№ 6ап-33-16
Қ А У Л Ы
2016 жылғы 21 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қ. Қыдырбаева,
судьялар Ж.Б. Ермағамбетова, Н.Ө. Жолдасбеков,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған «ЕДИК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі - адвокат У[...],
«Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет - құрылыс бақылауы басқармасы» Мемлекеттік мекеменің өкілі А[...] (2016 жылғы 20 сәуірдегі сенімхат негізінде) қатысуымен кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Қызылорда облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 4 тамыздағы қаулысына келтірген наразылығымен келіп түскен
«ЕДИК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 313-бабының 2-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2015 жылғы 24 маусымдағы қаулысымен «ЕДИК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік) қатысты ӘҚБтК-тің 313-бабының 2-бөлігімен қозғалған әкімшілік өндіріс, әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты қысқартылған.
Әкімшілік іс апелляциялық тәртіпте қаралмаған.
Қызылорда облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы бұзылып, Серіктестік ӘҚБтК-тің 313-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған тиісті қызмет түрі бойынша лицензиясынан айыра отырып, 800 (сегіз жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 585 600 (бір миллион бес жүз сексен бес мың алты жүз) теңге айыппұл тағайындалған. Қызылорда облыстық прокурорының кассациялық наразылығы қанағаттандырылған.
Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша Серіктестіктің әкімшілік құқық бұзушылық жасаған әрекетін дауламай, кассациялық сот алқасының қаулысын тағайындалған айыппұл мөлшерінің бөлігінде, әкімшілік туралы заңды дұрыс қолданбауына байланысты өзгертуін сұраған.
Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], «Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» ММ-нің өкілі А[...], қаулының күшін толығымен жоюды сұраған Серіктестіктің өкілі - адвокат У[...] пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді. 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін күшінде болған «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңның 6-бабының 5-тармағында заңды тұлға құрмаған дара кәсіпкерлер және жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 100 адамнан аспайтын және жылдық орташа табысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 300 мың еселенген мөлшерінен аспайтын, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады делінген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының хатына сәйкес, Серіктестікпен 2015 жылғы салық есептілігіне сай жұмыскерлерінің саны сол жылдың бірінші тоқсанына 67 адам, екінші тоқсанына 46 адам, ал үшінші тоқсанда көрсетілмеген. Қаржы айналымы бірінші тоқсанда 45 959 969 теңге, екінші тоқсанда 3 941 693 теңге, үшінші тоқсанда салық есептігі нөлдік көрсеткішпен табыс етілгені анықталды. Ал, 2014 жылғы салық есептілігі бойынша жылдық жиынтық табысы 70 474 606 теңгені құраған.
Сонымен қатар, Қызылорда облысының Әділет департаментінің 2015 жылғы 15 мамырдағы және 3 маусымдағы хаттарына сәйкес, Серіктестік шағын кәсіпкерлік субъектісі болып тіркелген.
ӘҚБтК-тің 313-бабының 2-бөлігінің санкциясында шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін тиісті қызмет түріне лицензиядан айыра отырып 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатыны көзделген. Оның үстіне, ӘҚБтК-тің 55-бабының 1-бөлігінде әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза осы құқық бұзушылық үшін ӘҚБтК-тің ерекше бөлімінің бабында көзделген шекте, осы ӘҚБтК-тің ережелеріне дәл сәйкестікте қолданылады делінген.
Мұндай жағдайда, Қызылорда облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 4 тамыздағы Серіктестікке 800 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалған әкімшілік айыппұлы өзгертілуге жатады.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 2)-тармақшасына сәйкес, судьяның әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбауы әкімішілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін өзгертуге негіз болып табылады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 840-бабының 2-тармақшасын, 851бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
«ЕДИК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы Қызылорда облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 4 тамыздағы қаулысы өзгертіліп, Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 313-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жаза ретінде 400 (төрт жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 792 800 (жеті жүз тоқсан екі мың сегіз жүз) теңге айыппұл салу жазасы тағайындалсын.
Қаулының қалған бөлігі өзгерізсіз қалдырылсын. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Ж. Ермағамбетова
Судьялар
Н. Жолдасбеков
Көшірмесі дұрыс. Судья
Н. Жолдасбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.