ҚАУЛЫ
2026 жылғы 23 сәуір № 6003-26-00-4к/231 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова, судьялар – М.А.Қасымов, Д.Н.Нұрлыбаева болып, прокурор К[...], жауапкер өкілі С[...], мүдделі тұлға «КС[...]» ЖШС-нің өкілі Х[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Орал қаласы жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне бұзушылықты жою туралы нұсқамасын заңсыз деп тану туралы талап қою бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысына мүдделі тұлға «КС[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Орал қаласы жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, мүдделі тұлға «КС[...]» ЖШС-і кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот шешімін және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын толық жоюды, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
Кассациялық сатыдағы сот жауапкер өкілінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар анықталмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға сәйкес «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент) «SUN CITY NEXT» тұтыну кооперативінің басшысы С[...] арызы негізінде «Орал қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі - Бөлім) 2024 жылғы 30 қыркүйек пен 8 қазан аралығында тексеру жүргізген.
Тексеріс нәтижесі бойынша Бөлімге 8 қазан 2024 жылғы №318 бұзушылықты жою туралы нұсқамасы енгізген.
Сотпен анықталғандай, 14 маусым 2024 жылғы №1048 Орал қаласы әкімінің қаулысымен «КС[...]» ЖШС-не елді мекендердің жерлері санатындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысына және оған қызмет көрсету үшін, Самал көшесі 88-құрылыс мекен көлемі 1,1503 га қосымша жер учаскесі 2026 жылдың 1 наурызына дейінгі мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалануы құқығымен берілгендігі анықталды.
Қаулы негізінде 12 шілде 2024 жылғы №17067 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарты жасалған.
18 қыркүйек 2024 жылғы Бөлімнің №252 жер учаскелерін біріктіру жөніндегі бұйрығы негізінде 21 қазан 2024 жылғы №17287 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарты жасалған.
Нұсқамада қала әкімдігінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №1048 қаулысы негізінде жасалған 12 шілде 2024 жылғы №17067 «КМТСитиСтрой» ЖШС-не жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартын жарамсыз деп тану бойынша тиісті шаралар қабылдауды жүктеген.
Талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, төменгі сатыдағы соттар жер учаскесін берудің заңсыз екенін дұрыс анықтаған.
Анықталғандай, қосымша жер учаскесі Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 44-2–бабының талаптары бойынша берілген.
Алайда, қосымша жер учаскелер жер пайдаланушыларға тек Жер кодексінің 48-бабының 5-тармағына сәйкес, өздеріне тиесілі жер учаскелерін кеңейту және реконструкциялау үшін ғана беріледі.
Осы тармаққа сәйкес жеке немесе заңды тұлғаларға жер учаскесін немесе жалдау құқығын беруді мемлекет мына жағдайларда: 1) олардың меншігіндегі үйлерді (құрылыстарды) пайдалану және күтіп-ұстау кезінде; 2) сұрау салынған іргелес жер учаскесі ғимараттарды кеңейту және реконструкциялау үшін қажет болған жағдайда, конкурс өткізбей жүзеге асырады. 21 желтоқсан 2023 жылғы №2761 қаулысымен бекітілген Орал қаласының солтүстік–шығыс бөлігіндегі тұрғын үй алқабының егжейтегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес «КС[...]» ЖШС-гі берген даулы жер учаскесі көпқабатты тұрғын үйден бөлек жаңадан салынған көпқабатты үйлер салу жоспарланып отырған дербес жер учаскесі екенін көруге болады.
Іс құжаттарына сай, 14 маусым 2024 жылы қосымша жер учаскесін беру кезінде «КС[...]» ЖШС-мен құрылыс аякталмаған және заттай құқықпен құрылыс нысаны тіркелмегендігі анықталды (пайдалануға қабылдау актісі 24.12.2024 жылы).
ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.11.2015 жылы № 750 бұйрығымен бекітілген Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының 4- тармағының 14) тармақшасына сәйкес реконструкциялау - әдетте өзгеретін объектіні жаңарту мен жаңғырту қажеттігіне байланысты жалпы жекелеген үй-жайларды, ғимараттың өзге де бөліктерін немесе ғимаратты өзгерту болып табылады.
Кассациялық сатыдағы сот, аяқталмаған құрылыс және пайдалануға берілмеген ғимаратты «кеңейту және реконструкциялау», сондай-ақ өтініш берушінің меншігіндегі ғимаратты пайдалану және күтіп ұстау негізінде қосымша жер телімін беру негізсіз және оны қамтамасыз ету бойынша қабылданған әрекеттер заңсыз деген төменгі соттардың уәждерін дұрыс деп санайды.
Осы көрсетілгеннің негізінде кассациялық сот төменгі соттардың тұжырымымен келісіп, жауапкер тарапынан талап қоюшының және мүдделі тұлға «КС[...]» ЖШС-нің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмаған деп санайды.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды әрі істің мән-жайларына сәйкес қабылданған сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «КС[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә.Назарова
Судьялар
М.Қасымов
Д.Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.