КСАД РК - Постановление от 24.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/2110 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 24 желтоқсан №6003-25-00-4к/2110 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Ә. Назарова, судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева болып, талап қоюшы «Зайсан ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шығыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне бұзушылықты жою туралы нұсқаманың күші жойылды деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 сәуірдегі ұйғарымына, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 сәуірдегі ұйғарымымен талап қоюшының талабы қайтарылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші сатыдағы сот ұйғарымының, апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.

Тараптардың өкілдері істі онлайн түрде мобильді бейнеконференц байланыс арқылы қарауды сұрады.

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысы осы соттың ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптардың өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдарынан көрінгендей, талап қоюшы даулап отырған 2024 жылғы 15 қаңтардағы бұзушылықтарды жою туралы №333/5 нұсқамаға талап қоюшы 2024 жылғы 31 қаңтарда жауапкерге сотқа шағымданатыны туралы хат жолдап, уақытында шағымданбай, мерзімін өткізіп алғаны анықталды.

Ал әкімшілік талап қою сотқа 2025 жылғы 17 наурызда берілген.

ӘРПК-нің 138-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес егер сот талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Іс материалдарында анықталғандай, талап қоюшы даулап отырған нұсқаманы уақытында шағым келтірмей, мерзімін өткізіп алған.

Талап қою мерзімі бір жылға жуық себепсіз өткізілген.

Сондықтан, шағым беріліп отырған бірінші сатыдағы сот ұйғарымы және оны күшінде қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы заңды және негізді шығарылған.

Кассациялық шағымның уәждері мазмұны мен мәні бойынша талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен, сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біртектес.

Бұл дәлелдемелерге соттар тиісті құқықтық баға берген. Сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қайтаруға негіз болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы орын алмаған.

Жоғарыда баяндалған мән-жайлардың негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

ӘРПК-нің 169 бабын, АПК-нің 451 бабы 2 бөлігінің 1) тармақшасын, басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 сәуірдегі ұйғарымы, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә. Назарова

Судьялар

М. Қасымов

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.