ВС РК - Постановление от 11.10.2022 по делу 6001-22-00-6ап/809 (Административное)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 11 қазан 6001-22-00-6ап/809 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып, талап қоюшы – Д[...],

жауапкерлер:

Шымкент қаласы әкімінің және Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы жер комиссиясына өкілі У[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Д[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы жер комиссиясына Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 17 маусымдағы №485 қаулысының 23-тармағын заңсыз деп тану, жер учаскесін жалға беру мерзімін ұзартуды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 қарашадағы шешімі мен Шымкент қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 наурыздағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Д[...] жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 қарашадағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған. Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 17 маусымдағы №485 қаулысының 23-тармағы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Шымкент қаласының әкімдігіне соттың шешімінде көрсетілген құқықтық ұстанымын ескере отырып, Д[...] талабы бойынша тиісті қолайлы акт қабылдау міндеттелген.

Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 наурыздағы қаулысымен сот актісі өзгеріссіз қалдырылған. Шешімнің қарар бөлігіндегі «Шымкент қаласының әкімдігіне соттың шешімінде көрсетілген құқықтық ұстанымын ескере отырып Д[...] талабы бойынша тиісті қолайлы акт қабылдау міндеттілсін» деген сөйлем «Шымкент қаласының әкімдігіне Д[...] жер учаскесін жалға беру мерзімін ұзартуды міндеттелсін» деген сөйлеммен ауыстырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында сот істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, сот шешімінің талап қоюшының талабын қанағаттандырылған бөлігінде күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығаруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай негіздер анықталмады.

Даудың мән-жайларына қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] әкімдігі Б[...] [...] жылғы 23 қарашадағы №31 шешімі негізінде Д[...] Б[...] [...] бөлімшесі Жаңақұрылыс көшесіндегі 800,0 шаршы метр жер учаскесі тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 2 жылдан аспайтын мерзімге уақытша өтеулі жалға берілген. Кейін бұл жер Шымкент қаласының аумағына қосылған.

2021 жылдың 13 сәуірінде Шымкент қаласы Абай ауданы Құрсай шағын ауданы (Карл-Маркс бөлімшесі) Жаңақұрылыс [...] мекенжайда орналасқан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесінің мерзімін ұзарту туралы Д[...] өтініш берген.

Аталған өтініш, Шымкент қаласы жер комиссиясының 2021 жылғы 20 мамырдағы отырысында қаралып, Д[...] жер учаскесіне мемлекеттік акт рәсімделмегенін, келісім шарты түзілмегенін көрсетіп, жер учаскесінің жалға беру мерзімін ұзартудан бас тартқан. Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 17 маусымдағы №485 қаулысының №23 тармағында жер комиссиясының қорытындысында көрсетілген негіздермен жалға беру мерзімін ұзарту туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған.

Жергілікті соттар талап қою арызын қанағаттандыруы негізді болып табылады.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43-бабының екінші тармағына сәйкес Жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі.

Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысып отырған жер комиссиясы мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады және егер оған жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі. Жер комиссиясының отырысы аудио-,бейнежазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеледі.

Сотта зерттелген дәлелдемелермен комиссия отырысына оның жалпы санының құқыққа сиымды құрамы болмағандығы анықталған.

Сонымен қатар, Д[...] жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскесінің жер учаскесiне уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығының мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешімі заң талаптарына сілтеме жасай отырып уәжделмеген.

ӘРПК-нің 85-бабы бірінші бөлігінің талабына сай, Қазақстан Республикасы заңнамасының негізінде және талаптарына сәйкес қабылданған әкімшілік акт заңды болып есептеледі. «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесімен Д[...] 2021 жылғы 13 сәуірдегі жер учаскесіне қатысты берілген тапсырысына сай жасалған қорытындысы бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 25 сәуірдегі № 206 қаулысымен бекітілген «Құрсай-2» тұрғын үй алабының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша аз қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқан және кадастр №[...] жер телімі мен беттесе орналасқан деп көрсетілген.

Алайда, сотта «Азаматтарға арналған үкімет» «Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-нің Шымкент қаласы бойынша филиалының мамандарының қатысуымен даулы жер учаскесіне зерделеу жұмыстары жасалынып, Жаңақұрылыс көшесі нөмірсіз мекенжайдағы жер учаскесінде ұзындығы 9,70 метр, ені 4,50 метр тұрғын үй орналасқаны және оған жапсарлас ұзындығы 2 метр ені 4,50 метр бастырма құрылысы, сонымен қатар, А[...] тиесілі кадастр №[...] жер учаскесі даулы жер учаскесіне іс жүзінде беттеспейтіні анықталған. Яғни, 2012 жылы Д[...] жергілікті атқарушы органмен жер учаскесін беру туралы шешім қабылдау кезінде Жер кодексінің 43-бабының талаптары толық сақталғандығы, бүгінгі таңда берілген жер учаскесінде үй салып қойғандығы, үшінші тұлғалардың құқықтарының шектелмейтіндігі сотпен анықталған.

Соттардың қабылдаған шешімі әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады деп көрсетілген ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігінің талаптарына және осы Кодекстің 8-бабындағы әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарына сәйкес келеді.

Сот алқасы жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтап, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жою үшін негіздер жоқ деп тауып, жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп қорытады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 қарашадағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер Шымкент қаласы әкімінің өкілі У[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Т.Даниярова Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.