Қ А У Л Ы
2026 жылғы 18 ақпан №6003-25-00-2к/5080 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.А.Даненова, А.Б Токсанбаев.,
талап қоюшының өкілі К.Б.Арын,
жауапкер Е.Б.Ермахановтың өкілі Н.С.Харченко,
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің «ALMOBI Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және Ербол Болатович Ермахановқа берген кепілге салынған жылжымайтын мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысына жауапкер Е.Б.Ермахановтың келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
«ALMOBI Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (осыдан әрі - ЖШС) Жетісу облысы Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында тіркеу есебінде тұр. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (осыдан әрі - Комитет) ЖШС-і уәкілетті экономикалық оператор ретінде бекітілген.
2021 жылы 1 қыркүйекте «ALMOBI Group» ЖШС-нің (уәкілетті экономикалық оператор) кедендік бажды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету мақсатында Комитет (кепіл ұстаушы) пен Е.Б.Ермаханов (кепіл беруші) және «ALMOBI Group» ЖШС-і арасында кепіл шарты жасалған, оған сәйкес кепіл беруші жалпы құны 1 153 539 000 теңгені құраған келесі мүліктерді кепілге берген:
-Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Бозайгыр ауылдық округінің әкімшілік шекарасы мекенжайында орналасқан, жалпы алаңы 96,6000 га, кадастрлық нөмері 01-012-040-891, бағалау құны 357 323 000 теңге жер телімі; -Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Бозайгыр ауылдық округінің әкімшілік шекарасы мекенжайында орналасқан, жалпы алаңы 165,2000 га, кадастрлық нөмері 01-012-040-892, бағалау құны 611 075 000 теңге жер телімі;
-Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Бозайгыр ауылдық округінің әкімшілік шекарасы мекенжайында орналасқан, жалпы алаңы 50,0516 га, кадастрлық нөмері 01-012-040-1376, бағалау құны 185 141 000 теңге жер телімі.
Комитеттің мемлекеттік кірістер департаменті «ALMOBI Group» ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2022 жылғы 24, 27 қаңтардағы және 1 ақпандағы хаттары негізінде жоспардан тыс кедендік тексеріс жүргізіп, тексеріс нәтижелері туралы №2 акт жасаған.
Осы актіге сәйкес 2022 жылғы 8 сәуірде мемлекеттік кірістер департаменті «ALMOBI Group» ЖШС-не жалпы сомасы 23 029 767 801 теңге кедендік
баждарын, салықтарын, арнайы демпингке қарсы өтемақы баждарын, айыппұл пайыздарын (бұдан әрі - КБжС) төлеу туралы хабарлама шығарған. «ALMOBI Group» ЖШС-і хабарламаны шағымдамаған, сондай ақ есептелген КБжС қарыздарын төлемеген.
2022 жылғы 30 мамырда «ALMOBI Group» ЖШС-не қатысты КБжС бойынша қарыздың өтелмегені туралы №19 хабарлама шығарылған, бірақ борышкер хабарламаны белгіленген мерзімде орындамаған.
Комитет Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 12 тарауына сай борышкерге салық қарыздарын өндіріп алу шаралары мен тәсілдерін қолданып, нәтижесінде борышкерден 284 948 016 теңге өндіріліп алынған.
Жетісу облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 18 ақпандағы шешімімен «ALMOBI Group» ЖШС-і банкрот деп танылған. Сот шешімі заңды күшіне енген.
Комитет талап қоюында соттан борышкер «ALMOBI Group» ЖШС-нің қарызына қатысты кепіл беруші Е.Б.Ермахановтың кепілге қойған мүліктерінен өндіруді қолдануды сұраған.
Ақмола облысы Шортанды аудандық сотының 2023 жылғы 3 қарашадағы шешімімен Комитеттің талап қоюы қанағаттандырылған, «ALMOBI Group» ЖШС-нің қарызы кепілге қойылған мүліктен өндіріп алу қолданылған. Жауапкерлерден ортақ тәртіппен жергілікті бюджетке 810 079 920 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Шешімнің сот шығындарына қатысты бөлігі өзгертіліп, «ALMOBI Group» ЖШС-нен және Е.Б.Ермахановтан үлестік тәртіпте мемлекеттік бюджетке 34 606 170 теңге мемлекеттік баж, әрқайсысынан 17 303 085 теңгеден, өндірілген.
Кассациялық шағымында жауапкер Е.Б.Ермахановтың өкілі жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерін мемлекеттік бажды жауапкер Е.Б.Ермахановтан өндіру туралы бөлігінде күшін жойып, сот шығындарын толығымен борышкер «ALMOBI Group» ЖШС-не жүктеуді сұрайды.
Жауапкердің және талап қоюшының өкілдерінің кассациялық шағымды қолдайтын пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сот алқасымен заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 317бабының 1 - бөлігіне сай борышқор өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
Соттар заңның осы нормасын қолдана отырып, «ALMOBI Group» ЖШСнің кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерін орындамағаны себепті қарызды кепіл мүліктен өндіріп алуды заңды негізде қолданған. Сот шешімі қарызды кепіл мүліктен өндіру туралы бөлігінде шағымдалмаған. Кассациялық шағымда жауапкер Е.Б.Ермаханов даудың борышкер «ALMOBI Group» ЖШС-нің кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерін орындамауынан туындағанын, өзі талапты мойындап, қанағаттандыруды сұрағанын көрсетіп, сот шығындарын толық осы жауапкерге жүктеуді сұрайды. АПК-тің 109 бабының 1 бөлігіне сай, сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығындарын басқа тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығындар талап қоюшыға – талап қою талаптарының сот қанағаттандырған мөлшеріне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.
«Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №9 нормативтік қаулысының 10 - тармағына сәйкес егер берешекті өндіріп алу туралы сот актісі болған жағдайда кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы жеке талап мәлімделсе, оған мемлекеттік баж мүліктік емес сипаттағы талап ретінде салынады. Берешекті өндіріп алу және кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы талаптар бір мезгілде мәлімделген жағдайда, мемлекеттік баж мөлшері әрбір талап бойынша жеке айқындалады. Берешекті өндіріп алу туралы сот актісі болмаған кезде кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы талап бойынша мемлекеттік баж мөлшері берешек сомасынан, бірақ кепіл туралы шартта көрсетілген мүлік құнынан аспайтын сомада айқындалады.
«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 18 тармағында бiрнеше жауапкер бар iстер бойынша шешiмдер шығару кезiнде олардан сот шығындары ортақ қатынаста емес, үлестiк қатынаста өндiрiлiп алынатыны түсіндірілген.
Кепіл туралы шартта көрсетілген мүліктің құны 1 153 539 000 теңгені құрайды, тиісінше 3% мемлекеттік баж мөлшері 34 606 170 теңгені құрайды. Екі жауапкерге үлестік тәртіппен теңдей бөлген кезде әр жауапкерге 17 303 085 теңгеден бөлінеді. (1 153 539 000 теңге – мүліктің кепіл құны х 3% = 34 606 170 : 2 =17 303 085).
Жауапкер Е.Б.Ермахановтың даудың борышкер «ALMOBI Group» ЖШСнің кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерін орындамауына байланысты туындағаны, ол туралы талап қоюшы хабарлама берген кезде бірден мойындап, қарызды кепіл мүліктен өндіруді ұсынғаны, яғни өзінің кінәсі жоқ екені, сондықтан сот шығындары толық борышкерге жүктелуі тиіс екені туралы уәжі негізсіз, себебі Е.Б.Ермаханов кепіл шартына қол қойған кезде ол шарттан туындайтын жағымсыз салдарына қатысты жауапкершілік алған, сондықтан сот шығындарын борышкермен бірге көтеруі тиіс. Оны сот шығындарынан босатуға АПК-тің 109 бабында ескерілген негіздер жоқ.
АПК-нің 427-бабы алтыншы бөлігіне сәйкес сот шығыстарын бөлу туралы мәселенің шешілмеуі немесе дұрыс шешілмеуі сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту үшін негіз болып табылмайды. Сот шығыстарын бөлу қаулының қарар бөлігінде көрсетіледі.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында айтылған, оларға соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.