6001-22-00-6ап/84
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 19 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Б.Т.Нажмиденов болып,
талап қоюшы өкілі Б[...], жауапкер С[...], қатысуларымен,
талап қоюшы Т[...] жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы С[...] (бұдан әрі – ЖСО) 2021 жылғы 31 тамыздағы атқарушылық іс жүргізуді қозғау әрекетін заңсыз деп танып, өзінің пайдасына 281 785 теңге өндіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 26 қазандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға – «Валют-Транзит Банк» акционерлік қоғамының тарату комиссиясының (бұдан әрі – Банктің тарату комиссиясы) төрағасы А[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Т[...] сотқа ЖСО С[...] 2021 жылғы 31 тамыздағы атқарушылық іс жүргізуді қозғау әрекетін заңсыз деп танып, өзінің пайдасына 281 785 теңге өндіру туралы талап қою арызбен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 26 қазандағы шешімімен Т[...] талап қоюы қанағаттандырылып, 2021 жылғы 31 тамыздағы борышкер Т[...] өндіріп алушы Банктың тарату комиссиясының пайдасына 281 785 теңге өндіру туралы атқарушылық іс өндірісін қозғау туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Атқарушылық өндіріс бойынша атқарушылық іс жүргізу әрекеттерінің барлығы заңсыз деп танылып, жауапкерден талап қоюшы Т[...] пайдасына 281 785 теңге және ЖСО С[...] 875 теңге мемлекеттік баж мемлекет пайдасына өндірілген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 қарашағы қаулысымен 2021 жылғы 26 қазандағы сот шешімі өзгеріссіз, ЖСО С[...] және Банктің тарату комиссиясының апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олардың күшін материалдық құқық нормаларының бұзылуына орай жоюды және сот отырысын өзінің қатысуысыз өткізуді сұраған.
Талап қоюшы өкілі шағымға қарсы пікірінде соттар істі қарау барысында материалдық және процестік нормаларын дұрыс қолданғандықтан, сот актілерін өзгеріссіз, кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды өтінген.
Жауапкердің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Қызылорда қалалық сотымен Т[...] Тарату комиссиясының пайдасына қарыз сомаларын өндіру туралы 2008 жылғы 25 шілдедегі, 22 қазандағы шешімдеріне сәйкес 281 785 теңге және 354 813 теңге өндірілген.
2014 жылғы 12 наурызында Т[...] 354 813 теңге қарыз сомасы толық төленуіне орай атқарушылық іс жүргізу 2017 жылғы 31 шілдеде сот орындаушысы Ш[...] қаулысымен аяқталған.
2015 жылы Тарату комиссиясы сотқа 281 785 теңге қарыз сомасын өндіру үшін атқару парағының телнұсқасын сұрап, арыз берген. Алайда, Тарату комиссиясы өз арызында азаматтық істің нөмірін қате көрсетуіне орай, сот атқару парағын 2008 жылғы 22 қазандағы шешіміне сәйкес берген.
Кейін, осы атқару парағының негізінде ЖСО С[...] 2015 жылғы 9 желтоқсанында атқарушылық іс жүргізу қозғалып, 2018 жылғы 30 қаңтарда атқару парағы орындаусыз кері қайтарылған.
2017 жылғы 6 ақпанда Тарату комиссиясы сотқа арызбен жүгініп, атқару парағындағы 354 813 теңге сомасын 281 785 теңге сомасына түзетуді сұраған.
Аталған сұранысқа берілген соттың жауабында атқару парағының телнұсқасы сот шешімінде көрсетілген сомаға жазылып берілгені, сондықтан оны түзетуге негіз жоқ екені хабарланған.
2021 жылдың мамыр айында Тарату комиссиясы сотқа 281 785 теңге қарыз сомасын өндіруге атқару парағының телнұсқасын қайта беру туралы арызбен жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымымен арызды қанағаттандырудан бас тартылып, 2008 жылғы 10 қарашадағы сот шешімі күшіне енген уақытынан бастап оны мәжбүрлеп орындауға ұсыну мерзімі өтіп кеткені көрсетілген. Осы сот ұйғарымы заңды күшіне енген, оған шағым келтірілмеген.
Қызылорда қалалық сотымен 2021 жылғы 2 шілдесінде 281 785 теңге өндіруге атқару парағының телнұсқасын беру туралы Тарату комиссиясының арызы негізінде заңда көзделген негіздерсіз атқару парағы берілген.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында 281 785 теңгені өндіруге қатысты Банк бұған дейін қате көрсетілген сомамен берілген атқару парағының телнұсқасын беру туралы өтінішімен сотқа жүгінгенін, өндіруге қажет сомаға қатысты атқару парағын беру туралы арызымен жүгіну барысында басқа іске сілтеме жасағанын, талапкер атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулыға шағым келтіру мерзімін өткізіп алғанын, ЖСО С[...] шағымдалған қаулысы сотпен тек 2021 жылғы 2 шілдеде түзетулер енгізілгеннен кейін берілген атқару парағы негізінде шығарылғанын, өндірілген сома артық аударылған болып табылмайтындығына және Тарату комиссиясының есепшотына аударылуына орай, оны қайтару Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы Заң), Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 ақпандағы N40 Қаулысымен бекітілген «Мәжбүрлеп таратылатын банктерді таратуды жүзеге асыру қағидаларын және олардың тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарды бекіту туралы» (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес, қазіргі уақытта мүмкін еместігін көрсеткен.
Сот алқасы мүдделі тұлғаның осы дәлелдемелерімен келесі негіздер бойынша келіспейді.
Іс материалдарына және соттардың тұжырымдарына сәйкес ЖСО С[...] тарапынан сот шешімі 2008 жылдың 10 қарашасында заңды күшіне еніп, шешім негізінде берілген атқару парағы 13 жыл бойы орындалуға ұсынылмау себептері анықталмай, ол өндіріске 2015 жылы қабылданып, 2018 жылы орындаусыз кері қайтарылып, кейін орындауға 2021 жылғы 31 тамызда жоғарыда келтірілген нормалармен бекітілген үш жылдық мерзім өтіп ұсынылғанына қарамастан орында үшін қабылданғандығы орын алған.
Бұл ретте, алқа соттардың атқарушылық парақ және оның телнұсқасы мәжбүрлеп орындатуға, ол заңды күшіне енгеннен кейін үш жыл мерзімі iшiнде ұсынылуы тиістігі туралы тұжырымымен келіседі және оны дұрыс деп санайды.
Өйткені Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымымен мүдделі тұлғаның атқарушылық құжаттың телнұсқасын беру туралы арызы қанағаттандырудан, оны мәжбүрлеп орындауға ұсыну мерзімі өтіп кеткеніне байланысты бас тартылған.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 11бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сот актiлерi негiзiнде берiлетiн атқарушылық парақтар мәжбүрлеп орындатуға үш жыл мерзімі iшiнде ұсынылу мүмкіндігі қарастырылған.
АПК-нің 242-бабында да атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз атқару құжатын орындауға ұсыну үшін белгіленген мерзім өткенге дейін берілетіні көзделген.
Аталған баптың талаптарына сәйкес атқару құжаттың телнұсқасы заңды күшіне енген сот ұйғарымы негізінде беріледі.
Заңның 37-бабының 4-тармағына, 38-бабы 1-тармағының 4), 8) тарақшаларына сәйкес: атқарушылық құжаттың Заң талаптарына сәйкестігін тексеру үшін сот орындаушыға Заңмен үш күн мерзім белгіленген; сот орындаушысының атқарушылық құжатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін атқарушылық құжат бойынша атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығаратыны, атқарушылық құжатқа заңды күшіне енгені туралы белгісі бар, судьяның қолымен және соттың мөрімен куәландырылған сот актісінің көшірмесі қоса берілетіні жөнінде нормалар көзделген.
Яғни, өндіруші берешекті мәжбүрлеп орындатуға ұсыну үшін заңмен белгіленген мерзімді өткізіп алған, 2021 жылғы 2 шілдесіндегі атқарушылық құжат заңсыз беріліп, ЖСО С[...] атқарушылық парақтың телнұсқасын өз өндірісіне 2021 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысымен қабылдау барысында, жоғарыда келтірілген заң талаптары бұзылған. Сондықтан ЖСО С[...] шағымдалған қаулысы сотпен тек 2021 жылғы 2 шілдеде түзетулер енгізілгеннен кейін берілген атқару парағы негізінде шығарылғандығы туралы уәждері де қабылдануға жатпайды.
Шағымның тала қоюшымен талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімі өткізіліп алынғанды туралы уәждері, ол Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 8 қазанындағы ұйғарымымен қалпына келтірілуіне және кассациялық сатыда қайта қаралуға жатпайтындығына орай, қараусыз қалдырылады.
Сонымен қатар, 281 785 теңгені өндіруге атқару парағын беру туралы арызымен жүгіну барысында басқа іске сілтеме жасағаны жөнінде уәждері бұл іс ЖСО-ның іс-әрекеттеріне дау айту туралы талап қою бойынша әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде қаралғандықтан және мәжбүрлеп орындауға ұсыну мерзімі аралығында түзету енгізу жөнінде өтініш жасамау оның процессуалдық қателігімен байланысты.
Өндірілген сома артық аударылған болып табылмайтындығы және осы сома ЖСО Тарату комиссиясының есепшотына аударылуына орай, оны қазіргі уақытта Банктер туралы Заң мен Қағидаларға сәйкес қайтару мүмкін еместігі туралы уәждері негізсіз.
Өйткені сотпен бұл сома заңсыз қозғалған атқарушылық өндіріс барысында талап қоюшының банктік шотынан ұсталғандықтан, келтірілген мүліктік залал жауапкер ЖСО С[...] өндірілген. Осыған орай, жағарында келтірілген сот актілерімен берешек сомасын өндіру мерзімі өтіп кеткені анықталуына байланысты өндірілген сома артық аударылған болып табылмайтындығы туралы дәлелдері қабылданбайды.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 26 қазандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Валют-Транзит Банк» акционерлік қоғамының тарату комиссиясының төрағасы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С.Баймаханов
Судьялар
Ш.Даниярова
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.