6кп-69-19
Қ А У Л Ы
2019 жылғы 26 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А. Қыдырбаева,
судьялар М. Балкен, А. Рахметулин,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаментінің прокуроры Т[...] қатысуымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының 2019 жылғы 12 маусымдағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен
М[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
2019 жылғы 12 маусымда шығарылған Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты М[...] қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот ісін жүргізу тоқтатылған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды ұсынады.
Ұсыну қанағаттандыруға жатады деген прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, алқа келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 840-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіз болып табылады.
Іс құжаттарына сәйкес жүргізуші М[...] 2019 жылғы 24 сәуірде сағат 11.20 шамасында Шетпе селосы, Шетпе-1 тас жолында мемлекеттік белгісі [...] «Toyota Hilux» маркалы автокөлігін алкогольді масаң күйінде басқарғаны және ішкі істер органы қызметкерінің талабына бағынбай, медициналық куәландырудан өтпей, оқиға орнынан кетіп қалғаны анықталған. 2019 жылғы 25 сәуірде жүргізілген медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес М[...] алкогольден «орташа» дәрежеде масаң күйінде болғаны анықталған.
Осы факті бойынша М[...] қатысты ӘҚБтК-нің 608бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған.
Бірінші сатыдағы сот әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы жоқ деген тұжырымға келіп, іс бойынша сот ісін жүргізуді тоқтатқан.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында іс бойынша сот ісін жүргізудің заңсыздығына негіздеме ретінде іс материалдарында М[...] әкімшілік жауапкершілікке тартуға жеткілікті дәлелдемелерің бар екендігі жөнінде уәж келтірілген. Ұсыну дәлелдерінің негізділігі мыналармен расталады.
Іс құжаттарынан көрінгендей, 2019 жылғы 24 сәуірдегі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада М[...] «Toyota Hilux» маркалы автокөлігін алкогольді масаң күйінде басқарғаны және оқиға орнынан кетіп қалғаны анықталды. Сонымен қатар, бұл мән-жайлар полиция қызметкерлерінің баянатымен, медициналық куәландыру қорытындысымен расталады.
ӘҚБтК-нің 819-бабының 1-бөлігіне сай, орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бузушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік құқық бузушылық жасалды ма; осы тұлға оны жасауға кінәлі ме, ол әкімшілік жауаптылыққа жатады ма; жауаптылықгы жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар бар ма; мүліктік залал келтірілген бе, осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайларды, әкімшілік құқық бузушылық туралы хаттама және осы Кодексте көзделген басқада хаттамалар дұрыс жасалған ба, істің өзгеде материалдары дұрыс ресімделген бе; іс бойынша іс жургізуді болғызбайтын мән-жайлар, сондай-ақ тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар бар ма деген сұрақтарға жауапты анықтауға, істің дүрыс шешілуі үшін маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға міндетті.
Алайда, бірінші сатыдағы сот әкімшілік істі қарау барысында іске қатысты маңызды мән-жайларды негізге алмай, өрескел заң бұзушылықтарға жол берген. ӘҚБтК-нің 2-бабына сай, осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген қүқық бүзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекет жасау әкімшілік жауаптылықтың негізі болыл табылады. Аталған Кодекстің 25-бабының 1-бөлігіне сәйкес, осы Кодексте сол үшін әкімшілік жауаптылық көзделген, жеке тұлғаның қүқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасаған) әрекетіне (әрекетсіздігі) немесе заңды түлғаның құқыққа қарсы әрекетіне (әрекетсіздігі) әкімшілік құқық бұзушылық дел танылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Жол жүрісі қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 2.4.2.
талаптарына сай жүргізушіге масаң күйде (алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық), реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсерімен, жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйде көлік құралын басқаруға тыйым салынады.
Сонымен бірге, Қағиданың 2.4.11. талабына сай өзінің қатысы бар жол-көлік оқиғасынан кейін не ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша көлік қүралы тоқтатылғаннан кейін уәкілетті лауазымды адам мас күйді анықтау мақсатында куәландырудан өткізгенге дейін немесе уәкілетті лауазымды адам осындай куәландыруды жүргізуден босату туралы шешім қабылдағанға дейін алкоголь ішімдіктерін, есірткі немесе психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салынады. Жоғарыда аталған медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, М[...] алкогольден «орташа» дәрежеде масаю күйінде болғаны анықталған. Іс құжаттарында құқық бұзушы М[...] кінәсі полиция қызметкері О[...] баянаты, әкімшілік хаттамалары, медициналық куәландыру қорытындысымен толықтай дәлелденген. Құқық бұзушы М[...] алкогольдік ішімдік ішкен күйде автокөлік жүргізу фактісі бойынша түсініктеме беруден бастартқан. Ал сот басқа қосымша дәлелдемелерге, куәлердің айғақтарына сүйенбей, істі заңсыз тоқтатқан.
Аталған әкімшілік іс бойынша, «Төрелік» бағдарламасына енгізілген сот қаулысымен іске тіркелген сот қаулысының мәтіндерінің кіріспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөліктері біріне-бір қарама қайшы, қате жазылған. Әкімшілік іске тіркелген қаулының қарар бөлігі бойынша «М[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608- бабы 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік іс - оның құқық бұзушылық әрекеті дәлелденбеуіне байланысты тоқтатылсын» делінген. Ал «Төрелік» бағдарламасына енгізілген сот қаулысының қарар бөлігінде «М[...] ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен құрамы болмағандықтан, әкімшілік іс қысқартылды» деп лексикалық- грамматикалық қателікпен дайындалған қаулы енгізілген.
Сонымен бірге, «Төрелік» бағдарламасындағы қаулыда 10 маусым 2019 жыл, ал істе 12 маусым 2019 жылы қаралған деп қате көрсетілген. Жоғарыда көрсетілген мән-жайларға сәйкес, бір іс бойынша сот екі түрлі мазмұнда сот актісін шығарған. Бұл әкімшілік заңнама мен заңдылықты сақтау принципінің өрескел бұзылғанын және мұндай сот актісін бұзу керек екенін айғақтайды.
Осыған байланысты, соттың әкімшілік өндірісті тоқтату туралы іс бойынша әлі ертерек. ӘҚБтК-тің 839-бабы 1-бөлігінің 4-тармағы негізінде бірінші сатыдағы соттың шығарылған қаулысы істі жаңадан қарауға жібере отырып, күшін жоюға жатады. Жаңа қарау кезінде сот іс бойынша барлық мән-жайларды анықтауы, жиналған дәлелдемелерді зерттеуі, оларға тиісті баға беруі және заңды және негізделген қаулы қабылдауы тиіс.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде ӘҚБтК-тің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,
Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының 2019 жылғы 12 маусымдағы қаулысының күші жойылып, іс бойынша іс жүргізуді қайта қозғап, бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жолдансын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Судьялар
М. Балкен
А. Рахметулин
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.