№ 6001-21-00-3гп/246
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 29 маусым Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Қ.Сұлтанов, судьялар Ж.М.Қашқынбаева, Б.Р.Ералиева, талапкердің өкілі М[...], жауапкердің өкілі Т[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Әл-Фараби» атындағы Қазақ ұлттық университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның (бұдан әрі - Кәсіпорын) жауапкер жеке кәсіпкер Д[...] (бұдан әрі ЖК Д[...]) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы шешімін, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы Кәсіпорынның келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Кәсіпорын сотқа жүгініп, ЖК Д[...] шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамағандықтан, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды сұраған.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта Кәсіпорын сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актілерінің күшін жойып, азаматтық істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдауды сұрайды.
Сот алқасы Кәсіпорын өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, ЖК Д[...] қарсы пікірін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, келесі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Электрондық азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, 2020 жылғы 23 ақпанда тараптар арасында мемлекеттік сатып алу туралы № ЦП-43-20 шарт (бұдан әрі - шарт) жасақталған. Шарт бойынша ЖК Д[...] 1 микрофоннан көп, бірақ 4 микрофоннан аспайтын радиожүйе тауарын жеткізуге, ал Кәсіпорын тауарды жеткізу үшін ақы төлеуге міндеттенген.
Шарттың жалпы құны 1 170 000 теңгені құраған.
Шарттың 1-бөлімінің 1.2, 3-тармақшасына, № 2 қосымшасына сәйкес тауарды жеткізу мерзімі-шартқа қол қойылған күннен бастап 16 күнтізбелік күн, яғни 2020 жылдың 11 наурызы деп белгіленген. ЖК Д[...] шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған. Кәсіпорын ЖК Д[...] шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамағандықтан, оны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген. Жергілікті соттар арызды қанағаттандырусыз қалдыра отырып «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 12-бабын басшылыққа алып, талап қою арызымен сотқа жүгінудің 30 күнтізбелік күн 2020 жылғы 11 наурызда басталып 11 сәуірде аяқталғанын, алайда талап қоюшы сотқа 2020 жылғы 16 сәуірде ғана жүгінгендіктен, заңда көзделген мерзімді өткізіп алғанымен негіздеген. Жергілікті соттардың бұл тұжырымдары заң талаптарына және іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келмейді. Заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес тапсырыс беруші өзіне өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осындай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге міндетті.
А[...] жұмыстардың орындалмағаны туралы 2020 жылғы 11 наурызда белгілі болған.
Заңмен белгіленген 30 күнтізбелік күн 11 сәуірде аяқталса да, тиісті талап қою арызымен Кәсіпорын сотқа 2020 жылғы 19 наурызда «Сот кабинеті» арқылы жүгінген, алайда төтенше жағдайға байланысты талап арыз уақытылы сотта тіркелмеген.
«Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығына сәйкес Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың
өмipi мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазакстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздан бастап төтенше жағдай енгізілді.
Төтенше жағдай кезінде «Сот кабинеті» электронды сервисінде техникалық ақаулар орын алуына байланысты, 2020 жылғы 19 наурызда уақытылы «Сот кабинеті» арқылы жолданған талап арыз қабылданбай, тек 2020 жылғы 16 сәуірде тіркелген.
Сонымен қатар, «Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 қаулысының 10 тармағына сәйкес жеңімпаздар деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер төтенше жағдай енгізу салдарынан туындаған, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған немесе өнім беруші шарттық міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда тапсырыс беруші мұндай әлеуетті өнім берушілерді немесе өнім берушілерді сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу және оларға айыппұл санкцияларын қолдану жөнінде шараларды қолданбайды. Мұндай жағдайда, сот аталған нормаға сілтеме жасап, талап қоюшының жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды сұраған талабы қанағаттандырылуға жатпайды деген тұжырымы негізсіз, себебі ЖК Д[...] тауарды жеткізуге 11 наурызға дейін, яғни төтенше жағдай енгізілгенге дейін міндеттелген.
Заңның 12-бабының 5-тармағына сай өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде қалыптастырылады.
Іс бойынша дәлелдемелердi жинау мен қосымша тексеру қажет болмағандықтан, істің мән-жайы толық анықталып, зерттелгендіктен, істі жаңадан қарауға жолдауға негіздер анықталған жоқ. Алайда жергілікті соттар істің мән-жайына қате баға бергендіктен, сот алқасы өтінішхатта дауланған сот актілерінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп есептейді.
АПК-нің 109-бабына сәйкес ЖК Д[...] мемлекет пайдасына 1 459 теңге мемлекеттік баж өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы шешімінің, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 наурыздағы қаулысының күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Жеке кәсіпкер Д[...] мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп танылсын.
Жеке кәсіпкер Д[...] мемлекет пайдасына 1459 (бір мың төрт жүз елу тоғыз) теңге мемлекеттік баж өндірілсін. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Әл-Фараби» атындағы Қазақ ұлттық университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н.Сұлтанов
Судьялар Ж.Қашқынбаева
Б.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.