ҚАУЛЫ
2024 жылғы 21 қараша 6001-24-00-6ап/1510 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Кайрат Мухамедович Сарсенгалиевтің жауапкерлер Жаңаөзен қаласы әкімі (бұдан әрі – Әкім), «Жаңаөзен қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі) материалдарды жер комиссиясының қарауына ұсыну әрекетін заңсыз деп тануды, 2023 жылғы 5 қыркүйектегі №KZ34VBH00191309 және №KZ61VBH00191308 жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартуларын заңсыз деп танып, күшін жоюды, 2023 жылғы 30 қаңтардағы Әкімнің қаулыларымен Жаңаөзен қаласы, «Көктем» шағын ауданынан абаттандыру үшін берілген көлемі 0,0616 га (кадастрлық номері:13-201-004-3110) және көлемі 0,0234 га (кадастрлық номері: 13-201004-3107) жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарын құрылыстар мен ғимараттар құрылысы үшін нысаналы мақсатына өзгертуге міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 сәуірдегі шешіміне талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қарашадағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сот қағидалары бойынша мәні бойынша қарау үшін апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылданған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 сәуірдегі шешімімен талап қоюшының талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы К.М.Сарсенгалиев кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың шешімімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Әкімнің 2023 жылғы 30 қаңтардағы қаулыларына сәйкес К.М.Сарсенгалиевке Жаңаөзен қаласы, «Көктем» шағын ауданынан абаттандыру нысаналы мақсатымен көлемі 0,0616 га (кадастрлық номері 13-201-004-3110) және көлемі 0,0234 га (кадастрлық номері 13-201-004-3107) жер учаскелері (бұдан әрі – жер учаскелері) уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен қысқа мерзімге, 3-жылға табысталған. Күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салу туралы шектеулер мен ауыртпалықтар салынған.
10 ақпан 2023 жылы жер учаскелерін жалдау туралы №29 және №30 келісім-шарттары жасалған.
2023 жылдың 18 тамызында К.М.Сарсенгалиев Әкімге жүгініп жер учаскелерінің нысаналы мақсатын құрылыстар мен ғимараттар құрылысы үшін өзгертуді сұраған.
2023 жылғы 1 қыркүйекте жер комиссиясының шешімімен жерлердің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартылған. Әкім 2023 жылғы 5 қыркүйекте дәлелді бас тарту туралы шешім қыбылдаған. К.М.Сарсенгалиев бұл шешіммен келіспей жоғарыда аталған талаптармен сотқа жүгінген.
Апелляциялық саты соты талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
ӘРПК-нің 10-бабыа сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.
Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 65-бабының 1-бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілгендей жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде – оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға міндетті.
Бұл талап К.М.Сарсенгалиевпен орындалмаған.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған Кодекстің 44-2-бабының 3-тармағына сай облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың әкімі елді мекендердің бекітілген бас жоспарларының және егжейтегжейлі жоспарлау жобаларының не аумағын орналастыру схемаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
К.М.Сарсенгалиевтың жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын табыстау туралы қаулыларына, жер учаскесін жалдау туралы шарттарына қарағанда жер учаскелері абаттандыру мақсатымен берілген және күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салу туралы шектеулер мен ауыртпалықтар салынған.
Жаңаөзен қаласының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша даулы жер учаскелері абаттандыру аумағына жатады және құрылыстар салу қарастырылмаған.
Талап қоюшының әрекеттерінен жосықсыз мінез-құлық ниеті байқалады. Себебі, ол даулы жер учаскелерін абаттандыру мақсатымен алып, олардың нысаналы мақсатын өзгерту арқылы, Жер кодексінің 44-1- бабында (кент, ауыл шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру) және 48-бабынды (Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта (аукциондарда) алу) көзделген талаптарды айналып өтіп, құрылыс салу мақсатымен алу ниеті болған. Сондықтан Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 8-бабына сай оның құқығы қорғалуға жатпайды деген апелляцияық сот алқасының тұжырымы орынды болып табылады.
Соттың басқа да келтірген негіздемелері сот актісінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 сәуірдегі шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Кайрат Мухамедович Сарсенгалиевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.