ҚАУЛЫ
2025 жылғы 29 қазан №6003-25-00-4к/1968 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, Ә.Ж. Назарова,
талап қоюшының өкілі Е.К. Кайракбаевтың, жауапкердің өкілі А.Т. Байгеловтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Зайсан аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шығыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне қатысты бұзушылықты жою туралы 2024 жылғы 11 қыркүйектегі №301/137 нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімі (бұдан әрі – МАӘС) мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Бөлім жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, оны енгізілген нұсқаманың заңсыздығымен негіздеген.
МАӘС-тің 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Дауланып отырған нұсқама заңсыз деп танылып, күші жойылған.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жоюды және іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімдемеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол бермеген.
Іс материалдарынан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін жеке меншікке және уақытша жер пайдалануға беру бөлігінде қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру мақсатында Департамент 2024 жылғы 27 тамыздағы №301 тексеру тағайындау туралы актінің негізінде Бөлімнің қызметіне тексеру жүргізілгені анықталады. 2024 жылғы 11 қыркүйектегі №301/244 тексеру нәтижелері туралы актіге сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін 69 жеке және заңды тұлғаға беру кезінде заң бұзушылықтарға жол беріліп, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 23-бабының 1-1тармағының талаптарын бұзу фактілері анықталған
2024 жылғы 11 қыркүйекте Департаментпен Бөлімнің атына дауланып отырған №301/137 бұзушылықты жою туралы нұсқама енгізіліп, онда тексеріс актісінде көрсетілген заңсыз қаулылардың негізінде Бөлім арасында жасалған жер учаскесін жалдау шарттарының күшін бір ай мерзім ішінде (яғни 2024 жылғы 11 қазанға дейін) жою міндеті жүктелген.
Төмен тұрған соттар дауды шешіп, талапты қанағаттандыра отырып, Департамент тарапынан жол берілген рәсімдік бұзушылықтардың бар екенін, сондай-ақ жер учаскелерін заңсыз беру фактісінің дәлелденбегенін көрсеткен.
Кодекстің 23-бабының 1-1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелері жеке меншікке және уақытша жер пайдалануға берілмейді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптарын халықтың қандай да бір ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) тұрғызу құқығынсыз, жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және шөп шабу үшін пайдалануына жол беріледі.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңдылығын анықтап, олардың негізіне алынған мән-жайлардың талап қоюды қанағаттандыру туралы төмен тұрған соттардың қорытындыларымен келіседі.
Жер пайдалану құқығы – тұлғаның мемлекеттік меншіктегі жер учаскесін өтеулі және (немесе) өтеусіз негізде шектеусіз мерзімге (тұрақты жер пайдалану) немесе белгілі бір мерзім ішінде (уақытша жер пайдалану) иелену және пайдалану құқығы (Кодекстің 12-бабының 17) тармақшасы). Кодекстің 31-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес, жep пайдалану құқығы: 1) жер пайдалану құқығын табыстау; 2) жер пайдалану құқығын беру; 3) жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) арқылы 1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң; 2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде; 3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.
Іс бойынша анықталған мән-жайлардан Департамент тарапынан Бөлімге қатысты тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелеріне қатысты жалға алу шарттарын заңсыз жасасу фактісі анықталғандығы көрініс табады.
Дауланып отырған нұсқаманың мазмұнынан Департаменттің Бөлімге 69 жеке және заңды тұлғаға қатысты уақытша жер пайдалану шарттарын жою жөнінде міндет жүктегені, сондай-ақ оларға жер пайдалану құқығын беру туралы жергілікті атқарушы органның қаулыларының заңсыздығын көрсеткені анықталады.
Алайда, тексеру нәтижелері туралы акті мен нұсқамада көрсетілген шарттар жасасуға негіз болған әкімнің қаулылары заңда белгіленген тәртіппен күшін жойған немесе заңсыз деп танылған жоқ. Өз кезегінде Бөлімнің аталған қаулыларды жоюға құзыреті жоқ, себебі мұндай өкілеттік тек әкімнің өзіне ғана тиесілі не оларды даулаудың сот тәртібі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Департамент Кодекстің 14 және 148-баптарына сәйкес жергілікті атқарушы органның қаулылары мен жасалған шарттарды даулауға байланысты өздігінен талап қою құқығын пайдаланбаған. Осы Кодекс нормаларын дұрыс пайдаланбай, Департамент Бөліммен жасалған шарттарды жою жөнінде міндет жүктеген, алайда, жоғарыда атап өтілгендей, Бөлімнің ондай өкілеттігі жоқ.
Сот талқылауы барысында іс материалдарынан 2024 жылғы 11 қыркүйектегі бір нөмірмен рәсімделген екі тексеру нәтижелері туралы актінің бар екені анықталған, олардың бірінде 69 тұлғаға қатысты, ал екіншісінде 93 тұлғаға қатысты бұзушылықтар көрсетілген (1-том, іс материалының 126 – 130-беттері).
Жоғарыда аталған мән-жайлар ӘРПК-нің 79-бабының талаптарына айқын түрде сәйкес келмейді, себебі дауланып отырған тексеру нәтижелері бойынша шығарылған әкімшілік акт заңдылық және негізділік қағидаттарына сай келмейді, түсіну үшін анық емес, бірізді қолдануды қамтамасыз етпейді және оның күші қолданылатын адамдар қатарын толық айқындамайды. Департамент Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – КК) 154-бабы 3-тармағының 7) тармақшасы мен 152-бабының 12тармағының талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген, себебі 2024 жылғы 11 қыркүйектегі тексеру нәтижелері туралы акт тексерілетін субъектiге 2024 жылғы 13 қыркүйекте табысталған, яғни тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген мерзімнен (2024 жылғы 11 қыркүйекке дейін) асыра берілген. Департаментпен тексеру жүргізу барысында өзге де заң бұзушылықтарға жол берілген, атап айтқанда: кадастрлық нөмірлері 05-069-010-678, 05-069010-033 және 05-069-010-361 болатын үш жер учаскесі бойынша әкімнің өкімдерін заңсыз деп тану және жалға алу шарттарын жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар; кадастрлық нөмірі 05-069-010-033 жер учаскесі тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген тұлғадан басқа адамға берілген; акт бойынша реттік нөмірлер 46 және 51, 11 және 57 жер учаскелері қайталана көрсетілген; кадастрлық нөмірлері 05-069-037-295, 05069-037-314, 05-069-010-417, 05-069-010-404, 05-069-010-405 жер учаскелеріне қатысты шарттардың мерзімі өткен; кадастрлық нөмірлері 05069-029-475, 05-069-037-316, 05-069-037-280, 05-069-037-299, 05-069-037139, 05-069-010-033 жер учаскелерінің жер пайдаланушылары тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген тұлғалардан өзгеше; ал кадастрлық нөмірі 05-069-010-362 жер учаскесі бойынша мұрагер анықталмаған. Осыған орай, Департамент тарапынан жол берілген бұзушылықтар дауланып отырған нұсқаманы заңсыз деп тану және оның күшін жою үшін жеткілікті құқықтық негіз болып табылады.
Жауапкер келтірген уәждер анықталған бұзушылықтарды жоймайды және теріске шығармайды, себебі олар іс жүзінде орын алған. Аталған заңсыз әрекеттерімен жауапкер әкімшілік рәсімдер мен Кодекс пен КК-нің императивтік нормаларын елеулі түрде бұзған, сондай-ақ талап қоюшының мәселені әділ және объективті қаралуына деген заңды мүдделерін шектеген.
Қаралып отырған жағдайда, ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік рәсімдердің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді заңсыз деп тануға алып келеді.
Істің мән-жайларын қайта бағалауға, сот актілерінің заңдылығы мен негізділігіне баға беруге ықпал ететін немесе соттың қорытындыларын теріске шығаратын заңдық мәні бар дәлелдемелерге негізделген өзге де уәждер кассациялық шағымда келтірілмеген.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Осы мән-жайларды ексере отырып, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі мен АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімі мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
Ә. Назарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.