Қ А У Л Ы
2026 жылғы 29 сәуір №6003-25-00-2к/5287 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья А.А.Даненова, судьялар М.Н.Ибрагимова, А.Б.Тоқсанбаев,
талап қоюшы Т[...], жауапкер Ж[...] және оның өкілі А[...] қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкер Ж[...] автокөліктің құнын өндіру туралы талап қоюымен қабылданған
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысына жауапкер Ж[...] кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюымен жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 сәуірдегі шешімімен талап қоюшы Т[...] жауапкер Ж[...] автокөліктің құнын өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспей, соттар тарапынан материалдық және процестік заң нормаларын бұзуға жол берілгенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығаруды сұрады.
Кассациялық сот отырысында жауапкер және оның адвокаты шағымды толығымен қуаттап, қанағаттандыруды сұрады, ал талап қоюшы жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждерімен келіспей, қазіргі таңда сот шешімінің толығымен орындалғанын көрсете отыра, сот актілерін күшінде қалдыруды сұрады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
Апелляциялық сатыдағы сот шешімімен келісіп, өзгеріссіз қалдырған. АПК-нің 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп
соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Істі қарау барысында жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.
АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс. Сот шешiмдi тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 8- бабы 4-тармағына сай азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.
Осы баптың 7-тармақшасына сай 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.
Т[...] 2022 жылғы 16 қарашадан сатып алу-сату шарты бойынша «CHEVROLET TRACKER» маркалы, идентификациялық номері [...], мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автокөлігіне (бұдан әрі-даулы автокөлік) оның меншік құқығы тіркелген.
Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюымен жүгініп, талабын жауапкер Ж[...] заңды күшіне енген сот шешімін орындаудан жалтарып, қайтарылуы тиіс болған даулы автокөлікті қайтармағанымен, қазіргі кезде автокөлікті заттай қайтарып алу мүмкін болмай отырғанымен негіздеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 72-бабына сәйкес, яғни әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды сот отырысында келтіруі тиіс. Алайда мұндай дәлелдемелер талап қоюшы тарапынан сотқа ұсынылмаған. Заңды күшіне енген 2023 жылғы 31 наурыздағы сот шешімімен жауапкер Ж[...] талап қоюшы Т[...] даулы автокөлік қайтарылып берілген.
Аталған сот шешімі 2023 жылғы 29 маусымда заңды күшіне енген.
АПК-нің 21-бабы 2-бөлігімен заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ сот төрелігін жүргізу кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.
Аталған сот шешімі негізінде атқару парағы жазылып, орындалуға
жіберілген.
Жеке сот орындаушы А[...] (бұдан әрі - сот орындаушы) 2023 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен атқару парағы бойынша атқарушылық іс жүргізу қозғалған және оны борышкерге мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылған.
Сонымен қатар, сот орындаушысы Түркістан және Шымкент қаласының полиция департаменттеріне автокөлік анықталған жағдайда, оны ұстап, айыптұраққа қою жөнінде сұраныстар жолданған. Көрсетілген сұраныстар орындауға қабылданған.
Алайда, полиция органдары тарапынан сот орындаушыға істі қарау барысында даулы автокөлік жол қозғалысының қатысушысы ретінде анықталғаны және айыптұраққа қойылғаны жөнінде деректер берілмеген.
2024 жылғы 30 сәуірде сот орындаушысы автокөліктің борышкер Ж[...] тұрғылықты мекенжайы бойынша анықталмағаны жөнінде акті жасалған.
Өз кезегінде, жауапкер Ж[...] автокөліктің өз иелігінде емес екенін және пайдалануында жоқ екенін сот орындаушыға хабарлаған. Алайда борышкердің бұл уәждерін жергілікті соттар тексермеген.
Жергілікті соттардың автокөлікті қайтарып беру жөніндегі заңды күшіне енген шешімнің барлығы, шешімнің сот орындаушының орындауында болуы, мүліктің табылмағаны және жоғалғаны туралы мәліметтер іс құжаттарымен анықталмаған.
Керісінше, іс құжаттарында сот орындаушының Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2023 жылғы 10 шілдедегі шешімі бойынша атқарушылық іс жүргізу қозғалғанын, ол өндірістің осы күнге дейін орындалмағаны көрсетілген. Өндіріс қысқартылмаған (іс беті 28-29).
Атқару қағазы қайтарылмаған.
Iстi қараған және шешім шығарған сот iске қатысатын тұлғалардың арызы бойынша тараптардың мүлiктiк жағдайын немесе басқа дәлелді себептерді негiзге ала отырып, шешiмді орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзартуға, сондай-ақ оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгертуге құқылы екендігі АПК-нің 238-бабының нұсқауларымен қамтылған. Алайда, бұл норманың нұсқаулары соттар тарапынан ескерілмеген.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы «Азаматтық істер бойынша сот шешімін орындаудың кейбір мәселелері туралы» №6 қаулысының 4-тармағында түсіндірілген негіздер бойынша олардың пайда болу мерзіміне қарамастан (шешім шығарылған кезде немесе ол шығарылғаннан кейін) сот шешімінің орындалуы түсіндіріледі. Сот шешімі орындалмаған жағдайда, орындау кейінге қалдырылуы, бөліп төлеу ұзартылуы немесе оны орындау тәсілі мен тәртібі өзгертілуі мүмкін. Шешімді орындау әдісі мен тәртібін өзгерту тығыз байланысты ұғымдар. Сот шешімін орындау қиын немесе мүмкін емес жағдайлар туындағанда қолданылады. Сондықтан тараптардың бастамасы
бойынша шешімді орындау әдісі мен тәртібін өзгертуге, бір орындау түрінен екіншісімен ауыстыруға болады.
Осы ретте, талап қоюшының жауапкерден даулы автокөліктің құнын өндіру туралы талап қоюы мезгілінен бұрын берілгенін кассациялық сот негізсіз деп санайды. Яғни, іс бойынша жаңа азаматтық іс қозғалмай, талап қоюшының көрсетілген өтініші атқарушылық өндірісте қаралуға жататындығын ескерілмеген.
Сондықтан жергілікті соттардың істің баяндалып өткен мән-жайлары 2023 жылғы 31 наурыздағы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде берілген атқару құжатының орындалуы және автокөлікті жауапкерден талап қоюшыға заттай қайтаруға мүмкін болмай отырғанын бекітеді деген тұжырымы негізсіз.
Сонымен қатар, жауапкердің шағымда келтірген уәжінде даулы автокөлікті Д[...] сатқаны және соңғының өтініші бойынша сатып алу-сату мәмілесін Т[...] арасында жасағаны, кейіннен Д[...] мен Т[...] арасында тұрғын үйді сатып алусату мәмілесі бойынша дау туындап, Д[...] Т[...] автокөлікті алып қойғаны жөніндегі уәждері назарға алынбаған.
Іс бойынша даулы автокөлікті жауапкер емес, үшінші тұлғалардың алып кеткені талап қоюшыға белгілі, бұл жөнінде талап қоюшының қылмыстық істі қозғау туралы өтініші 2023 жылғы 31 наурыздағы шығарылған сот шешімі және істегі үшінші тұлғалардың түсініктемелерімен анықталған. Мұндай жағдайда жергілікті соттардың Т[...] Ж[...] автокөліктің құны өндірілуге жататыны туралы тұжырымы негізсіз болып табылады. Себебі даулы автокөлік талап қоюшының иелігінен шықпаған, басқа тұлғаға мәміле бойынша иелігі өтпеген. Талап қоюшы сотқа жауапкермен даулы автокөлікті жарамсыз күйге жеткізгені туралы дәлел ұсынбаған.
Көрсетілгендердің негізінде, сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылуға, ал жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.
Сәйкесінше, АПК-нің 109-бабы 3-бөлігіне сәйкес талап қоюшыдан жауапкердің пайдасына төленген мемлекеттік баж - 40 995 теңге өндірілуге тиісті.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)- тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 сәуірдегі шешімінің және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысының күші жойылсын, іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.
Талап қоюшы Т[...] жауапкер Ж[...] автокөліктің құнын өндіру туралы талап қоюы
қанағаттандырусыз қалдырылсын. Жауапкер Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын. Т[...] Ж[...] пайдасына төленген мемлекеттік баж 40 995 (қырық мың тоғыз жүз тоқсан бес) теңге өндірілсін.
Төрағалық етуші судья А.А.Даненова Судьялар А.Б.Тоқсанбаев М.Н.Ибрагимова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.