КСАД РК - Постановление от 20.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/146 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 20 тамыз 6003-25-00-4к/146 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,

талап қоюшының өкілдері К.Ж.Укибаев пен И.К.Ормановтың, жауапкер өкілі А.С.Махамбетованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Асыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (әрі қарай – «Асыл» ЖШС) жауапкер «Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Басқарма) №1 лот бойынша конкурстық комиссия отырысының хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жою, жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартын жарамсыз деп тану, конкурс нәтижелерін қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 қазандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының келтірілген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 қазандағы шешімімен «Асыл» ЖШС-нің талап қоюы қанағаттандырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Тараптар өкілдерінің түсініктемелерін тындап, кассациялық шағымның дәлелдерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, кассациялық сот келесідей қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Апелляциялық сот алқасының тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Шымкент қаласы әкімінің 2024 жылғы 5 наурыздағы №25-ө өкімімен жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығын иеленуге конкурс ұйымдастыру және өткізу жөнінде конкурстық комиссия құрамы бекітілген.

2024 жылғы 20 маусымда Басқарма 2024 жылғы 19 шілде сағат 16-00 де өтетін 4 лот бойынша, соның ішінде №1 лот «Шымкент-Шұбарсу» автобус бағыты бойынша конкурс жариялаған.

«Асыл» ЖШС-і №1 лот бойынша конкурсқа қатысу үшін тілек білдіріп, конкурстық құжаттарын ұсынған.

2024 жылғы 4 шілдеде комиссия хатшысы талап қоюшыға конкурстық құжаттамалардың сәйкессіздіктері туралы хабарлама берген.

2024 жылғы 19 шілдедегі конкурстық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес №1 лот бойынша «РАФ» ЖШС конкурс жеңімпазы деп танылған. Нәтижесінде Басқармамен «РАФ» ЖШС арасында 2024 жылғы 24 шілдеде №35 жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты жасалған. Бірінші сатыдағы сот тек комиссия хатшысының негізсіз хабарламасы бойынша, конкурс алдындағы комиссияның мүшелері конкурстық құжаттаманы тексермей, талап қоюшыны конкурсқа қатыстырмауға болмайды деп санаған. Басқарма адал бәсекелестік қағидаттарын бұза отырып, талап қоюшыны конкурсқа қатысудан негізсіз шеттеткен деген тұжырымға келген.

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығымен бекітілген Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларының (әрі қарай - Қағидалар) 169-тармағына сай конкурсқа қатысушыларды тіркеу Конкурс туралы хабарландыру жарияланған күнінен кейінгі күні басталады және оның басталу күнінің алдындағы күнге дейінгі он жұмыс күн ерте аяқталады.

Қағидалардың 170-тармағымен конкурсқа қатысушы ретінде тіркелу үшін Комиссияға тиісті лот бойынша конкурсқа қатысуға өтініміне қоса тіркеліп берілетін құжаттары және олардың рәсімдеу тәртібі көзделген. Сотпен анықталғандай талап қоюшы конкурсқа қатысушыларды тіркеудің соңғы күні 2024 жылдың 4 шілдесінде конкурстық өтінімімен қоса құжаттарын Басқармаға, комиссия хатшысына ұсынған.

Қағидалардың 172-тармағына сәйкес өтінімдерді қабылдау осы Қағидалардың 170-тармағында көзделген өтінімге тіркелген қосымша толық құжаттар пакеті болған кезде жүргізіледі. Өтінім және оған қоса берілетін құжаттар осы Қағидалардың 170-тармағына сәйкес келмеген кезде комиссия хатшысы беру күні мен уақытынан бастап 7 жұмыс сағатының ішінде сәйкессіздіктерді көрсете отырып, құжаттарды берген тұлғаны жазбаша хабарландырады.

Қағидалардың осы нормасы бойынша комиссия хатшысы талап қоюшыға келесі сәйкессіздіктер туралы хабарлаған.

  1. Қағиданың 164-тармағына сәйкес қатысушы конкурстық ұсыныстар бойынша толық және сенiмдi ақпаратты ұсынуы тиiс, яғни:
  • жеке немесе жалға алған базаны көрсету қажет. Бұл ретте, «Автокомбинат №4 НУР» ЖШС-де және «Асыл» ЖШС-де көлік базаларының құжаттары тіркелген.

  • медициналық және техникалық қызмет көрсету бойынша «Автокомбинат №4 НУР» ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Бірақ, қызметшілер «Асыл» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан.

  1. Қағиданың 170-тармағына сәйкес конкурстық ұсыныстар ақ стандартты парақтарда біркелкі, түзетулер мен түзетулерсіз ресімделеді. Өтінім қоса берілген құжаттармен нөмірленеді, тігіледі және конкурсқа қатысушының қолымен, мөрімен (бар болса) бекітіледі, яғни:

21 беттегі көліктің диагностикалық картасы анық көрінбейді;

23 беттегі көліктің диагностикалық картасы анық көрінбейді;

24 беттегі көліктің тіркеу төлқұжаты анық көрінбейді;

25 беттегі көліктің диагностикалық картасы анық көрінбейді;

27 беттегі көліктің диагностикалық картасы анық көрінбейді;

28 беттегі көліктің тіркеу төлқұжаты анық көрінбейді;

50 беттегі жүргізуші куәлігі анық көрінбейді;

8, 9, 11, 13, 15-20, 22, 24, 26, 28-52, 54-60, 104-117 беттерін нөмірлеу барысында, түзеулер орын алған.

Бірінші сатыдағы сот комиссия хатшысының Қағидалардың 164тармағына сілтеме жасауы және талап қоюшының құжаттарын тіркемей қайтаруын заңсыз деп тапқан.

Алайда Қағидалардың нормаларына сай, конкурс хатшысы конкурсқа қатысушылардың өтінімдері Қағидалардың 170-тармағына сәйкес болмаған жағдайда, оны тіркемей, қатысушыға түзетуге мүмкіншілік беріп, хабарлама жолдайды. Іс материалдарына қарағанда, конкурс хатшысы Қағидалардың 164тармағына емес, 170-тармағы бойынша құжаттардың сәйкессіздігіне байланысты «Асыл» ЖШС-нің конкурстық өтінімін тіркемей, хабарламамен қоса қайтарған.

Атап айтқанда, конкурс хатшысы «Асыл» ЖШС-нің құжаттары Қағидалардың 170-тармағы 6) тармақшасына сәйкес келмеуіне, конкурстық ұсыныстар ақ стандартты парақтарда біркелкі, түзетулер мен түзетулерсіз рәсімделмегеніне байланысты қайтарған.

Сондай-ақ, Қағидалардың 171-тармағы бойынша комиссияның хатшысы конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген мерзiмдерi бұзылып берiлген өтiнiмдер мен оларға қоса берiлетiн құжаттарды қабылдамайды және комиссия қарамайды.

Талап қоюшы конкурстық өтінімін конкурсқа қатысушылардың тіркелу мерзімінің соңғы күні тапсыруына байланысты, хатшының хабарламада көрсеткен сәйкессіздіктерін жоюға қосымша уақыты болмаған. Ал мерзім өткеннен кейін конкурс хатшысы құжаттарды қабылдап, қатысушыны тіркеуге заңды негізі жоқ.

Істің бұл тұрғысында сот алқасының талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешімі заңға сәйкес қабылданған.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Жоғарыда аталғанның негізінде, апелляциялық сатыдағы соттың сот актісі күшінде қалдырылуға жатады.

– ӘРПК нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев Судьялар Г. Ыдырысова

Д. Әбдіғалиев Г. Ыдырысова М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.