінші сатыдағы сотта анықталғандай аталған жер учаскесінде бақша үйі салынған, бұл мекенжайда жауапкерлер тұрақты тұрмайды, даулы мүлік саяжай болып табылады. Осы жерде әр түрлі көпжылдық жасыл желек екпелері, жеміс ағаштары, көкеністер мен жидек екпелері өсірілген.

Сот жауапкердің қарсылығын ескеріп, сот тауартану сараптамасын тағайындаған.

Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының сарапшысының 2025 жылғы 6 тамыздағы №8414 қорытындысына сәйкес, жауапкерлерге тиесілі жер учаскесі мен онда орналасқан құрылыстар, құрылғылар және жасыл желектерімен бірге зерттеу жүргізілген күнгі жағдай бойынша нарықтық құны 21 203 281 теңгені құраған.

Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасының қорытындысын негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде жер учаскесінің, онда тұрған жылжымайтын мүлік объектісі мен жасыл желектердің нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 21 203 281 теңгені құраған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.

Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Талап қоюшының кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 тамыздағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.